Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ардагерлерімен кездесу


26 июля 2021, 04:08 | 1 412 просмотров



Талдықорған гарнизонында Қорғаныс министрлігінен генерал-майор Дәулет Оспановтың, Қазақстан Ұлттық ұланынан генерал-майор Әлібек Сералиевтың және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен полковник Серік Рахимовтың ардагерлерімен кездесуі өтті.

Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде өткен кездесуге облыстық Ауған соғысы, Тәжік-ауған қақтығысы, Таулы Карабах қақтығысы, Семей ядролық полигоны және Чернобыль апаты бойынша төрағалары мен мүшелері қатысты. Сонымен қатар, кейінгі жылдарда Қарулы Күштерінен зейнетке шыққан ардагерлер де келіп өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарымен бөлісті.

Кездесуде арнайы келген қонақтарға көптеген түрлі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

- Қорғаныс министрлігінде ардагерлердің сұрақтарын қарастырып тиісті шешімдер қабылдау мақсатында комиссия құрылды. Осы мақсатпен біз Қазақстанның әр қалаларында болып ардагерлермен кездесу жұмыстарын жүргізіп келеміз, - деді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов.

Аталған кездесуге көші-қон және әлеуметтік қорғау, еңбек комитеті, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету басқармасы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының лауазымды тұлғалары да қатысып өздеріне тиесілі сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар, осы кездесуде облысымыздың өскелең жастарына әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жандандыру қажеттілігі туралы да сөз қозғалды.

Айта кетсек, кездесуде ардагерлерге Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» заңы жан-жақты түсіндірілді.

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі