Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жастары бар жалынды, алымды һәм қарымды


16 июля 2021, 05:07 | 2 008 просмотров



«Жасыңды көрсет, болашағыңды бағамдайын» деген сөз бар ежелден жеткен. Бізге дейін айтылған тәмсілдің астарына үңілсек, бүгінгі жас қандай болса, ел ертеңі де сондай болмақ деген ұғым жатыр.Бәз біреулер «Жастар бұзылып барады» деген жазба сонау бес мың жылдан астам уақыт бұрын Мысыр пирамидасының қабырғасына жазылыпты. Жастар шынын да бұзылып барады» деуі де мүмкін. Жалпы, жастар жайында «бұзылды, өзгерді, кейін кетті» деген сарындағы әңгімелер аға буынның аузынан жиі шығады емес пе?! Себебі, жастар прогресс. Ал прогресс еш уақытта кейінге шегінбейді. Жаңадан тың дүние тауып, басқа қадамдар жасайды. Өйткені жас сөзінің төркіні жаңа дегенмен астасып жатыр. Мұнымен не айтпақпыз? Бүгінгі мақаламыздың нысанында аудан жастарының әлеуеті, қарымы һәм қабілеті сарапқа салынбақ.

Жастар белсенділігі көз қуантады
Шынтуайтыны керек, Қаратал ауданының жалпы тұрғын саны 48 мыңға жуық болса, оның төрттен бірін жастар құрайды. Шамамен өлкеде он мыңнан аса жас бар. Осыдан-ақ, аудан үшін жастардың үні маңызды екенін аңғару аса қиын емес. Бұл санның 5478-і ауыл жастарына тиесілі. Демек, ауыл жастарының саны соншалық. Ал, 4692 жас қала тұрғындарының санатында. Қазіргі таңда осынша жастың ішінде 160-ы ғана жұмыссыз болып тіркелген. Демек, ауданның жастары әлеуметтік белсенді, жалынды һәм алымды. Мұнан өзге өлкеде «инемен құдық қазып», болашақ мамандығының тұтқасын қалап жүрген 317 студентті қоссақ, жастардың белсенділігі жайлы сөз қозғамау әбден әбестік болар. Аудан жастарының көшбасшысы Нұржан Рахметқазынов өлкедегі жастар белсенділігі толайым тірлікке бастап жүргенін айтады.
– Біздің миссиямыз –барлық жасқа табысқа жету жолын ашу және Қазақстанның өткенін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру. Елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаhандық тұрақсыздықтың негізгі қауіп-қатері – жұмыссыздықтың өсімі. Іс жүзінде жұмыспен қамту мемлекеттік те, сала аралық та, барлық елдегі жүзеге асырылатын бағдарламаларды қамтуы тиіс, сондай-ақ бір бөлігін ғана емес, тұтастай қамтылуы қажет», - деген еді. Бүгінде аудан жастары арасында үш маңызды мәселені шешуге атсалысып келеміз. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздық. Жастар үшін бұл ауқымды мәселе. Бүгінде ел президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды жан-жақты ақпараттандыру және жастарға жете түсіндіру арқылы мәселені түбегейлі шешпекпіз. Екінші еңбекке әлеуметтендіру тетігі және мектеп түлектеріне жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру. Бұл бағыттарда да ауқымды тірліктер, толайым жұмыстар атқарудамыз, - деді «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» жетекшісі Н.Рақметқазынов.
«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», - деген еді ел президенты Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Шыны сол, аудан жастары белсенділігі көңіл серпілтеді.
Жыл басынан бері «Қаратал аудан жастар ресурстық орталығына» 14-29 жас аралығында 72 жас кеңес сұрап келген. Кеңес сұрағандардың ішінде 39-ы жұмысқа орналасу жайымен, 23-і баспана мәселесімен, 5-еуі кәсіп ашу мәселесімен орталыққа атбасын бұрған. Сондай-ақ, 5 аудан жасы мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар жайында кеңес алған.
Жыл басынан бері «Қаратал ауданы жастар ресурстық орталығы» 100 әлеуметтік шара өткізіпті. Оған ауданның мыңнан аса жасы қатысқан. Атап айқанда 28 шара азаматтық-патриоттық бағыт бойынша ұйымдастырылса, 17 шара рухани-адамгершілік бағытын қамтыған. Сондай-ақ, көшбасшы жастар ұйымдастырған шаралардың 10-ы «Жасыл ел» бағдарламасын, 7-еуі отбасы тәрбиесін, 14 салауатты өмір салтын, 16-сы әлеуметтік салалардағы жұмыстарды насихаттауға бағытталған.
- Аудан аумағында жастардың достық қарым-қатынасын ұлғайту, жастардың уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру, қоғамның әлсіз топқа деген мейрімділігін көрсете отырып, қоғамдағы теңдікті сақтау, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні бар құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі емес діни жат ағымдарға жастардың, жұмыссыздардың тартылуының алдын алу бағытында тиісті ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Аудан жастарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында өте жиі спорттық, мәдени іс-шаралар мен акция, форумдар өткізіледі.Жастардың патриоттық сезімдерін ояту аясында үздіксіз арнаулы шаралар жүргізіліп отырады, атап айтқанда аудан көлемінде «Мейірімді істен қалт қалма» «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары үздіксіз ұйымдастырылады, - деді «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» жетекшісі Н.Рақметқазынов.

Жастардың мәселесі шешімсіз емес
Әлеуметтік желінің пайдасымен қауіпі қатар жүреді. Өйткені желіні бақылау мүмкін емес. Әркімнің есінде болар Сириядағы қантөгіске еліміздің жастары судай ағылды. Сол уақытта желі арқылы арампиғылдылар жастардың санасын әбден улап келді. Одан бөлек қайбір жылдары желі арқылы елді алаңдатқан«Көк кит» ойыны да бір мәрте дүр сілкіндірді. Осындай жайларды ескерген ауданның көшбасшы жастары әлеуметтік желілермен жұмысты күшейткен.
Жалпы, «Қаратал ауданы жастар ресурстық отралығының» және 9 ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушыларының интернет желісінде жеке парақшалары ашылған. Атап айтқанда Facebook, ВКонтакте, Instagram желілерінде республика, облыс, аудан және ауылдық өңірлерде өткізіліп отырған шаралар жүктеліп, әрдайым жаңартылады. Интернет желісіне спорттық, мәдени, акциялар мен форумдар және кездесулер жайлы ақпараттар үнемі жарияланады. Экстремизм, терроризм терминдеріне түсінік беру мақсатында «Армандар қайда апарады», «Деструктивті секталар», «Бейбіт өмір мен жанұяға қатер», «Экстремистер интернеттегі жастарды қалай қабылдайды», «Сен және сенің болашағың» сынды тақырыптарда жадынамалар, алгоритмдер, демотиваторлар жастар ресурстық орталығының және ауылдық округтердің әлеуметтік желілеріне тұрақты жүктеледі екен.
- Жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өсуі, жастар арасындағы салт дәстүрлер мен рухани құндылықтардың құлдырауы, жас ұрпақтың білім алу деңгейінің төмендеуі сияқты мәселенің өршуіне әкеп соғады. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында жұмыссыз жастарды қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ілкімді тірліктеріміз бар. Халықты жұмыспен қамту орталығы, дін өкілдері, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғаушылардың қатысуымен жыл басынан бері семинарлар, кездесулер, дөнгелек үстелдер, бос жұмыс орын жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады, - деді Нұржан Нұрланұлы.
Бүгінде «Қаратал ауданы жастар ресурстық отралығының» желіде біршама оқырманы бар. Мәселен, Facebook парақшасына 5000, ВКонтакте 2521, ал Instagram желісіне 1640 оқырман тіркелген. Еліміздегі пандемиялық ахуал кезінде осы желі оқырмандарының көмегімен ауқымды жұмыстар атқарылған.

Құқықтық сауаттылық – жастарға бағдаршам
Жастар арасында қылмыстың өршуі жиі мінберден көтеріледі. Жоғарыда сала жетекшілері айтқандай, атаулы санаттағы құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында ауданда біршама жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың 19-25 мамыр аралығында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын-алу мақсатында білім бөлімі қызметкерлері, мектеп ұстаздары мен құқық қорғаушылармен бірлесіп Жасөспірім» атты рейдтік шара өткізген. Шара барысында түнгі уақытта компьютерлік клубтарда, кафе-мейрамханаларда, ойын-сауық орындарында, саябақтарда көпқабатты үйлердің ауласына бей-берекет жүрген жастарға кеңес беріліп, кәмелеттік жасқа толмағандарды ата-анасына жеткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Бірақ, рейд барысында ешқандай құқық бұзушылық болмағанын айтады шараға қатысушылар. Есесіне, дүкендер мен мейрамхана әкімшіліктеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, жастар арасында аса өзекті болып тұрған өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін мүлдем болдырмау мақсатында ауқымды жоспар құрылып, жастар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жоспар негізінде аудан мектептерінде оқушылардың агрессивті күйін қауіпсіздендіру, өзіне-өзі бақылау дағдыларын дамыту, баланың жағымды «Мен» бейнесін қалыптастыру, психокоррекциялық жұмыстар басты назарға алынған. Аудан мектептерінде «Құқықтық тәртіп», «Өмір неткен керемет!» тақырыптарында сынып сағаттары жүргізілді және «Өз өмірің - өзіме құнды» тақырыбында дөңгелек үстел өтсе, 2021 жылдың 12-16 сәуірі аралығында аудан мектептерінің сынып жетекшілері арасында «Біздің болашағымыз сенімді жастар» атты тақырыбында семинар ұйымдастырылған. Наурыз айында мектептерде білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес суицидтің алдын алу бойынша «Кешігіп қалмаңыз! Балаңызға керекті ақпаратты уақытында беріңіз», «Толыққанды салауатты өмір сүріңіз» және «Баланың қасында болыңыз!» тақырыптарында ата-аналар жиналысы өткен.

Әлеуметтік бағдарламалар мәселелердің шешімі
«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», - деген еді ел президенті. Бүгінде «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» елімізде жүріп жатқан әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда және насихаттауда тың бастамалар көтеріп жүр. Мәселен, жуырда «Жас Отан» Жастар қанаты, «Халықты жұмыспен қамту орталығы» және Бастөбе сервистік техникалық колледжі «Nur Otan» партиясының «Сәтті қадам» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында меморандум жасасқан. Меморандумның басты бағыты – жоғары білім мен жетім балалар арасында техникалық және кәсіптік білім беру, түлектерінің жұмыспен қамту.
Сондай-ақ, қалада оқып, диплом алған жастарды ауылға тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жайында жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Жастарды еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» жайында жастар көзқарасын қалыптастыру бағытында жыл басынан бері оншақты шара ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде үстіміздегі жылдың шілде айына«Жасыл ел» бағдарламасы аясында 50 жас маусымдық қызметке орналасып, 1 тонна тұрмыстық қалдық, 350 метр арық тазартылса, 100 жуық ағаш әктелген. Сондай-ақ, жуырда ғана Жасыл ел еңбек жасақтары «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғыз басты қарт Ли Евдокияның шаңырағында болып, үй шаруасына жәрдемдескен.

Автор:
М.Мақсым