Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Береке-бірлігі жарасқан ауыл


16 июля 2021, 05:04 | 1 062 просмотра



Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да ауылдан бастау алады. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылдарымызда сақталып келеді. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Осы орайда қазақты ауылсыз елестету қиын. Қазақтың кіндігі ауылға байлаулы. Мұны ескерген мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтқан еді. Осы мақсатта Елбасы «Ауыл - ел бесігі» жобасының басталғанын жариялаған еді. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», - деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Еліміздегі оңтайлы жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар тың өзгеріске жол ашты. Ауыл шаруашылығы өндірісі өркендеп, ауылдық тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін жобалар іске асырыла бастады. Себебі нарықтың нар көтермес ауыр жүгі, ең алдымен, ауылдарға салмақ салған еді. Жекешелендіру кезінде бұрынғы колхоз бен совхоз таратылды. Мал мен жерді жекешелендіріп алған кейбір жаңа қожайындар нарық заңын толық игере алмай титықтады. Ауыл шаруашылығы саласының тозығы жеткен техникасы өндіріп жұмыс жасап, мол өнім алуға мүмкіндік бермеді. Ауылдағы мәдениет үйлері, кітапханалар мен балабақшалар бірінен соң бірі жабылып, есігіне қара құлып ілінді. Ал орталықпен байланысатын жолдар шұрық тесік болып, күрделі жөндеуді күтіп тұрды. Осы бір қордаланған мәселелерді ретпен шешу үшін мемлекет кешенді жобалар мен бағдарламалар жасауы керек болатын. Елбасының көреген саясатының арқасында ауыл мәселесін шешуге арналған іс-шаралар дер кезінде жасалды. Соның дәлелі – 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы» мемлекеттік бағдарламасы, 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының қабылдануы. 2019 жылдан бастап қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге одан әрі үн қоспақ.

Маңайы абат, ырысы қабат
Міне, осындай ауқымды шаруалардан қалыс қалмай, мемлекет жасақтаған түрлі әлеуметтік бағдарламалар негізінде тың тынысын ашып, өркендеуге бет алған ауылдардың бірі – Елтай ауылдық округі. Аудан орталығынан 27 шақырым, облыс орталығынан 29 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округте 1302 тұрғын бар. Негізгі тіршілігін мал және егін шаруашылығына негіздеген ауыл тұрғындарының жайы жақсы, тұрмысы қалыпты, түтіні түзу. Қаражиде және Сарыбұлақ атаулы елді мекендерді құрамына алған ауылдық округтің жер көлемі 30407,25 гектар болса, оның 667,3 гектары егістікке, 29522,9 гектары жайылымдыққа, 28 гектары шабындыққа негізделген.
Елтай ауылдық округінен талай дүлдүл, талай тұлпар, талай ер шықты десек артық айтқандық емес. Еліміздің жоғарғы наградаларының бірі «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Смаилов Жексембіұлы осы ауылдың тумасы. Талғат Уалиев, Жеңіс Смаилов, Айжан Разбекқызы, Сәбит Айтжанұлы, Акпар Қасейінұлы сынды азаматтар ауылдың гүлденуіне септесіп жүрген тұлғалар. Қалай дегенмен «Батыр туса - ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» деген тәмсілдің астары осындай азаматтарға әкеп тірейтіндей. Мұнан өзге, ауылдық округ әкімдігінің жанынан ауылдағы ағайынның жайына болысып, тұрғындардың ауыз бірлікте, тұтастықта, ынтымақтастықта тірлік етуге ақсақалдар алқасы мен әйелдер кеңесі қатар тыңғылықты біраз шаруаны еңсеріп жүр. Бастысы қос қоғамдастық бірлестігі баба жұрттың салып берген қазақы мәдениеттің бұзылмас қаймағын сақтап отыр десек артық айтқандық емес.
Елтай ауылдық округінде қоғамдық тәртіп сақталған. Турасын айтқанда тәртіп бұзатындар жоқ мұнда. Мұндай шаруаны еңсеруге ақсақалдар алқасы және әйелдер кеңесімен қатар учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті аса қадағалап отыр. Ауылдық округ әкімі Талғат Уәлиев бірлігі мығым, тыныштығы қалыпты ауылға бақ-береке орнайтынын айтады.
- Тыныштық пен бірліктен асқан байлық жоқ. Бүгінде ауылымыз көркейіп, көріктеніп келеді. Қазір пандемиялық ахуалда тұрғындардың саулығына аса мән береміз. Ауылдық округте мобильдік топ жұмыс істейді. Олар елді мекендердегі санитарлық нормалардың сақтауын қатаң қадағалайды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын толғандырған сауалдарын қабылдайтын «мобильді ауыл» whatsapp чатымыз бар. Сонда ауыл халқымен емен-жарқын сөйлесіп тұрамыз. Толғандырған сауалдарына жауап беріп, бағыт-бағдар беріп жүрміз. Жалпы, ауылдың жағдайы жақсы. Мұның бәрі бірлікпен тірлік еткеннен. Шыны керек, қай кезде де ауылымыз мемлекет қарауынан қалыс қалған емес. Ел президенті Қ.Тоқаев «ауылдағы ағайынның қолайлы ортада өмір сүруі тиіс», - деген еді. Біздің ауылдық округ тұрғындарының қолайлы ортада өмір сүруі үшін бар жағдайды жасап келеміз. Бастысы, ауыл – қазақтың алтын бесігі, оған бәріміздің кіндігіміз байлаулы. Ал, ауыл гүлденсе – мемлекет гүлденеді. Гүлденген ауылды көргісі келетіндер, Елтай ауылдық округіне келсін, - деді Т.Рапықұлы.

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді
Жоғарыда Елтай ауылдық округінің тұрғындарының саны 1302 адамға жеткенін жаздық. Оның ішінде экономикалық белсендісі 866 адам болса, 340 тұрғын өз-өзін жұмыспен қамтығандар қатарында екен. 15 ауыл тұрғыны жұмыссыз болса, 7 отбасы жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік жәрдемақы алады екен.
Ауыл тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету үшін бір фельдшерлік және бір медициналық пункт халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді екен. Бүгінде қос медициналық құрылымның ақ халатты абзал жандары елдегі пандемиямен күреске ден қойып, халықты санитарлық талаптарды сақтау қажеттігі жөнінде ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұнан өзге ауыл тұрғындарының денсаулық шағымдары бойынша үздіксіз қызметі тағы бар.
Елтай ауылдық округінде Қаражиде және Сарыбұлақ елді мекендері бар болса, тиісінше мұнда екі мектеп бар. Қаражиде ауылында Елтай атындағы орта мектеп пен Сарыбұлақ бастауыш мектебі. Қос мектеп те замана көшіне сәйкес білімді ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып келеді. Елтай атындағы орта мектепте 192 оқушы білім алады. Мұнда бар жағдай жасалған. Мәселен, «Жұмыспен қамту 2020» Жол картасы» бағдарламасы аясында мектеп ішіне дәретхана салынса, қыста мектеп пеллет биоотынмен жылытылады. Сарыбұлақ бастауыш мектебінде 21 оқушы білім алса, бұл мектеп те қажетті жабдықтармен толық қамтылған, бүгінде қатты отынмен де қамтамасыз етілген. Мұнан өзге ауылдық округтегі мектепке дейінгі балалар 25 орынға арналған «Ердауыс» балабақшасына барады.
Мәдениет саласы бойынша да ауылда біршама ауыз толтырып айтар тірлік бар. Мәселен, елді мекенде 2 мәдениет қызметкері мен 1 кітапханашы аудандық, облыстық байқауларға қатысып, ауылдың атын шығарып жүр. Шынтуайтыны керек, былтыр және үстіміздегі жылы ауылдағы барлық мәдени шара онлайн өтіп, мерекелік кештер де тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауымен өтуде. Ауылдағы мәдениет үйі жанынан «Балауса» би тобы құрылған. Онда бір би үйретуші хореограф ақылы қызметпен жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауыл балаларының ұлттық аспаптарды меңгеруі үшін домбыра үйірмесі ұйымдастырылған. Тағы бір айта кететін жайт, Қаражиде ауылында орналасқан Ұлы Отан соғысына аттанып, қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
- Ауылдың негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы. Халық мал өсіріп, егін егумен айналысады. Халықтың жайылымдық жерге мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында, 2021 жылдың ақпан айында Елтай ауылдық округі әкім аппаратына 1500 га жайылымдық жер заңдастырылып алынды. Әрдайым ауыл азаматтары өкілдерімен жиындар өткізіліп, жаздық мал табындары, малды жайлауға, тау жайылымына бағу, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру, көшелердің жөнделуі сынды тағы да басқа ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселелер қаралып, шешілуде. 2019-2021 жылдарға арналған аймақтарды дамыту жоспары бойынша 2021 жылға қаражат бөлініп, Қаражиде ауылының орталығына балалар ойнайтын алаң салу жоспарлануда, - деді ауылдық округ әкімі.
Жыл сайын ауылдық округте көктемгі санитарлық тазалық айлығы өтеді. Тазалық айлығы барысында 40 тонна қоқыс шығарылған. Әр сәрсенбі және сенбі күндері ауыл тұрғындары үйлерінің айналасын, көше бойларын,су жүретін арықтарды тазалап отырады. Сондай-ақ, биыл елді мекенге кіре беріс жолдың екі жағына қатарластырыла көшеттер отырғызылды. Қаражиде ауылына «жасыл мұнай өсімдігі» деп танылған 50 түп павлония ағашы отырғызылды. Бұл ағаштың тиімділігін әлдеқашан Еуропа мойындаған. Қарабайыр ағаштың 10 жылда жететін биіктігі мен қалыңдығын, жасыл-желектігін 2-3 жылда беретін павлония ағашы ауылға шынын да көрік беріп тұр. Сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылы, Раев көшесіне 15 түнгі жарық шамы орнатылған.
Ауылдық округ тұрғындарын таза сумен қамту шаруалары барынша игерілуде. Қаражиде ауылы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Ауыл тұрғындарының үйлеріне ауыз су толықтай кіргізілген. Ал, Сарыбұлақ ауылына орталықтандырылған ауыз су желісін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, 2022 жылы жүргізіледі деп күтілуде. Ауыл тұрғындары үшін жол мәселесі аса өзекті емес. Округ 15 көшеден тұрады.Оның 12 көшесі асфальт.

Ата кәсіп елдің несібесіне айналған
Елтай ауылдық округінің тұрғындарына тиесілі 3900 бас мүйізді ірі қара, 14550 бас уақ мал, 1500 бас Қамбар ата тұқымы және 63 бас түйе тіркелген. Сондай-ақ, 8935 құс тіркелген. Елді мекендерде 7 жеке кәсіпкер, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 70 шаруа қожалық өз кәсібін дөңгелетуде. Жыл басынан бері 6 шаруа қожалық асыл тұқымды бұқалар алып, малды асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Округтің 29500 га жайылым жері бар. Бүгінгіде сырттағы жайылым жерлер тегіс игеріліп, тау жайылымына және ауыл маңындағы жайылымға 1640 бас ірі қара және 11100 бас ұсақ мал, 1280 бас жылқы шығарылды. Ауылдағы жекеменшік малға бақташы шығарылып мал бағу бір жүйеге келтірілді, мал басына 2000 теңгеден төленіп, екі адам жұмыспен қамтылды.
Ауыл тұрғындары үстіміздегі жылы 150 гектарға жаздық бидай, 200 гектарға жүгері, 91 гектарға майбұршақ, 102 гектарға арпа, 17 гектарға күнбағыс еккен. Тұрғындар өнім жақсы дегенді айтады. Ал, «Нұр» шаруа қожалығы 90 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Шығым жаман емес. Елтай ауылдық округінің егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін су келетін сыртқы және ішкі каналдарды құм-қайырлардан тазалау үшін «ҚазСуШар» мекемесімен 2020 жылы ақпан-наурыз айларында келісім шарт жасалып, 18,5 км бақшалық су жүретін канал тазартылып, 8 су бөгейтін құрылғы орнатылған.

 

Автор:
М.Мақсым