Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауданның кәсіпкерлік әлеуеті артып келеді


16 июля 2021, 05:02 | 1 656 просмотров



Шағын және орта кәсіпкерлік қай елде болмасын экономиканың драйверіне айналған. Мұны түсінген көптеген дамушы һәм дамыған елдер кәсіптің бұл түрімен айналысатын тұрғындарына бар жағдай жасап әлек. Салықтан босату, төмендетілген пайызбен несие беру, заңдық-құқықтық тұрғыда тиісті құрылым тарапынан жәрдемдесу сынды көмектерден кенде қылмайды. Өйткені, экономиканың локомотивінің жүрісінен жаңылмауына жағдай істеу керек.

Бұл аталған жайды бағдарлау үшін алысқа шабудың қажеті жоқ. Қоңсы жатқан аспан асты елінің экономикасына назар аударсақ жеткілікті. Қырық-елу жыл бұрын шағын және орта бизнесті дамытуға барынша мүдделі болды Қытай үкіметі. Кәсіппен айналысамын дегендерге барлық есікті ашып берді. Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие қарастырылды. Ашығын айту керек, елімізде әрбір тұтынатын тауардың төркіні сол аспан асты елінің экономикалық бумының нәтижесі деп түсінсек болады. Нақты айтқанда, базардағы құлақ тазартатын мақталы таяқшадан бастап, балалар ойыншығы мен түрлі тұрмыстық тауарларды Қытайдың шағын және орта кәсіп иелері жеткізіп беруде. Жалпы, аспан асты елінің бұл саласы әлемді тұтас шарпып отыр. Содан болар, Қытай экономикасы әлемдік деңгейде әбден мойындалды.
Қазақстан экономикасы да соңғы жылдарда өзінше өркендеуді бастан кешіруде. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері әртүрлі деңгейдегі реформалар даму динамикасын төбеге әуелетті. Нарықтық экономикаға жаңа қадам басқан Қазақстаннан мұндай өрлеуді әлемдік алпауыттар күтпесе керек. Онысы да түсінікті, кеңестік идеологияның құрсауынан шыққан елдердің болашағы бұлыңғыр болады деген ойда болғаны ақиқат. Бірақ, Қазақстан өзінше даму сатысын қалыптастырып, ел экономикасын нығырлай түсті. Оған себепші болған кәсіпкерлік саласы.
Шынтуайтыны керек, КСРО құрамында болғанда Қазақстан экономикасы тек шикізат базасы болумен шектелді. Елдегі өндірістер шикізатты даярлап, Ресей және Украина, Балтық елдері аумағындағы зауыттарға жөнелтіп отырды. Ал ел тәуелсіздікке қол жеткізгенде шикізат базасы болу әрқилы қиындықтарға итермеледі. Дайын өнім болмаған соң, шикізатқа сұраныс аса бола қойған жоқ. Елбасы Н.Назарбаев тиісінше шешімдер шығарып, дайын өнім даярлайтын өндірістер құруға қадам жасалды. Кеңес дәуірінде ине шығармайтын ел бүгінде жеңіл көліктен бастап, ірі ауылшаруашылық техникалар, ұшақтар құрастыратын елге айналды. Бұл ел экономикасына өзінше бум сыйлады.

Кәсіпкерлік – экономика тірегі
Соңғы жылдары елге құты мен жерге нәрін беріп тұрған Қаратал өзенін жағалай орналасқан өзен аттас ауданның кәсіпкерлік саласы өңірдің экономикалық динамикасына оң әсерін тигізуде. Мәселен, ауданның өнеркәсіп саласы 2020 жылы 20851,9 млрд. теңгедей табыс түсірсе, үстіміздегі жылдың жарты жылында 891,2 млрд. теңге пайда әкелген. Мұның өзі елдің тартына жүріп, тұрмысты пандемиялық ахуалға бейімдей жұмыс істеудің нәтижесі. Әйтпегенде, ауданның өнеркәсіп өндірісі әлдеқайда көп болуы керек еді. Негізі биылғы нәтиже 2937,5 млрд теңгені құрап отыр. Сала мамандары бұл көрсеткіш жыл соңына дейін артығымен орындаларына сендіріп отыр.
Жалпы, 2020 жыл жер шарындағы мемлекеттердің экономикасына ауыр соққы жасаған жыл болды. Шекараны жауып, адамдардың қарым-қатынасын шектеген пандемия экономикаға өз әмірін жүргізді. Тауар айналымдары біршама кедергіге тап болды. Экономика өзегі тауар айналым деп білсек, соққының төркіні сол еді. Шыны керек, пандемиялық дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпеді. Дәрі-дәрмек тапшылығы сынды өзге тауарлардың да тапшылығы айқын сезілді. Соның салдары болар, 2021 жылдың алғашқы айларынан бастап тапшылық пен қымбатшылық құлағын қылтитып бой көрсете бастады. Ел үкіметі тарапынан қабылданған тиісті шаралардың негізінде біршама шаруа еңсерілді. Баға тұрақтылығы төңірегінде әлі де ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Мұнан өзге, 2021 жыл ауылшаруашылығы саласында едәуір рөл ойнап тұрған құрғақшылықпен де есте қалғалы тұр. Жауынды маусымда жерге тамшының түсуінің сиреуі егін мен мал шаруашылығын тұрмысына арқау еткен кәсіп иелерін біршама тығырыққа да тіреді. Дегенмен, бұл сала өкілдері мемлекет тарапынан жасалған оңтайлы қолдаулардың нәтижесінде кідірістен ілгерілеуге ұмтылды.
Мәселен, Қаратал ауданының кәсіпкерлік саласына жыл басынан бері 1 686,5 млрд. теңге, оның ішінде бюджеттік қаражат есебінен 111,8 млрд. теңге, өзіндік қаражат есебінен 1 036,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал, бұл көрсеткіш өткен жылы 8 887,4 млрд. теңгенің көлемінде болған. Тарқатып айтар болсақ, бюджеттік қаражат есебінен 5 283,1 млрд. теңге инвестиция бөлінсе, өзіндік қаражат есебінен 2 914,7 млрд. теңге, басқа көздерден 689,6 млрд. теңге қаржымен қамтылған. Сала мамандары жыл соңына дейін биылғы көрсеткіш оңтайланатынын алға тартып отыр.
Қаратал ауданында бүгінгі таңда бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бұл жобалар 2021-2025 жылдар аралығында аудандағы өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласын өрістетуге негізделген. Атап айтқанда төрт ірі ивестициялық жоба солардың локомотиві болсақ. Мәселен, «АлматыЭнергоПроджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Күн электр станциясы» жобасы нағыз уақыт тынысынан туындаған бастама десек, артық айтпаған болармыз. Жалпы, әлемдік алпауыт елдер баламалы яғни, қалпына келетін энергия көзін пайдалану арқылы қуат өндіруге басымдық беруде. Жасыл экономиканың өзегі болатын аудандағы «Күн электр станциясы» жобасы толықтай жүзеге асқанда жаңаша мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мұнан өзге ауданда «ТастобеАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Сүт өндіріс кешені» жобасы жүзеге асуда. Жалпы, мал шаруашылығына иек артқан экономиканың ешқашан құлдырамайтынын әлемдік тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген. Себебі де, түсінікті әлі күнге сауда сөрелері шетелдік, нақты айтқанда ресейлік, беларустік сүт өнімдерін өндіруші өндіріс орындарының тауарлары самсап тұр. Ал, елімізде жасалған өнімдердің қажеттілігі әлде қашан туындады. Міне, «ТастобеАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы толық жүзеге асқанда, отандық экологиялық таза өнімге қол жеткіземіз. Мұнан өзге ауданда Секвоя плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еріткіш өндірісі, «Қаратал селекция – гибридтық орталығы» мал өсіру шаруашылығы негізінде ет және шұжық өндірісі жобалары мен 15 кіші инвестициялық жоба жүзеге асуда. Бұл өндіріс орындары уағында аудан экономикасын өрге сүйрейтін болады.
Мұндай көрсеткіштер аудандағы бөлшек тауар айналымында да байқалып отыр. Мәселен, Қаратал ауданы бойынша өткен жылы, яғни 2020 жылы бөлшек тауар айналымының көлемі 10 038,5 млрд теңгенің аймағында болса, үстіміздегі жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 2350,8 млрд. теңгені құрап отыр. Қалай дегенмен, пандемиялық дағдарысқа қарамастан бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселеп өседі. Мамандар солай деп отыр.

Шағын және орта бизнестің өрісі кең
Шағын бизнес кей елдерде ІЖӨ-нің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де олардың тәжірибесін үйрену артық болмайтыны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде «Шағын несие беруді көбейту» көрсетілгені Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын аңғартады. Жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға құлықтылардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал еткені анық.
Жалпы Қаратал ауданында шағын және орта кәсіпкерлік бойынша тауар өндіру көлемі 3046,4 млрд. теңгені құрап отыр. Нәтижесінде бюджетке 98,4 млн. теңге салық түскен. Өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда өсімнің бары байқалады. Қалай дегенмен, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың еш кетпегені байқалады.
Қаратал өзенін жағалай қоныстанған өзен аттас ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің ұзын-саны – 2240. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген ақпарына сүйенсек, бұл санның ішіне 126 заңды тұлға, 999 жеке кәсіпкер, 1115 шаруа қожалық кіреді екен. Мұнан өзге ауданда бойынша 2 әлеуметтік дүкен, оның біреуі ағымдағы жылы ашылды, 5 әлеуметтік бұрыш өз жұмысын жүргізіп келеді. Ал, 2020 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2256 бірлік, оның ішінде 128 заңды тұлғалар, 1031 жеке кәсіпкер, 1097 шаруа қожалық болған. Қалай дегенмен, былтыр пандемиялық дағдарыс бұл саланың да әбден апшысын қуырғанын аңғару қиын емес. Есесіне, аудандағы шағын және орта бизнес өкілдері қиын-қыстау сәтте кәсібін дөңгелетуге тәжірибе жинақтады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Елбасының бастамасымен қолға алынып, әлі күнге жүзеге асып келе жатқан шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары ауданда да іргелі жүргізілуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға аса ден қойылған. Аталмыш бағдарлама өзегінде биыл 32 жобаға 743,3 млн теңге қаралып отыр. Мұнан өзге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша да біршама жұмыстар атқарылған. Биыл бұл бастама арқылы аудан тұрғындарының 7 жобасы мақұлданып, 114,9 млн. теңге қаржыландырылуға бөлінген. Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 жоба қолдау тауып, 109,1 млн теңге қаржы берілген.
Сөз соңында, Қаратал ауданында кәсіпкерлікке қолдау бар. Тек бар емес, бұл саланың өрістеуіне бар жағдай жасалуда. Бүгінде ауданда сүт өнімдерін шығаратын «Үштөбе Айдын», «Үштөбе өнімдері» сынды кәсіпорындары айналысады. Мұнан өзге ауданда Қаратал Балық» ЖШС балық өңдеумен, «Прогресс СМ» ЖШС профильдік бұйымдар шығарумен, «Қамқор» ЖШС сыртқы киімдер шығарумен, «Үштобинский» ЖШС күріш өңдеумен, «Тамас» ЖШС пеллет шығарумен айналысады. Өндірісі өрісті өңірдің қашан да тынысы кең. Бұл кәсіпорындар Қаратал ауданының бренді десек артық айтқандық емес.

 

Автор:
М.Мақсым