Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Халық қалаулысы Ә.Әбсеметова өзекті мәселердің шешу жолымен танысты


16 июля 2021, 05:00 | 1 065 просмотров



Жуырда Қаратал ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова ат басын бұрды. Халық қалаулысы ауданда атқарылып жатқан өрісті тіршіліктермен танысып, Елбасы Н.Назарбаевтың және ел президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді.

Сапар барысында халық қалаулысы Ә.Әбсеметова аудандағы сервистік әкімдік жұмысымен танысты. Ә.Маратқызы халық игілігі үшін жүзеге асып жатқан және «Естуші мемлекет» тұжырымына сай атқарылған жұмыстарға разылығын білдірді. Шынтуайтыны керек, еліміз бойынша сервистік әкімдік бірінші болып осы Қаратал ауданында ашылған еді. Халыққа көптеген мемлекеттік қызметтерді алу үшін жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарына бару өз маңыздылығын әлі де жойған жоқ.
Осы орайда, мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін жергілікті атқарушы органдар ғимараттарында жайлы жағдайларды ұйымдастыру кажеттігі туындаған еді. Шыны керек, «Сервистік әкімдік» жобасы осы мәселені түбегейлі шешуге бағытталған. Себебі, аталған ғимаратта мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті өзін-өзіне қызмет етуге де мүмкіндік қарастырылып, арнаулы бұрыш ұйымдастырылған. Мәселен, өз-өзіне қызмет ету бұрышында үстел, орындық және интернетке қосылған дербес компьютер қойылған. Атап көрсетілгендей мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін қажетті барлық жабдықпенен «Сервистік әкімдік» жобасының ғимараты толығымен қамтылған. Шыны керек, Үштөбе қаласындағы «Сервистік әкімдік» талай өңірге үлгі болды.
- Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін өзгерту қажеттігі айтылды. Қаратал ауданында осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында 2018 жылы сервистік әкімдік ашылған еді. «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы қамтамасыз етуге атсалысатын да осы сервистік әкімдік екенін белгілі. Халыққа барынша қолайлы жағдай туғызуды мақсат ететін мекеме сыбайлас жемқорлық тәуелділігін азайтып, уақытты үнемдеп, жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған. Онда 7 мемлекеттік мекеме мен Үштөбе қаласы әкімдігінің аппараты орналасқан. Бұл жердегі тағы бір ерекшелік, Үштөбе қаласының әкімі өзінің үлкен, кең қабылдау бөлмесі мен хатшысынан бас тартып, халықты өзі тікелей қабылдауға көшті. «Сервистік әкімдіктегі» 7 мемлекеттік мекеменің ішіндегі ең ауқымдысы - жұмыспен қамту орталығы. Жұмыс іздеп келген кез келген адам электронды еңбек порталына өз түйіндемесін қалдырып, елімізде қандай бос жұмыс орны барын біле алады. «Nur Otan» Партиясы Фракциясының мүшесі ретінде осындай жаңа технологиялық қызмет көрсету орындары елдің әрбір елді мекенінде қолға алынса деген тілегім бар, - деді халық қалаулысы.
Әлия Маратқызы үстіміздегі жылдың басында Жетісу өңірінен Парламент Мәжілісіне депутат болып, елдің үнін мінберден көтеруге қадам жасағанын көпшілік біледі. Өзі қаламгер, өзі көп балалы ана мәртебесіне ие халық қалаулысы әрдайым елдің жайына болысып жүретіні тағы бар.
Қаратал ауданындағы сапарда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты әуелі А.С.Пушкин атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысы жайымен қанықты. Бүгінде атаулы мектеп күрделі жөндеуден өтуде.
Алайда құрылысшылар қайта жаңғырту кезінде бірнеше кедергіге тап болған. Аталмыш нысан тек күрделі жөндеуді емес, сейсмо тірек жасау керегі анықталған. Аудан басшысы Е.Исабеков, бұл жұмыстар үшін қаржы бөлінгенін, нысанның қайта жаңғыртуына жаңа жоба жасақталғанын алға тартады.
- Бұрын бұл мектептің іші салқын болған. Тиісінше, ата-аналар да мұнда балаларын оқытуға құлықсыз-тын. Мектепте оқуы тиіс 1200 баланың орнына 260 бала білім алған. Осы күрделі жөндеуден соң білім шаңырағы жарқырай түспек. Жобаға сай жылу орталығы салынады. Құрылыс барысында жылу үнемдеу материалдары пайдаланылады. Шыны керек, қаншама уақыт жөндеу көрмеген мектепті заман талабына сай жаңғыртпақпыз. Нәтижесінде Үштөбе қаласындағы алғашқы орынды бермейтін білім ордасына айналып, еліміздің даму жолында тер төгетін болашақтың ең мықты, ең дарынды мамандары осында білімін шыңдайтын болады, - деді аудан әкімі Е.Шойұлы.
Кейбір кедергілерге қарамастан осы уақытқа дейін мердігер компания өз қаржысы есебінен жұмысты одан әрі жалғастырған. Егер атаулы мектепте жаңғырту жұмыстары тиянақты аяқталса, білім ұясы арнайы пәндік сыныптары заманауи құрылғылармен, сала бойынша безендіру тақталарымен қамтылады. Сондай-ақ, мектеп ішіне әжетхана да орналастырылады. Көп балалы ана ретінде халық қалаулысы мұндай ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына, балалардың болашағы үшін тындырымды тірлік етіп жүргендерге алғысын білдірді.
Мұнан соң мәжілісмен аудан орталығы Үштөбе қаласының Төле би көшесіндегі аяқталмаған жаңғырту жұмыстарымен танысты. Көшенің жөнделгенін аудан орталығының тұрғындары 2018 жылдан бері күтіп келеді. Алайда бөлінген 220 млн. теңге қаржыға ештеңе істелмеген. Оған себеп – жауапкершілікті сезінбейтін мердігер болып отыр. Аудан басшысы «ақшаны алып, үш жыл бойы жұмыс істеуге құлықсыз» мердігердің үстінен сотқа шағымданғанын айтты. Е.Шойұлы жыл соңына дейін сот шешімі шығып, тиісті шаралар қолға алынатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, аудан басшысы Е.Исабеков ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына Үштөбе қаласындағы орталық саябақтағы оңтайландыру жұмысымен, аудан орталығында салынатын өлкетану мұражайының жобасымен таныстырды. Іс-сапар барысында Әлия Маратқызы ауданда бой көтеріп жатқан 30 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысып, нысан аумағында еңбек етіп жатқан құрылысшылармен тілдесті. Мұнан кейін халық қалаулысы қаладағы шойын жол сапаржайына бас сұғып, мұндағы тыныс-тіршілікке қанықты. Шыны керек, Үштөбе вокзалы облыс орталығына жақын болған соң Талдықорған қаласына келетіндер осы сапаржайға аялдайды. Осындай әлеуметтік маңызы бар нысанның маңайы да абаттанып келеді. Қадірлі мейман ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшылығына ел игілігі үшін жасалып жатқан әр істе сәттілік тіледі.

Автор:
М.Мақсым