Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәуелсіздік тартуы


15 июля 2021, 09:46 | 1 058 просмотров



Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республика көлемінде түрлі мәдени іс-шаралар шеруі жалғасуда. Сондай ұлағатты істің бірі Қаратал ауданында да болды. Аудан орталығы Үштөбе қаласында заманға сай жаңартылып салынған саябақ ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл іс-шара ел теуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, Үштөбе қаласының 60 жылдық мерекесіне де орайластырылған болатын.                    

Осындай қос мерекеге тарту болған саябақтың ашылуына жиналған жұртшылықтың қатарында Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков те болды. Алғашқы құттықтау сөзін алған ол, саябақтың алдағы уақытта үштөбе қаласы мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенім білдірді. 

-  Бүгін ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қаламыздың 60 жылдығы мерекелеріне орай вокзал маңындағы көрікті скверді салтанатты түрде аштық. Біздің қала үшін бұл орынның маңызы зор, өйткені қала тарихы Түрксіб темір жолы құрылысымен тығыз байланысты. Бастапқыда Үштөбе - Орта Азия, Шығыс Сібір мен Қытайды жалғайтын үлкен түйісетін станция болып қаланған. Кеңес дәуірі кезінде сквер тұрған жерде қалаға келушілерді қарсы алатын алаң болып, кейіннен орнына базар тұрғызылған.
Бұл алаң біздің ауданымыздың бет-бейнесі, одан әрі өркендеуінің көрсеткіші болатыны анық. Мың тағдыр тоғысқан вокзал алаңы оны көргендердің бәріне жағымды естелік болатыны сөзсіз,
- деген аудан басшысы барлық жиналған қауымды құттықтады.

Шын мәнінде вокзал деген адам тағдырларының тоғысатын тұсы. Бұл  бірін-бірі көптен көрмеген достардың, бауырлардың, ғашықтардың сағынышпен қауышатын жері. Бұл ең жақын деген жандарымызды алыс сапарға шығарып салып, тосып алатын қастерлі орын. Су жаңа саябақ төрінде сағат ілінген стелла орын тауыпты. Бұл сәулет өнерінің туындысы да саябақ сәнін аша түскендей. Жоба сәулетшісі Әнет Бөлекбаевтың айтуынша, сағаты бар стелла бекер таңдалмаған. – Біз осы арқылы вокзалдың атмосферасын барынша қаз-қалпында беруге тырыстық. Өйткені, бұл сағыныш пен қауышыудың мекені. Ғашықтардың, бауырлардың қасиетті орны. Адамдар вокзалда қимас жақындарын шығарып салады, оларды тағатсыздана тосып, сарыла күтеді. Сағат санап, жолға қарайды. Сағат пен вокзал егіз ұғым секілді. Одан кейін мұндай сәулет туындысы саябақтың да көркін қыздырады деп ойлаймын. Көрген көзге қуаныш силап, уақытын жақсы өткізуге септеседі, - дейді жоба сәулетшісі.       

Саябақтың ашылу салтанатында Ерлан Исабеков жаңадан салынған демалыс орнының абаттандырылуын қамтамасыз еткен мердігері «Golden City DS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Берік Садақбаевқа сапалы атқарған жұмысы үшін рахметін айтып, алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, шара барысында Қаратал ауданының мәслихат хатшысы Жандос Теңелбаев та сөз алып, саябақтың ашылуымен жиналғандарды құттықтады. Демалыс орны Үштөбенің ажарын ашатын жерге айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орны боларына сенім білдірді. Келелі істі үлкендерінің батасын алмай бастамаған халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Осыдан кейін аудан басшылығы мен жиналған жұртшылық ақсақалдар ұйымының төрағасын ортаға шақырып, батасын алды. Сейілхан ақсақал ақ батасын берді. Заманға сай жаңартылып салынған саябақтың көркіне көз тоятындығын айтты. Содан кейін аудан әкімі Ерлан Исабековпен бірге жаңа демалыс орнының ашылу салтанатының лентасын қиды. Ал шара соңында ақ кимешек киген әжелеріміз бен ұлттық киімдегі аққудайын таранған арулар шашу шашты.

Ал біздің бұған тағы қоса кеткіміз келгені - халықтың пейілі жайлы біраз ой толғасақ дедік. Пейілің тарылмасын дейтін тәмсілді барлығымыз естігеніміз рас. Бұл бір ауыз сөзде тұтас пәлсапа жатыр. Онда халықтың ішкі жан дүниесі, жалпы адам баласының таным-түсінігінің деңгейі, абайша айтқанда «санасында қаншалықты сәуле қонғанын» көруге болады. Мұнда ат шаптырып, той жасап жатпаса да, жаңа саябақтың ашылуына жиналғандар қатары көп болды. Жиналған қауымның жүзінде таңырқаумен қатар, қуаныштың белгісі де бар еді. Жаңа саябақ Үштөбе қаласының орталығында орналасқан соң автобекет, базар, сауда орындарының барлығы айналасын қоршай шоғырланған. Шараға күнделікті нәпақасын айырып, сонымен отбасын азықтандырып жүрген қарапайым дүкеншілер мен сатушылар шаруасын бір сәтке болсын қойып, келді. Тіпті, жәй ғана өтіп бара жатқандар да тоқтап, назарын салған. Бұны іштей жақсылыққа жорыдық, Шын мәнінде көңілді қуантатын жайт. Өйткені, қоғамды құртатын дерттің бірі – немқұрайлылық. Бұл жеке адамды, одан отбасын, қала берді мемлекетті іштей жегідей жейтін дерт қой. Адам айналасында болып жатқан дүниелерге бей жай қарап, қара басының қамын ғана ойласа, жағдайымыз не болды? Әрине, ондай адамнан ештеңе шықпайды. Мұндай жандардан қоғам түгілі, отбасына да келер пайда шамалы болары хақ. Тым көпсөзділікке кетіп қалдық-ау. Айыпқа бұйырмассыздар, қадірлі оқырман. Қықасы, Үштөбеге келсеңіз, міндетті түрде темір жол бекетіне соға кетіңіз! Оның алдындағы саябаққа барыңыз. Онда алыстан менмұндалап тұратын, аспанға еркелей асылған сағаты бар стелланы тамашалаңыз. Баяны жоқ қым-қуыт тірлікте бір сәт байыз тауып, тынығып қалатын жақсы жердің бірі. Бәлкім сонда сіз де стелла маңдайындағы сағатқа қарай тұрып, өміріңіздегі әрбір сәтті бағалау керектігін түсінерсіз. Ал біз сөзіміздің соңын голливудтың жауһары саналатын әйгілі «Изгой» фильміндегі басты қаһарманды ойнаған Том Хэнкстің мына бір сөздерімен аяқтағымыз келіп отыр. «Уақыт біздің досымыз да, қасымыз да. Ол өзіне құрмет көрсетпегенді кешпейді».

Автор:
Бақ ДӘУЛЕТ