Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұлттық өнердің жанашыры


9 июля 2021, 07:49 | 1 158 просмотров



Еңбекшіқазақ ауданында жамбы атудан арнайы үйірме бар екен. Балтабай, Қазақстан сынды елді-мекендердің өрендері төл өнеріміз бойынша шеберліктерін шыңдап жатыр. Оларды баптайтын - Алдияр Нұрғазиев. Ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат үйірме жұмысымен таныстырып, жамбы атудың қыр-сырымен де бөлісті.

Сөз басын алдымен жамбы атудың тарихынан бастағанды жөн көрдік. Бұл - көшпенді халықтардың мергендік өнерін сынайтын сайыс түрі. Оның тарихы тым тереңде. Тарихшы-ғалымдар шамамен б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларға жатқызады. Кей деректерде көшпенді Ғұн ұлысының мерген садақшыларынан бастау алады дейтін мәліметтер де бар. Қалай десек те, жамбы ату ежелгі спорт түрінің бірі екені анық.
Ал Жамбы дегеніміз - көне түрік тілінде «ямбу» яғни, құймалы алтын немесе күміс деген мағынаны білдіреді. Пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғына ұқсас. Алдияр, міне осынау көне өнерге жас буынды баулып жүрген бапкердің бірі. Ол өрендердің шеберлігін шыңдауда асықпайды. Ұлттық спорттың қыр-сырын үйретуде әдістерді қадам-қадамымен жүзеге асыруда. Сонымен өрендер жамбы атуды қалай үйренеді? Құралайды көзге атқан мергендер жамбы атудың мұндай жаттығуларын екіге бөледі екен.
Жасөспірімдер арасында ел чемпионатын ұтқан Нарұл Ерболаттың айтуынша, - Ол мергендік екіге бөлінеді – көз мергендік, қол мергендік деп. Баланы дайындағанда ең бірінші үйренетіні көз мергенік болады. Қарап, дәлдеп дегендей бой үйретіп алады.
Одан кейін ішкі түйсік оянады. Ішкі түйсік оянғаннан кейін ол қол мергендікке айналады. Өйткені, шауып бара жатқандай нысанаға қарап үлгермейіз. Барлығы жылдам болады. Тек ішкі түйсігіңізге сүйеніп, қол мергендікпен ғана атасыз, деп мергендіктің түрлерін жіктеп берді. Алдиярдың бұл балаларды дайындағанына көп уақыт бола қоймапты. Дәлірек айтсақ, қолдарына садақ ұстағанына бірнеше ай ғана. Алайда, өрендер осы уақыттың өзінде-ақ тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Жамбы ату көшпенділердің ұрпағы саналатын қазақ халқының қанында бар қасиет қой. Кішкентай қарадомалақтарды жаттықтырып жіберсе, тамырдан тартатын киелі өнер қайта жаңғырып шыға келмек деген ойдамыз.
Бұл сөзіміздің дәлелі Алдиярдың шәкірттері. Алдиярдың тәлімін алған алғашқылардың бірі Нарұл. Қабілетін байқаған бапкері жаттықтыруға арнайы ұсыныс жасапты. Содан бері жұптары жазылмай келеді. Нәтижелері де жаман емес. Басқасын айтпағанда, мерген баланың елімізде өткен Экспо көрмесінде топ жарғанының өзі үлкен жетістік саналады.
СНХ: НАРҰЛ ЕРБОЛАТ
ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНЫ
Ең алғаш басталған осыдан үш жыл бұрын болатын. Ол кезде Алдияр ағай біздің мектепте жетекші ретінде жүретін. Сол кезде осы кісі жамбы ату деген сондай қазақтың дәстүрлі ойыны бар, сен атқа отыра аласың ба деп сұраған болатын? Мен атқа отыра аламын дедім. Енді қатысып көрсеңші деп сұрады. Сөйтіп мен бір екі рет қатыстым. Қатыстым да қызықтым. Содан үйдегілердің келісімімен сол жылы жамбы атумен шұғылдануға бел байладым. Алты ай қатысқан соң, жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Ол 2019 жылы болған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі болатын. Мұның сыртында, облыстық, республикалық жарыстарда да намысты қолдан бергем жоқ. Енді бұл біздің халықтың әскери өнері десе де болады ғой. Жаугершілік заманында бабаларымыз ат мініп, садақ асынып елін, жерін қорғады. Сондықтан бұл спорт сонысымен де қызық. Өкінішке қарай, көбісі қазір бұл спортты дұрыс танымайды. Жамбы атумен айналысамын десең, ол қандай спорт деп сұрап жатады. ат үстінде садақ атамын десең, ондай спорт бар ма, деп таңырқайды. Сондықтан бұл спортты дамытып, насихаттау үшін қатысып жүрміз, - деген өрен жамбы атудың өркендеуіне үлес қосуды алдына мақсат етіп қойды.
Алдияр балалардың көз мергендігін шыңдаған соң, олардың қол мергендігіне көңіл бөледі екен. Жамбы атудың негізгі бөлімі де осы тұстан басталады екен. Яғни өрендер атқа қонып, мергендік сынында сайысады. Жамбы атуда қорамсаққа қол салған жігіттің мергендігімен қатар, тұяғымен жер тарпыған тұлпардың жылдамдығы да сынға түспек. Бұл бәсекеге кез-келген жылқы жарамайды. Жамбы атудан сынға түсетін сайыскерлер текті жануардың қасиетін танып, таңдап мінген.
АЛДИЯР НҰРҒАЗИЕВ:
- Астыңыздағы атыңызды жебеге садақты тартқандағы сылдырына үйретуге біраз уақыт кетеді. Одан кейін жамбы атуда өзінің дәлізі болады ғой. Тақымдаған жүйрігіңіз сол дәлізден шығып кетсе, ереже бұзылады. Сондықтан жамбы аттары жарысқа қатыспас бұрын осындай дәліздерді жүріп, онымен шауып үйретіледі. Алдымен жетелеп жәй жүргіземіз, сосын шабады. Жебені иіскетеміз, садаққа жақындатып көрсетеміз. Мұның барлығы текті малдың бекзат өнерге бой үйретуіне қадам-қадамымен жасалатын амалдары. Осының барлығына біраз уақыт кетеді. Енді жорға шабысы болады, желіп шабатыны бар. Ал жалпы жарыс кезіндегі талап - 150 метрді 16 секундте шауып өтуі керек, деп жамбы атудағы талаптармен таныстырған. Жалпы, осынау төл өнеріміз арқылы жылқы малының қазақ мәдениетіндегі орны тағы бір айшықталғандай.
Жамбы атудан ел біріншілігі алғаш рет 2015 жылы өткізіліпті. Ұлттық спортты насихаттайтын сайыс содан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, былтыр елімізде аталмыш спорт түрі бойынша Әлем біріншілігінің жалауы желбіреген болатын. Ал Әлемдік бәсекедегі негізгі ережелер қандай? Жалпы, бұл спорт түрінде Әлем бойынша бес нысана бар екен. Соның ішіндегі ең қиыны қазақтың жамбысы саналады. Мергендіктің деңгейін бағалайтын дәл сондай балама дүние жүзінде кемде кем дейді мамандар. Себебі, ат қылына байланған жамбыны атып түсіруде мергендіктен бөлек, адамның ептілігі де сыналады.
АЛДИЯР НҰРҒАЗИЕВ:
- Бұл жамбының ерекшелігі, дүние жүзінде мойындалған төрт нысана бар. Ол түрік нысанасы немесе осман путасы, корей, моңғол және венгр нысанасы болған. Осы елдің мергендері бір-бірімен сайысып, енді қандай нысана болу керек деген кезде біздің нысанамызға назары ауды. Біздің ұлттық спорт қауымдастығы солтүстік кореяға барып қазақтың нысанасы ресми түрде тіркеді. Содан бастап біздің спорттың бүкіл әлем таныды десе де болады. Бұл нысананың қиындығын, тартымдылығын мойындады. Қазір дүние жүзіндегі ең тартымды әрі қиын нысаны ол біздің қазақ стилі. Ал қазақ стилі дегеніміз ол жамбы нысана. Жамбы аттың қылына ілінеді. Сондықтан ол желге тербеліп тұрады. Қимылсыз емес. Осыдан барып оған дәл тигізу қиындайды. Оның үстіне жамбыға дәл тигенде аттың қылына шыдамай үзіліп жерге түседі. Мұның барлығы нысананың күрделілігін және сол арқылы тартымдылығын арттырады. Ал басқа нысаналар орнынан қозғалмайды, жерге үзіліп түспейді.
Елімізде Жамбы ату спортын жаңғыртып, дәріптеуге үлес қосып жүрген азаматтың бірі осы Алдияр. Елімізде аталмыш спорттың тарихы жайлы сөз қозғап, алғаш жарыс өткізуге ұйытқы болған да өзі. Алдияр жамбы атуға алғаш келген балаларды алдымен жабық ғимаратта дайындайды. Оны да тамашаладық. Өрендердің қолына садақты бірінші рет ұстап, оның қасиетін сезінетін жері осы тұс екен. Ұлттық спорттың қыр-сырын үйренсем деп жүрген тағы бір бала Ерасыл Ербосын. Мұнда келгеніне көп уақыт болмапты. Алайда соның өзінде біраз үйреніп қалған. Енді сол қандағы өнер болғасын ба, мұндағы барлық баланың құлшынысы керемет екенін байқадық.
– Өзіме қатты ұнайды. Мерген болып, көп жетістікке жеткім келеді. Әкем атқа мінгенді ұнатқан соң осы жерге алып келді. Алдияр ағайым жақсы үйретеді. Болашақта жамбы атудан Қазақстан, Әлем чемпионы атануды көздеймін, - деген кішкентай Ерасылдың арманы асқақ.
Алдияр үйірме балаларына садақ атудан бұрын, оны дұрыс ұстауды үйретеді. Бір қарағанда адырна тартып, оқ атудың еш қиындығы жоқ сияқты көрінетін шығар. Бірақ мұның да өз заңдылықтары мен тәртібі бар. Мәселен, садақ атудың өзі еуропалық және азиялық деп бөлінеді екен. Жалпы, бұл спорттың өзі үлкен бір өнер десек артық айтқандық емес. Бабалар өнерін өрендерге өнеге болатындай дәрежеде үйретуді көздейді Еңбекшіқазақтық бапкер. Қазір осы жолда уақытын да, еңбегін де сарп етуде. Шәкірттерінің арасынан түркі елдерінің атын әйгілейтін оғлан шыңару жоспары да бар. Ұлттық спортты дәріптеп жүрген жерлестерімізге атқан жебелеріңіз жерге түспесін деп тілейміз.

 

Автор:
ЖД ақпарат