Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ФАРМАЦЕВТИКАНЫҢ ТҰҢҒЫШ ДОКТОРЫ


9 июля 2021, 07:42 | 1 147 просмотров



Еңбекшіқазақ ауданынан шыққан тұңғыш медицина ғылымдарының докторы Кеңесбай Үшбайұлы 1940 жылдың 2 шілдесінде Алматы облысы, Шелек ауданындағы Асысаға елді мекенінде дүниеге келген. Бұл өзі Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан, табиғаты тамаша шағын ауыл. Араға жыл салып, соғыс оты бұрқ ете қалады.Ер – азаматтың бәрі майданға алынады. Кеңекеңнің әкесі Үшбай да Отанды жаудан қорғауға аттанды. Кеңесбай атасы Ноғайбайдың қамқорлығында қалады. Ер Әжібайдың төртінші ұрпағы.

Мектепті медальға бітірген, Кеңесбай Үшбайұлы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факултетіне оқуға түсіп бітіріп, Украинадағы Львов қаласындағы МЕД институтының аспирантурасын бітірді. К Үшбайұлы шет елде білімін жетілдіріп келгеннен кейін Сибағатолла Рысқалиұлы өз шәкіртін институтқа бірден жұмысқа қабылдайды. Ол асисстенттен бастап доцент, кафедра меңгерушілігіне дейін өседі. 1972 жылы Қазақ КСР – і Денсаулық сақтау министрлігі Бас дәріханасында алдымен бастықтың орынбасары, бір жылдан соң бастығы болады.Кеңесбай Үшбайұлының істі дұрыс ұйымдастыруының арқасында елді дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы дұрыс жолға қойылады. Көптеген мәселелер оң шешімін тапты. Араға сегіз жыл салып, яғни 1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқу ісі жөніндегі проректоры болып келді. Осылайша бір кездері өзі түлеп ұшқан жоғары оқу орнының ұстазы атанып, шәкірт тәрбиелей бастады. Фармацевтика саласында білгенін, жиған – тергенін кейінгі жастарға үйретті. Мұнан соң да тәжірибесі мол ғалым 1988 – 1990 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент бөлімшесінің директоры қызметін атқарды. Осы ретте Кеңесбай Үшбайұлының Шымкентке келгенде жүзеге асырған айшықты бір ісін айтпай кетуге болмас. Ол кісі Шымкентке қызметке ауысып келгенде тек Шымкент облысында емес, жалпы оңтүстік аймақтарында провизор мамандардың тапшылығын байқады. Содан көп ойланбастан еліміздің сол кездегі премьер – министрі Ұзақбай Қараманұлының қабылдауында болып, мән – жайды айтып түсіндіреді. Жағдайға қаныққан үкімет басшысы да істі көпке созбай, тиісті құжаттарды жинатып, Шымкент қаласынан Фармацевтика институтын ашуға көмектеседі. Кеңесбай Үшбайұлы осы институттың алғашқы ректоры болып, 1990 – 1993 жылдары қызмет істеді. 1993 – 1995 жылдары «Қазфармбиоөнеркәсіп» концерінің президенті, ал, 1995 жылдан «Фармация» өндірістік бірлестігінің президенті қызметін атқарды. Кейіннен осы өндірістік бірлестігінің негізінде «Фармация» мемлекеттік холдинг компаниясын ашты. Аталған холдингтің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өкпені қысқан «өтпелі кезеңнің» қиын уақытында елімізді қажетті дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етуде көп көмегі тиді. Еліміздегі фармацевтика ғылымдарының ең алғашқы докторы, профессор, ұстаз, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, профилактикалық медицина Академиясының академигі Кеңесбай Үшбайұлының ғылым жолында еткен еңбегі ұшан – теңіз. Ол Қазақстанда фармация ісін ұйымдастыру мәселелерін жан – жақты зерттеумен айналысты. Нәтижесінде бір қатар өсімдіктердің химиялық құрамы мен емдік қасиеттерін анықтады. Сонымен қатар 122 ғылыми жұмыс пен 6 кітаптың авторы атанды. Әрине, Кеңекеңнің өмірі тақтайдай тегіс болды деп айтуға келмейді. Талай соқтықпалы, соқпақты жолдардан өтті. Қалтарысы мен бұлтарысы көп мына өмірде аяқтан шалғандар да табылды. Алдымен Алланың арқасында, сосын аруақты бабасы Ер Әжібайдан дарыған қайсарлығының арқасында бәрін де жеңе білді.

Автор:
Әсет Көшербайұлы,Ащыбұлақ ауылы,Еңбекшіқазақ ауданы.