Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еңбекшіқазақ ауданында 30 отбасы қоныс тойын тойлады


9 июля 2021, 07:37 | 1 158 просмотров



Бүгінде қазақ елінің түтіні түзу, тұрмысы жайды, тіршілігі қарқынды. Олай болатын өзіндік себебі де бар. Өйткені Қазақстан бүгінде тәуелсіз, әлемдік аренада өзіндік беделі бар мемлекетке айналған. Қазақ мәдениетінің қалыптасуына едәуір еңбек сіңірген Темірбек Жүргенов «Жерұйық» мақаласында қазақ даласы бұрын соңды болмаған мамыражай кезеңге тап болғанын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғанын әспеттеп, сонау кеңес заманындағы елдің болмысын суреттеген болса, бүгінгі тәуелсіз елдің даму динамикасын бір ауыз сөзге, бәлки мақалаға сыйдыру мүлдем қиындау болар.

Дегенмен, егемен елдің осынша гүлденген қуатты елге айналуына Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі зор болса, оның қазақ даласына жасаған ұлы тартуы жаңа Елорданың негізін қалауы еді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның даму көрсеткішінің нышаны ғана емес, әлемнің бейбітшілік һәм келісім ордасына айналды. Сәулеті мен дәулеті келіскен Елорда күні қарсаңында Жетісу өңірінде 200 жуық отбасы қоныс тойын тойласа, мұндай қуанышты сезінгендер қатарында 30 Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны бар.
Мерейлі мереке қарсаңында Алматы облысында баспана кілті өңір орталығынан өзге Қапшағай қаласында, Еңбекшіқазақ және Іле ауданында да тарту етілді. Жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлап жатқандардың қуанышына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ляззат Тұрлашов куә болып, су жаңа пәтер иелері мен жетісулықтарды Елорда күнімен құттықтады.
- Нұр-Сұлтан дәуірлер туындатқан қазақ елінің айбыны, мақтанышы. Елбасының бастамасымен Қазақстан жаңа экономикалық даму даңғылымен жүріп келеді. Әлемдік алпауыттар бүгінде Қазақстанмен санасатын деңгейге жетті. Еліміз Елбасының арқасында бейбітшілікті насихаттаушы, келісімге үгіттеуші, татулыққа бастаушы нышанына айналды. Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру барысында экономикамыз мығымдала түсіп, қалалар мен ауылдарда су жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтеруде. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 млрд. теңгеге салынған 155 коттедж бен 55 пәтерді Елорда күніне орай жерлестерімізге тарту етіп отырмыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Елорда күнінде Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында баспаналы болған 30 отбасының дені мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім-жесірлер. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның әлсіз әрі мемлекет қамқорлығын қажет ететін тобындағы жандар. Аталмыш 30 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Есік қаласының екінші мөлтек ауданында салынған көпқабатты үйден берілді. Пәтер кілтін табыстау кезінде аудан әкімі Әлібек Жақанбаев жаңа қоынсқа қол жеткізгендерді құттықтады.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында 60 пәтерлі үш көпқабатты үйдің құрылысы салынуда. Олар Есік қаласы мен Шелек ауылында орналасқан. Аталмыш 180 пәтер жыл соңына дейін толық салынып, тиісті адамдарға табысталады.
- Баспана – бас қайғы болмауы тиіс. Баспаналы болуға үмітті жандардың маңызды мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар істелуде. Бүгінде ауданда 3000 адам баспана алу кезегінде тұр. Еліміздің бас шаһары Астананың айтулы күнінде пәтер кілтіне ие болғандардың шаңырағы шаттыққа, сәбидің үніне толсын, - деді аудан әкімі Әлібек Жақанбаев.
Жетісу өңірінде баспаналы болғандарды 55-і Талдықорған қаласынан, 50-і Қапшағай қаласынан болса, Өтеген батыр ауылынан 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталмыш әлеуметтік нысандардың жанынан балалар ойын алаңы сынды тұрғындар қажеттілігін өтейтін нысандар бой көтерген.

 

Автор:
М.Мақсым