Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Келелі ұсыныстар сөз болды


9 июля 2021, 07:31 | 1 145 просмотров



Қаратал ауданында кәсіпкерліктік кең өріс алып, жаңадан кәсіп ашушылардың қатарының артуына бірден-бір себеп «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облысы, Қаратал ауданы филиалы мен осы филиалдың бар жүгін мойнына артып, алға сүйреп жүрген филиал басшысы Фархат Құсайынов десек, артық айтқандық емес. «Шын тұлпарға тұсау жоқ» деген. Аудандық филиал жыл көлемінде кәсіпкерлік саласының өкілдерін қанатының астына алып, оларға әрдайым жанашырлық танытып, қандай мәселе болса да жәрдемдесуге даяр тұрады. Құрылым басшылығының талабы да, алға қойған міндеті де осы.

Жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облысы, Қаратал ауданы филиалы директоры Ф.Құсайынов ауданға қарасты Балпық ауылдық округіне бір бөлігі Жаңаталап ауылына атбасын бұрды. Мұндағы мақсат – ауылда тұрып, ауданның экономикасына серпін беріп жүрген, өңірдің агроөнеркәсібінің тың тынысын ашуға септескен «Бақыт-Қаратал» ЖШС-ның жұмысымен танысу, тыныс-тіршілігін бағамдау, серіктестік Серікжан Бақытұлына кәсіпкерлік төңірегіндегі кеңес беру. С.Бақытұлы кәсіпті кеше бастаған жан емес. «Әке көрген оқ жонар» деген, үйдегі асқар тауы елге елеулі, халыққа қалаулы азамат. Әкесінен көргенін, көңілге түйгенін тұрмысына арқау етіп жүр. Бүгінде кәсіп иесі серіктестікте жұмыс істейтіндерден өзге ауылдағы ағайынға да сыйлы. Оған ауылдастарының құрметі ерек. Оны дәлелдеудің еш қажеті жоқ, тек Жаңаталап ауылына табан тигізсеңіз жеткілікті.
С.Бақытұлы басқаратын серіктестік негізінен ата кәсіппен айналысады. Бүгінде бұл құрылымда 1000 бас қазақтың биязы жүнді қойы, 500-ге тарта мүйізді ірі қара, 700-ге жуық Қамбар ата тұқымы бар. «Мал баққанға бітеді» деген тәмсіл бар. Бүгінде серіктестік төрт түліктен өндірілетін барша өнімді даярлап отыр. Ай, қап деген ғой, бүгінде бұл шаруашылықтың өз қиындығы бар. Мәселен, қой жүні қазір кәдеге жарамайды. Кеңес заманында еліміз КСРО құрамы бойынша мал шаруашылығы жөнінен Ресей мен Украинадан кейінгі үштікті түйіндеп тұрушы еді. Сол уақта ауылшаруашылығынан ешқандай шашау шығарылмай, бұл саладан өндірілген әрбір шикізат тиісінше кәдеге жаратылатын. Ғылыми-өндірістік озық технологиялар бұл саладан аттап өтпейтін. Алайда ел тәуелсіздігін алған уақытта кезіндегі колхоз, совхоздар ыдырап, ірі-ұсақ шаруашылығы жекеге өтті, мүлдем тарап кетті. Содан бері талай уақыт өтті. Жаңадан шаруашылықтар құрылып, агроөнеркәсіп өзінше дамыды. Үкімет тарапынан ауылшаруашылығының өнімділік көрсеткіштері еселеп артты, ауылдың әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымдық жүйелері қалыптасты, мал шаруашылығы өндірісін индустрияландыру бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылды. салықтық, несиелік жеңілдіктер жасалды, субсидиялау ауқымы артты, шетелдерден асыл тұқымды мал тасымалданды. ҚР «Жер кодексі», «Ауылшаруашылығы кооперативтері», «Асыл тұқымды малдар» туралы Заңдары қабылданды. Алайда әлі де кемшін түсіп жатқан жайы бар. Жоғарыда айтқанымыздай, мал шаруашылығынан шыққан шикізаттарды толықтай өңдеу қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, тонналаған қой жүні далаға тасталмай, тұрмысқа қажетті бұйымдар шығаратын жеңіл өндірістерге өткізіліп отырса құп болар еді. Көктемде және күзде қырқылған қой жүнінің кәдеге аспай, далаға тасталып, өртелетіні Серікжан Бақытұлының да шымбайына батады екен.
Бүгінде «Бақыт-Қаратал» ЖШС мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығын да қатар алып жүр. Бүгінде серіктестік бидай, арпа, соя, жүгері, қант қызылшасын егеді. Мұнан өзге серіктестіктегі төрт түлікті мал азығымен қамту үшін жоңышқа егумен де айналысады. Кездесу барысында Серікжан Бақытұлы кәсіпкерлік тұрғысындағы біраз жайдың басын ашты. Мәселен, ауылшаруашылығында мамандары тапшы. Шыны керек,қазір екінің бірі заңгер, есепші, болмаса, мамық креслоға қонжитатын мамандықтарға құштар. Ал мал бағуға ешкімнің құлқы жоқ. Еліміздің экономикасының локомотиві саналатын бұл салаға қажетті мамандар даярлауда кемшін түсіп жатқан жайымыз бар. С.Бақытұлы еліміздегі колледждер мал шаруашылығына қажетті мамандар даярлауды қолға алса екен деген ұсынысын білдірді.

 

Автор:
М.Мақсым