Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әлем рекордын орнатқан чемпион


9 июля 2021, 07:28 | 1 582 просмотра



Үштөбе ауыр атлетика мектебі жайлы айтқанда Сайхан Тайсуевтің есімі еске түседі. Әсіресе, аталмыш мектептің жаңа буыны турасында сөз қозғалса осы бір талантты өрен ойға орала береді. Жасөспірімдер арасындағы ең байрақты бәсекелерді ұтқан жерлесіміз қазір туған жері Қаратал ауданы, Үштөбе ауылына келіп, тынығып жатыр. Чемпион жарыстардың бірінде алған жарақатын емдеп, жаңа белестерді бағындыруға күш жинап жатыр екен. Үштөбелік зілтеміршінің қал-жағдайын біліп, алдағы жоспарларымен танысып қайттық.

Сайхан Тайсуев 2019 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) жасөспірімдер арасында өткен Әлем біріншілігінің жеңімпазы. Аталған сайыста ол топ жарып қана қоймай, Әлем рекордын орнатты. 67 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз қос сайыс қортындысында 288 келіні (127 келі жұлқа көтеруде + 161 келі серпе көтеруде) еңсерген болатын. Сайхан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында осы екі жаттығу бойынша «кіші» алтын жүлдені еншілеген болатын. Ал сол байрақты бәсекенің қортындысы бойынша Сайхан Тайсуев үздік ауыр атлет деп танылғанын да айта кетуіміз керек.
– Менің туған бауырым ауыр атлетикамен айналысқан, - деп бастады чемпион жігіт әңгімесін. Сайханның зілтемір спортын таңдауына ықпал еткен үйдегі үлкен бауыры болыпты. Соның арқасында, ағасына еріп талай мықтыны тәрбиелеген Үштөбедегі ауыр атлетика залына барған. – Мен оған еріп барған кезімде кішкентай болдым. Бірден жаттығу жасап кететіндей шамам болған жоқ. Сондықтан басында тек залдағы балалардың жаттығуын тамашалауға тура келді. Бірден айта кетейін, маған ұнап қалды бұл спорт. Табиғатыма, жан-жүрегіме жақын бірдеңені сезіндім. Сөйтіп, тоғыз жасымнан бастап өзім де шұғылдана бастадым. Алғашында, әрине, ата-анам біраз қарсылық танытқаны рас. Өйткені, ауыр атлетика қауіпті спорттың бір түрі ғой. Алайда, әрбір жаттығу сайын, әрбір жетістігімнен кейін мен оларға өзімнің қолымнан келетінін дәлелдедім десе болады. Жарыстардағы жеңістерімнен кейін үйдегі үлкендердің маған деген сенімі де арта түсті. Осылай күн артынан күн өтіп, мен де өсе бердім. Ол кездегі менің бағытым – таңертең мектеп, одан кейін кешкі бесте болатын жаттығу. Ол жерде кешкі сегізге дейін жаттығамын. Міне осылай балалық шағым спорт пен мектеп арасында өтті десе де болады, - деген Үштөбелік ауыр атлет балалық шағына бір саяхат жасады.
Әрбір мықты спортшының артында жақсы бапкер тұрады емес пе? Сол сияқты Сайханның толайым табысқа жетуіне септігін тигізген осындағы бапкерлері екені анық. Соның бірі Дмитрий Ольховский. Сайханнан бөлек жергілікті талай өреннің бағын жағып, талай бұлақтың көзін ашқан білікті бапкер. Үштөбелік маман Сайханның бойындағы бұла күшті, қабілет-қарымды бірден байқағанын. Тіпті, оның өз жасындағы қара домалақтардан дараланып тұратын бір ерекшелігін де айтты бапкері
- Біз Сайхан екеуіміз Үштөбенің қасындағы ауылда тұрамыз. Сайханды залға Хамзат дейтін сыныптасы алып келді, сөйтіп екеуі бірге жүретін. Жаттығуға екуін де өзіммен бірге алып келіп жүрдім, өйткені екі аралық төрт шақырымдай болды. Жаяу жүруге алыстау. Ал Сайханның бойы қысқалау болғанымен, аяғы күшті, мықты екенін байқадым. Бұл ауыр атлетикада өте маңызды. Зілтемірмен отырып тұратын жаттығуды жақсы жасайтын. Сайханмен бірге жүрген баланың біразы кетіп қалды. Ол жаттығуды тастаған жоқ.

Илья Ильиннің жанкүйері

Сайханның ауыр атлетикаға туған бауырына еріп келіп, айналысқанын айттық. Үштөбелік өреннің тағдырын осынау спортпен байланысттыруына әсер еткен тағы бір жағдай бар. Ол Олимпиада ойындарының чемпионы Илья Ильин. Сайхан бала кезінен қазақстандық танымал ауыр атлеттің өнеріне тәнті . Ол үшін Қызылордалық феномен спорттағы үлгі тұтар тұлғасы деуге де болады. Міне осындай даңқты зілтеміршінің Олимпиада ойындары, Әлем чемпионаттарындағы керемет өнерін жібермей тамашалаған баланың жүрегінде де намыс оты оянды. Күні ертең мен де осы чемпиондар секілді Әлем назарын өзіме аударып, барша жанкүйердің құрметіне бөленсем ғой. Көк байрағымды желбіретіп, ата-анам мен достарымның мақтанышына айналсам деген намыс оты ақырындап маздай берген еді Сайханның кішкентай жан-жүрегінде. Арман алдамайды деген рас. Жас баланың тұмадай тұнық тілегі адастырған жоқ. Сайхан да өз кумирі секілді көп ұзамай Әлем чемпионы атанды. Алаш жұрты ғана емес, Әлем жанкүйерлерінің де қошеметіне бөленді.
– Илья Ильин менің спорттағы үлгі тұтар тұлғам. Ол өте мықты ауыр атлет. Мықты спортшыдан бөлек Илья Ильин өте мықты адам деп ойлаймын. Маған оның жарыста өзін-өзі ұстауы, салқын қандылығы, сенімділігі қатты ұнайды. Үлгі алатын тұстары жетерлік. Арманым сол секілді енді ересектер арасындағы аламандарда атой салу. Олимпида ойындарында әнұранымызды асқақтатып, Әлемге Қазақстан дейтін елдің барын тағы бір мәрте әйгілеу, - дейді жерлесіміз.

«Жұлдыз» ауруын жек көремін...

Сайхан Лас-вегастағы Әлем біріншілігінен бұрын ірі жарыстарда бой көрсеткен емес. Мұхиттың арғы жағындағы жарысқа дейін ол тек ел біріншілігінде ғана жүлде тұғырынан қол бұлғаған болатын. Алайда, бәсекелестік өте жоғары саналатын Қазақстан чемпионатын ұтудың өзі де оңай емес дейді мамандар. Тіпті, сала мамандарының мұндай жетістікті Әлем біріншілігінің алтынымен пара-пар санайтынын, Қазақстанда медаль алуды халықаралық дәрежеге балайтынын да естігенбіз. Қалай десек те Сайханның жұлдызын жаққан АҚШ тағы аламан болды ғой. Үштөбелік өрен сол жеңісті жолын Азия чемпионатында да жалғастырды. Сары құрлық сайысына алтыннан басты үміткердің бірі болып аттанған жерлесіміз ел сенімін ақтады. Ал биыл өткен Әлем біріншілігінде Сайхан Тайсуевтің бабы келмеді ме, бағы шаппады ма, кім білсін, әйтеуір жүлдеден қалыс қалды. Бірақ жас атлеттің бұған мойымағанын, сәтсіздіктен сабақ алып, шар болаттай шыныға түскенін байқадық. Жалпы, әлі де жас болғанымен Сайханның жеңіс пен жеңіліс, сәтсіздік пен «жұлдыз» ауруы сынды дүниелер турасында өз ойы, көзғарасы бар. Ол көп дүниеге пәлсапа тұрғысынан қарап, ой елегінен өткізеді екен. Несі бар, қазіргідей қызылды жасылды бояуларымен арбайтын дүниеде бұл өте құнды қасиет деп есептейміз.
- Мен Лас-Вегастан ұшып келген кезде туған-туыстарым, достарым, көптеген жанкүйер аэропорттан күтіп алды. Бұл сәт енді керемет. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сен еліңе сағынышпен оралғанда барлығы қуана қарсы алып, құшағына басады. Бір қарағанда бұл жақсы екені рас. Алайда, «бәрекелді батырға» бар жан жүрегіңмен берілсең өзіңді әп сәтте жоғалтып алуың мүмкін. Мен мұндайға жол бермеймін. Өзімді үнемі тәрбиелеп жүремін. Әрқашан да кішіпейіл болуға, ешкімнен асып тұрмауға талпыну керек. Бұл әсіресе, спортта, өнерде жүрген азаматтарға қатысты. Сен ешқашан халықтан биік емессің, Міне осыны жадынан шығармаған адам, спортшы өз саласында биік-биік белестерді бағындырмақ. Нағыз чемпиондар кішіпейіл, адамгершілік қасиеттерімен дараланады. Менің өмірлік ұстанымым міне осындай, - деген болатын Әлем чемпионы. Сайханның бойынан шынымен де тәрбиені, әдептілікті байқауға болатын еді. Бұл жағынан Үштөбелік өрен талай жас спортшыға үлгі деп нық сеніммен айта аламыз.
Спорттан бөлек Сайхан балық аулағанды ұнатады екен. Біз барған кезде күн өте ыстық болғасын бірге барудың реті түспеді. Әйтпесе, чемпион өзінің балыққа баратын жерін таныстырмақ ниетте еді. Ол жаттығудан бос уақытын осылай белсенді демалысқа арнағанды ұнатады екен. Үштөбедегі үйінің тура жанында күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын Қаратал жатыр. Сайхан қармағын алып, тыныштықта біраз отырып қайтады. Кейде қармағын бірде бір балық қаппауы да, олжасыз оралуы да мүмкін. Бірақ бастысы бұл емес. Ол үшін таза ауада, табиғатпен тілдесіп қайтудың, бір сәт болса да өз-өзімен болудың мүмкіндігі маңыздырақ. Балық аулауды осы үшін ұнататынын айтты чемпион. Сайхан қазір осылай туған топырағынан бойына күш алып, тыныуда. Енді ол жасөспірімдер арасынан, жастар арасындағы жарыстарға өтті. Көп ұзамай ересектермен де сайысқа түседі. Бұл үлкен сын. Өйткені, бір спорт болғанымен, жаңа жас ерекшелігіндегі бәсекенің өз заңдылықтары болатыны белгілі. Жаңа қарсыластар, жаңа салмақ дегендей. Бірақ еңбекқор, алдына мақсат қоя алатын атлет үшін бұл үлкен кедергі бола қоймас деп сенеміз. Айналасындағы жағдайларды терең пайымдай алатын азаматтың өз жолын тауып кетері хақ. Сайхан Тайсуев алда талай аламанда әлі ел намысын абыроймен қорғап, ең биік белестерден көрінеді. Біз жас зілтеміршінің осындай жоғары деңгейден көрінуіне тілектеспіз!

Автор:
Бақ ДӘУЛЕТ