Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сенатор: «Әр бала қауіпсіздікте өмір сүруі тиіс»


9 июля 2021, 07:25 | 1 431 просмотр



Апта ортасында Жетісу жеріне табан тіреген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова Қаратал ауданында болып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, білім беру саласындағы оңтайлы өзгерістерге оң бағасын берді.

Халық қалаулысы әуелі аудан орталығы Үштөбе қаласындағы белгілі тарихшының есімімен аталатын І.Есенберлин атындағы мектепке ат басын бұрды. Сенатор мұндағы материалдық техникалық базасымен танысты. Мектепке дейінгі шағын орталығы бар білім ордасы күрделі жаңғыртудан өткен. Балалардың білім алуына бар жағдай жасалған. Сенат депутаты білім шаңырағының оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өз-өзіне қол жұмсауды болдырмау һәм мектеп психологының жұмысын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды таразылады. Шыны керек, бірер жыл бұрын оңтүстік өңірде әлсін-әлсін бой көрсеткен жасөспірімдер мен оқушыларға қысым көрсету жағдайынан соң білім саласында ауқымды шаруалар атқарылып келеді. Соның бірі – оқушылардың қауіпсіздігі. Бүгінде аталмыш білім ордасында ішкі және сыртқы маңын бақылайтын 32 бейне бақылау камерасы орнатылды. Мұнан өзге, мектепте оқушыларға қысастық болмауын күндіз вахташы бақылайды. Ал түнде мектеп қауіпсіздігін күзетші жіті назарында ұстайды.
- «Балам – болашағым» деген елміз ғой. Олардың қауіпсіз ортада білім алып, қауіпсіз уақытта азамат болып қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Бүгінде халық қалаулылары балалар құқығын қорғайтын заң жасақтауда. Мұндағы мақсат та – балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғап, балалық шағын дұрыс өткізуімізге септесу. Қазір желіні аша қалсаң, бір-біріне қысастық қылған, біріне бірі зорлық-зомбылық көрсеткен ақпарлардан көз сүрінеді. Мұндай жағдайдың арты психологиялық тұрғыда әлсіз балалардың суицидке баруына ұласады. Мұндай жағдайдың алдын әуелі ата-ана, сосын мектеп мұғалімі мен психологтың үш жақты бірлесу арқылы алуға болады. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін вахташы мен күзетші қамтамасыз етеді деген жөн көзқарас емес. Мұны кәсібилендіру қажет, - деді сенатор Ләззат Жаңылысқызы.
Халық қалаулысы мұнан кейін жазушы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке табан тіреді. Мұндағы мақсат – саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің өркендеуіне арнаған жазушыға арналған мұражай жәдігермен танысу. Өмірінің сан жылын осы мектепті басқаруға арнап, бүгінде Кемел Тоқаев атындағы қорға жетекшілік етіп жүрген В.Спиридонова мектеп жетістігін жіпке тізгендей баяндады. Айтулы мектепті жетістіктері талайды қызықтырады, жыл сайын оқушыларды ынталандыруға стипендиялар тағайындалып, түлектерге Кемел Тоқаев атындағы гранттар бөлінеді.
Қадірлі мейменды аудан әкімі Ерлан Исабеков пен Үштөбе қаласының әкімі Сағынбек Карбузов аудан орталығындағы атқарылып жатқан өрелі істермен таныстырды. Сенаторды аудан-қала басшылығы әуелі темір жол бойынан салынып жатқан саябақпен таныстырды. Бұл маңда бұрын базар болған еді. Жергілікті атқарушы билік сапаржай маңында олпы-солпы сөресі бар сауда орны болғаннан, қала көркін кіргізетін саябақ болғанын құп көрген. Оның үстіне облыс орталығы Талдықорған қаласына ең жақын вокзал маңының қолапайсыз сауда нүктелері орналасқаны тіптен қолайсыз еді. Содан әкімдік тарапы базарды 9 млн. теңгеге бағалап, оны орнынан сүріп, заманауи үлгідегі саябақ салуға көшкен. Үстіміздегі жылдың 12-сәуірінде басталған сквердің құны 92,56 млн. теңге. саябақты «Golden City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бір айта кетерлігі, саябақ ортасында алып сағат орналасқан. Бұл уақыт өлшеуіші Ресейден тапсырыспен алынған. Сенатор құрылыс басында жүрген жұмысшылармен тілдесіп, оларды толғандырған мәселелерге қанықты. Айтпақшы, бұл саябақтың құрылысы басталғаннан бері 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Олардың бәрі Үштөбе қаласының тұрғындары. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен «Сервистік әкімдік» қызметінің артықшылығын, халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік көмек беру, жұмыспен қамту сынды жұмыстарын бағамдам, ел игілігі үшін Қаратал ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді.

Автор:
М.Мақсым