Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бірлік пен тірліктің бесігі


9 июля 2021, 07:24 | 1 170 просмотров



Ауыл – қазақтың алтын қазығы, қарашаңырағы. Сонан болар, бүгінгі жұрт «ауыл гүлденсе, ел көркейеді» дегенді жиі сөз етеді. Мәселен, Қаратал ауданына қарасты Балпық ауылының өсіп өркендеуіне ауданның, мұнан кейін Жетісу жерінің дамуына өзіндік леп беріп жатқанын аңғару қиын емес. Соңғы жылдарда аталмыш елді мекеннің тынысы кеңіп, қамбасы астыққа, қырманы ырысқа толып, тұрғындарының ырызғы-несібесі молайып келеді. Қара жерге маңдай-терін төгіп жүрген ауыл еңбеккерлері елді мекеннің көркейіп, керегесі кеңеюіне септесіп жүр. Бүгінгі біздің нысанамызда – Қаратал ауданының өзіндік даму динамикасын қалыптастырған Балпық ауылдық округі.

Бабалар дүбірі бар ауыл
Әйгілі Балпық би, Айту билердің дүбірі қалған Балпық ауылдық округінің құрамында Жаңаталап, Оян және Ұмтыл ауылдары бар. Орталығы – Жаңаталап ауылы. Ауылдық округ аудан орталығынан 7, облыс орталығынан 57 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұндай жол жақындығы елді мекеннің қалалық өркениеттен қалмай, жыл сайын көрігіне көрік, өрісіне өріс қосады. Жер көлемі 134,5 мың гектар аумақты алып жатқан ауылдық округте 400 шаңырақ түтін түтетуде. Нақ мәлімет, үш елді мекеннен құрылған әкімшілік құрылымның 2320 тұрғыны бар. Балпық ауылдық округінде «Қаратал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2014 жылғы 19 наурыздағы № 28-121 шешіміне сәйкес жергілікті қоғамдастық бірлестік құрылған. Оның негізі 12 адамнан құралған. Сондай-ақ, бұл ауылдық округте ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі елді мекендер тұрғындарымен етене жұмыс істеп, тұрмыстың сарынды жүруіне септеседі. 7 ұлыстың өкілі бар ауылдық округтің тірлігі мен бірлігі жарасқан. Олай деуімізге себеп те жетеді. Мұндағы жұрт ала қойды бөле қырқу дегенді білмейді. Бір сөзбен айтқанда ынтымағы жарасқан киелі мекен.
Ауыл дала төсінде дүбірі қалған, еңбегімен өзгеге үлгі болған майталмандар мен өткені ұрпаққа өнеге жайсаң жандарға бай. Балпық ауылдық округінен Түтінбай Даулетяров, Ұмсынай Шорабаева, Төлеген Құлахметов есімді Социалистік Еңбек Ерлері шыққан. Олардың өрелі жолын бүгінгі ұрпақтары да жалғап келеді. Қалай дегенмен «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» тәмсілдің астарсыз емесін аңғару қиын емес. Мәселен, Қажымұрат Үсенов, Наурыз Қылышбаев, Бақыт Смаилов сынды азаматтар туған жердің түрлене түлеуіне атсалысып келеді. Көпке үлгілі ісімен танылып, ұрпақ тәрбиесі мен болашақ үшін едәуір еңбек сіңірген Мейз Нұрқасымова, Михаил Тлеубаев, Қажымұрат Үсенов, Майра Мырзахановалар ерен еңбектері үшін Қаратал ауданының «Құрметті азаматы» атағын иемденген. Ал мұндай құрмет тегін адамға берілмейді.
Балпық ауылдық округіне қарасты Оян ауылында Балпық би бабамыздың кесенесі орналасқан. Атаулы тарихи ескерткіш 1994 жылы баба ұрпақтарының бірлесе, жұмыла көтеріліп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы нәтижесінде салынды. Мұнан өзге ауылдық округте 2006 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және қайта оралған жерлестерге арналып мемориалдық обелиск-ескерткіші салынды. Осы обелиск-ескерткіште 162 соғыс ардагерлерінің тізімі енгізілді. Тарихи нысанның салынуына жоғарыда айтқанымыздай көпке өнегелі ісімен, өрелі тұрмысымен танылған ауылдық округке қарасты Жаңаталап ауылында туып, өсіп-өнген Қажымұрат Үсенов мұрындық болып, демеушілік жасаған. Сондай-ақ, ұрпақ жадында есімі мен ерлігі үлгі болсын деген ниетпен Жаңаталап ауылында Балпық би мен Айту билердің мүсіні тұрғызылды.
Әлеуметі әлеуетті
Еліміздің ата заңында жазылғандай бізде адамнан құнды дүние жоқ. Нағы да, нығы да сол. Ал, әрбір қазақстандықтың қолайлы ортада өмір сүріп, тұрмысы мен тіршілігіне қажеттіліктерге оңай қол жеткізуіне мүмкіндік жасау керегін Елбасы Н.Назарбаев әр сөзінде айтып келеді. Ел президенті Қ.Тоқаев та адами құндылықты сақтап, әрбір тұрғынның салауатты болуы, алымды да қарымды болуы үшін атқарушы биліктің аянып қалмауы тиіс екенін әр Жолдауында нығырлап айтып жүр. Шыны керек, Балпық ауылдық округінде тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып келеді. Ол үшін жергілікті әкімшілік аянып қалып жатқан жоқ.
Жалпы ауылдық округте 2 орта және 1 бастауыш мектеп елді мекендегі балалардың білім алуына бар жағдай жасауда. Оян ауылындағы 120 орындық мектептің іргесі 2013 жылы қаланды. Құрылысы жағынан да, жабдығы жағынан да жаңа мектеп десек болады. Жалпы ауылдық округтегі білім қара шаңырақтарында 69 мұғалім оқушыларға білгенін үйретіп, білім бәсекесінде өзгелерден оқ бойы озық болуына жұмыс істеуде. Замана көшінен қалмайтын білім ошақтарында 371 оқушы білім алады. Мұнан өзге Жаңаталап, Оян мектептерінің жанында шағын балабақша орталықтары бар. Еліміздегі пандемиялық ахуалға сай бұл орталықтар уақытша жұмысын тоқтатып тұр демесеңіз, әрқайсысы 25 баланы тәрбиелеуге қауқарлы.
Әлемді жаулап, алақанында ұстауға ұмтылған тәж-тажалмен күресте ел билігі аянып жатқан жоқ. Медициналық нысандар заманауи жабдықтармен қамтылып, ел тұрғындары соңғы үлгідегі дәрі-дәрмекпен қамтылуда. Мұнан елімізде адам денсаулығынан асқан байлық жоғын аңғаруға болады. Ал, Балпық ауылдық округінде де тұрғындардың басты байлығын сақтау жолында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Оны тәмпіштеп айтар болсақ, таң атып, күн батады. Дегенмен, кішігірім осы сала бойынша елді мекендердегі жайды баяндайық...
Ауылдық округте 1 ауылдық дәрігерлік амбулаториясы және 2 фельдшерлік пункт бар. 2014 жылы жаңадан Жаңаталап ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Амбулаторияда 1 дәрігер, 7 медбике халыққа қызмет көрсетеді. Дәрігерлік амбулаторияда 5 кісілік күндізгі стационар жұмыс істейді. Округ бойынша есепте тұрған гипертония, демікпе т.б. ауруымен ауыратын адамдар профилактикалық тексеруден өткізіліп, тиісті дәрі-дәрмектерге тиісінше қол жеткізіп отырады. Халықтың тұрмыстық жағдайы қазіргі таңда жақсы, демографиялық өсім де байқалады.
Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді айтқан. Шыны солай. Қазақ «балам-болашағым» дегенді жиі айтады. Өйте тұғын өз себебі бар. Біздің ұлт танымында дені сау, жаны жайдары, адамгершілігі мол, білімі терең ұрпақпен өмір сүру деген тәмсіл бар. Турасы, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақыл содан қалса керек. Ал мұндай ұрпақ тәрбиелеу үшін не қажет? Имандылық, иманды адамдар қажет. Бүгінде Балпық ауылдық округінде екі мешіт бар. Бұл имандылық шаңырақтары ауыл тұрғындарына Исламның құндылықтарын насихаттауда кемшін түсіп тұрған жоқ. Айтпақшы, бұл мешіттердің салынуына Әділжан Жексембаев және Мира Үсенова есімді атпал ауыл азаматтары демеушілік жасаған еді. Сондай-ақ, саналы ұрпақ тәрбиелеуде кітаптың да өз орны бар. 2007 жылы ауылдан кітапхана бой көтерді. Онда 4 қызметкер жұмыс істейді. Олардың айтуынша, 16201 кітап қоры бар кітапханаға ауыл тұрғындары жиі бас сұғып, өзіне қажеттіні тауып жатады.
Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін тек дамыған медицина мен соңғы уақытта шыққан бағалы дәрі-дәрмектен бөлек, спорттың да маңызы зор. Ауылдық округке қарасты Жаңаталап ауылында ашық стадион бар. Бұл спорттық нысан еш уақытта бос болмайды. Себебі де түсінікті. Ауылдық округте бірнеше футбол командалары бар, соның ішінде 2-еуі аудандық, облыстық додаларда топ жарып жүр. Ауылдағы спорттың дамуына, жарыстардың жиі өтуіне «Бақыт-Қаратал» ЖШС-нің президенті Серікжан Жексембиев, «Асқар» шаруа қожалығының басшысы Жұмағали Смаилов, «Джунисов» шаруа қожалығының басшысы Рауан Джунисов, «Усенов» шаруа қожалығының басшысы Бағдат Үсенов мұрындық болып, қаржылық демеушілік көрсетіп тұрады.
Мұнан өзге ауылдық округтегі тұрғындардың дені таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жаңаталап, Оян ауылындағылар таза судан таршылық көрмей отырса, Биыл Ұмтыл ауылына ауыз су жүйесі жүргізіледі екен. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Оян ауылына газ жүйесін жүргізу жұмыстары басталып, Жаңаталап ауылымен жалғастырылады. Сондай-ақ, 2009 жылы Жаңаталап, Оян ауылдарының көшелеріне жарық шамдары орналастырылды. Оян ауылында Асықбаев көшесі, Жаңаталап ауылында кіре-беріс және Жамбыл көшелеріндегі шамдар самаладай жарқырайды. Ауылдық округтегі жарық бағаналарының жалпы саны 129 болса, ол 2,4 шақырымға созылып жатыр. Биыл ауылдық округте бірқатар көшелер жөндеуден өтеді. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округке қарасты Оян ауылының Мұсанов, Шорабаева көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Асықбаев көшесіне тротуар салынды. Балпық ауылдық округінің орталығы Жаңаталап ауылының Жамбыл, кіре-беріс және Ильин көшелеріне, көше қиылыстарына рташа жөңдеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Ұмтыл ауылының Ахметше көшесіне ағымдық жөндеуден өткен. Мұндай ауқымды жұмыстар нәтижесінде ауыл көріктене түсті. Сонымен қатар, ауылдағы жұмыссыздар маусымдық жұмыспен қамтылды.
Жыл сайын ауылдық округтің елді мекендерінде көктем-күз айларында санитарлық тазалық сенбіліктері өткізіледі Елді мекендерді көгалдандыру бойынша келісім-шарттар жасалып, 37 түп қарағай, шырша, 50 түп павлония және 30 түп әртүрлі сортты алма ағашы отырғызылды. Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша күнделікті округте ғимараттардың, орталық көше, автотрасса бойларын қоқыстардан тазарту, жол бойындағы ағаштарды ақтау, отырғызылған күнделікті суғару, су келетін арықтарды тазарту жұмыстары атқарылады.
Ырыс тасыған,
шаруасы шалқыған
Балпық ауылдық округінің негізгі шаруасы – мал және егін. Кезінде дәурені дүрілдеген, несібесі тасыған қой совхозы тарағанын былайғы жұрт біледі. Есесіне жеке шаруашылықтар құрылып, бұрынғы дүбірінен әлі де танған жоқ. Бүгінде бұл ауылдық округте 1063 гектар жерге ие 20 шаруа қожалық бар. Олардың 5-еуі егінмен несібесін жинаса, қалғаны мал шаруашылығы арқылы ырысын тасытып отыр. Мұнан өзге 2 ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылдағы ағайынның жайына болысып жүр. «Бақыт-Қаратал» ЖШС-інде 43 мың гектарға шамалас жер бар. Оның – 1000 гектары суармалы егіншілікке негізделген. Ал, 41 мың гектарға жуығы жайылымдық жер. Мұнан аталмыш серіктестіктің мал және егін шаруашылығымен айналысатынын аңғару қиын емес. Ауылдық округтегі екінші серіктесті «ТекеліАгроСервис» ЖШС суармалы егіншілікпен айналысады. Жер көлемі 887 гектар болса, серіктестік оның 420 гектарына егін орналастырған. Жалпы, үш елді мекеннің шаруалары үстіміздегі жылы 53 гектарға көкөніс, 60 гектарға жаздық бидай, 290 гектарға арпа, 360 гектарға майбұршақ, 80 гектарға ұант қызылшасын, 31 гектарға картоп еккен.
Ауылдық округтегі мал саны өткен жылдармен салыстырғанда кәдімгідей көбейген. Сиыр саны 3650 басты құраса, Қамбар ата тұқымы 650 басқа жеткен. Қой мен ешкі саны 12,9 мың басқа таяу болса, ауылдық округте 6700 бас құс өсіріледі. Мұндай өсім өрісті кеңейтеді. Мәселен, 2020 жылы «Асқар» шаруа қожалығы құны 100 милион теңгені құрған мал бордақылау алаңын іске қосты. Бұл маңда 1000 бас мүйізді ірі қараны бордақылауға болады. Сондай-ақ, «Бауыржан» шаруа қожалығы 20 милион теңгеге 200 басты бордақылайтын алаң салып жатыр. Шілде айында құрылыс аяқталады. Ал, «Кусмолданов» шаруа қожалығы мал басын еселеп, 10 милион теңгеге 300 бас уақ мал сатып алуды көздеп отыр.
Ауылдың даму көрсеткіші көңіл көншітеді. Қалай дегенмен, іргелі һәм берекелі Балпық би ауылдық округі талайға үлгі. Бастысы мұндағы ағайынның ырысы тасып, берекесі кіре берсін деген тілек бар бізде де...

Автор:
М.Мақсым