Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кәсіпкерліктің көсегесі көгеруде


9 июля 2021, 07:20 | 1 092 просмотра



Өндірісі өркенін кеңге жайып, кәсіпкерліктің көсегесі көркейіп жатқан өңірде тілге тиек етер толымды тірліктер жетеді. Әр саласында толайым табыс бар ауданның кәсіпкерлік саласынан сөз қозғамау, ондағы жетістіктерді сөз етпеу бір кем дүниеге айналар еді. Жалпы еліміздің қай бұрышында да кәсіпкерліктің қанатын кең жаюына септесіп жүрген бірден бір құрылым «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қаратал аудандық филиалына бас сұғып, олардың атқарып жатқан толайым тірліктерімен таныстық. Филиал директоры Фархат Құсайынов басқаратын ұжым аудан кәсіпкерлерінің бағдаршамына айналған десек қате айтпағандық болар. Өйткені бұл ұжым өңірдегі бизнес атаулыға бас-көз болып, олардың құқығын қорғап, тұрмысын түзеуге жәрдемдесіп келеді.

Кәсіпкерлер палатасының
мақсат-міндеті
– «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басты миссиясы – еліміздегі ксәп атаулыға қолдау білдіріп, олардың жұмысына серпін беру. Елбасы әр сөзінде шағын және орта бизнесті өркендету арқылы ел экономикасын өрістететінімізді жиі айтады. Ел президенті Қ.Тоқаев та әр Жолдауында кәсіпкерлік субъектілерді дамыту арқылы, елдің тынысы кеңіп, сыртқы импортқа тәуелділіктен құтылу керегін тапсырып жүр. Міне, осындай ауқымды тапсырманы мойынға жүктеген палатаның жұмысы қарқынды. Жалпы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коммерциялық емес ұйым. Әу бастағы алға қойған міндеттемесі - отандық бизнестің көсегесін көгерту. Бұл құрылым шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғап, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастырады. Сондай-ақ, елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сондай-ақ шетел инвесторларының кәсіп жүргізуіне қолайлы жағдайлар қалыптастыру. Мұнан өзге кәсіп бастауға ниет еткен әрбір қазақстандықты кәсіпкерлік курстарынан өткізу және түрліше кеңестер беру. Міне, осындай ауқымды шаруаны аудандық филиал өз қал-қадірінше атқарып келеді, - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қаратал аудандық филиал директоры Ф.Құсайынов.
Жыл өткен сайын кәсіпкерлік саласы бойынша түрліше мәселелер туындайды. Бұған себеп бұл саланың кең өріс жаюы. Даму болғанда мәселелердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай самсап шығатын әдеті ғой. Мәселен, былтыр Ф.Құсайынов басқаратын ұжымға аудан кәсіпкерлері тарапынан көп өтініш түскен. Аудандық филиал бұл мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысып, 3 әкімшілік кедергі бойынша, 1 құқық қорғау бойынша, 1 өңірлік сұрақтар бойынша және 3 республикалық мәселелер бойынша өтінімге жер-жерден сұрау салып, түйіткілдердің түйіні тарқатылған
Жоғарыда айтқанымыздай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бір миссиясы - ел тұрғындарын кәсіпкерлікке баулу. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, Елбасы билік тізгінін ұстаған тиісті құрылымдарға кәсіпкерлікке баулуды мектеп жасынан бастау қажеттігін тапсырған еді. Мұны Ел президенті Қ.Тоқаев та қуаттап, 2019 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұсынысы негізінде «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде мектептерде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» деген қосалқы пән енгізілді. Ал 2020 жылдан бастап атаулы пән міндетті пәндердің қатарына қосылды. Кәсіпкерлер палатасы жанынан осы пән бойынша сабақ беретін мұғалімдерге арналған және олардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын арнайы курстар ұйымдастырылған. Курсты оңтайлы аяқтаған тәлімгерлер дәріс өтуге рұқсат беретін сертификаттар берілген.
– Бірқатар шет елдерде бұл тәжірибе әуелден қолға алынған. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур сынды елдерде балаларды кәсіп негізімен сусындату әлдеқашан жүзеге асуда. Міне, «Атамекен» бастамасымен қолға алынған бұл жоба нәтижелілігін көрсетуде. Жалпы атаулы пәннің негізі теория мен тәжірибе һәм геймификациялық ойын тәсілінде отеді. Нәтижелілігі сол аудандағы орта мектептердің оқушыларымен онлайн форматта кездесу өткіздік. Сонда байқағанымыздай бұл пәнді тереңдете түсу қажет. Мәселен, аудандағы ірі кәсіп иелерімен оқушылар кездесіп, белді кәсіпкер өз тәжірибесімен бөлісіп, оқушыларды қанаттандырса деген ойымыз да бар, - деді филиал директоры Фархат Құсайынов.
Қауіпсіздікке қалқан
Жоғарыда айтқанымыздай, қазір адам қауіпсіздігінен асқан құндылық жоқ. 2019 жылы басталған пандемия әлемді алаңсыз алаңдатып қойды. Өмір мен дерт арасындағы айқаста Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар, дәрігерлер болмағанда бүгінгі тұрмыс басқаша болуы мүмкін еді. Жалпы пандемия салдарынан қоғам басқаша өмір сүруге бет бұрды. Кәсіпкерлік нысандар да адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауға бағытталған тың жұмыс қарқынына көшті. Мәселен, қазір қоғаммен тығын жұмыс сітейтін кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» мобильді қосымшасымен жұмыс істеуге көшті. Бұл жобаны еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ-компаниясы даярлады. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлік пен халық арасында қауіпсіздікті сақтау. Шынтуайтыны керек, аудандағы кәсіпкерлер бизнесін жобаға әбден бейімдеп, халық та, бизнес өкілдері де бұрынғы белсенділіктен алшақ жұмыс істеуге бой ұрды. Жоба QR-код және ПТР базасымен интеграция арқылы қоғамдық орынға келушінің ковид-статусын анықтауды. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысан – жобаға қатысушы санитарлық нормалармен қатар қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.QR-код кәсіпкерлік нысанға беріледі. Кәсіпкерлер пилоттық жобаға қатысу үшін жеке арнаулы кодты InfoKazakhstan.kz платформасынан алады. Бүгінде Қаратал ауданында 30-дан астам кәсіпкерлік нысан аталмыш жобаға тіркеліп, жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.
Мұнан өзге аудандық кәсіпкерлік нысандардың ішінде сауда-саттыққа негізделген бизнес өкілдері арасында «Адал ниетпен» байқауына ұсыныс берілді. Байқауға әзірге Қалпе ауылындағы «Берік»дүкені ғана құжаттарын әзірлеген.
- Бұл байқаудың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау. Сайыс шартына сәйкес кәсіпкерлік нысан 21 жастан аспаған азаматтарға темекі өнімдерін бермеуді, сатпауды насихаттап, видеоролик түсіруі тиіс. Мұнан өзге үгіт жұмыстарын жүргізіп, өзгелерге үлгі болуы тиіс. Әзірге ауданда жалғыз «Берік» дүкені толықтай құжаттарын жинақтады. Бұл дүкеннің бар шаруасын әжесі мен немересі жүргізіп келеді. Олар темекі сатпауға қатысты көрнекі құралдарды дүкен ішіне іліп, темекі шегуге қатысты қандайда сұраққа жауап беруге даяр. Расында Республикалық байқаудан бұл дүкен жүлдесіз болмады деген ақпарды алып отырмыз, - деді Фархат Құсайынов.
«Бастау-бизнес»
кәсіпкерлікке тың серпін
Елімізде кәсіпкерлікке қолдау қажетті мөлшерде екенін айттық. Бұл саланың тамырына қан жүгіртіп тұрған негізгі бағдарлама – «Бастау-Бизнес». Талай кәсіпті қалай бастаймын деген аудан тұрғынының қанатын қомдап, тынысын ашқан да осы бағдарлама. Мәселен, «Бастау-Бизнес» бағдарламасына 2018 жылы 112 адам қатысып, курстан өтсе, оның 26-сы грант жеңіп, 34-і жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. 2019 жылы бұл көрсеткіш едәуір өскен. Бұл жылы бағдарлама негізіндегі курста 162 адам оқыған. Жұмыссыз жүріп, осы жылы курсқа қатысқандар кәсіптік жоспарын сәтті қорғап, 90-ы грант жеңсе, 25-і несие алған. Ал өткен жылы аталмыш бағдарлама өзегінде 145 ауданның тұрғыны қатысып, олардың 63-і грант, 17-сі жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Айтпақшы, бұл жоба аясында оқыған әрбір тұрғынға берілген сертификат 3 жыл көлемінде жарамды.
- Биыл Қаратал ауданында «Бастау-бизнес» бағдарламасы негізінде үш кезең бойынша 125 адамды оқыту жоспарланған. Алғашқы кезең 26 сәуір-16 мамыр аралығында өтіп, 42 адам курс оқыды. Екінші кезең 24 мамыр-13 маусым аралығын қамтып, 50 адам оқыды. Үшінші кезең 21 маусым-11шілде аралығында өтеді. Қазір оқып жатыр. Палата филиалының өкілдері адамдардың мәліметін базаға тіркейді. Әгараки, кәсіпкерлік курсын оқып жатқан азаматтың сабақ үлгерімі нашар болса, оқудан шығып қалады. Қазіргі таңда еліміздегі пандемияға байланысты оқу курсы онлайн сабақ түрінде өтуде. Аудан азаматтары курсты atameken academy платформасы немесе atameken.co сайты арқылы оқуда, - деді аудандық филиал директоры.
Жалпы «Бастау-бизнес» кәсібін жаңадан бастауға ниеттенгендерге мол мүмкіндік ашады. Мәселен, арнайы курсты аяқтап, бизнес жоспарын сәтті қорғаған ел тұрғыны кәсібін бастау үшін бастапқы көмек ретінде грант алуға мүмкіндігі бар. Мәселен, кәсіп бастаушы курс аяқтағаны жөнінде құжаттарды жұмыспен қамту орталығына өткізеді. Бұл мекемеде арнайы комиссия бар. Кәсіп бастаушы комиссия алдында өз бизнес жобасын қорғайды. Егер жеке тұлғаның бизнес жоспары мақұлданса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни 583400 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болады. Тағы бір мүмкіндік, кәсіп бастаушы «Бизнестің Жол Картасы - 2025» бағдарламасы аясында 2-5 млн. теңге аралығындағы грантты да алуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан 6 пайыздық несиеге қол жеткізе алады. Егер кәсіп бастаушы басқа жолды қарастырса, «Қаратал несие серіктестігі» ЖШС арқылы да несие алуына болады. Айтпақшы, филиал директоры Фархат Құсайыновтың айтуынша, биыл Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанынан Алматы облысында микроқаржылық ұйым ашылып,«Бастау» жобасын сәтті аяқтаған азаматтарға 6 пайыздық мөлшерінде несие берілмек.
«Бастау-бизнестен» бөлек өткен жылы 45 аудан тұрғыны «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша дәріс алса, «Бизнес-кеңесші» екі күндік дәрісті 26 адам оқыды.
Жалпы Қаратал ауданында өткен жылы 2502 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 2345-і өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Жалпы, аудандағы кәсіпкерлік нысанның 190-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1267-ы жеке кәсіпкер, 1045-ы шаруа қожалығы, 3-еуі ауылшаруашылығы өндірістік кешені, 1-еуі кәсіпкерлік қолдау орта орталығы. Өткен жылы «Бизнестің Жол Картасы-2025» бағдарламасы бойынша 3 аудан тұрғыны кепілсіз 12 500 000 теңге көлемінде несие алса, «Еңбек» бағдарламасы аясында 29 қараталдық 118 300 000 теңге несиені еншіледі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 17 адам 54 400 000 теңге көлемінде несие қол жеткізген. Сондай-ақ, «Жол картасы» бағдарламасы арқылы 4 адам 8 млн. теңге иегері атанды. «Қаратал несие серіктестігі» серіктестігі арқылы 12 аудан тұрғыны 63,9 млн. теңге көлемінде несие алып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.

 

Автор:
М.Мақсым