Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жамбыл тұрған жерден туған жеріне дейін


3 июля 2021, 07:51 | 2 249 просмотров



Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жамбыл тұрған жерден туған жеріне дейін» атты экспедиция Жамбыл ауданынан Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына жолға шықты.
Абыз жыраудың кіндік қаны тамған Мойынқұм өңіріне жол тартқан делегацияның құрамында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, аудандық мәслихат хатшысы Саят Жұрын, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әскербек Абаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Чажабаев, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары және БАҚ өкілдері болды.
Ең алдымен экспедиция Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Жамбыл ауылына барды.
Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы бастап барған делегация Мойынқұм өңірінің мақтанышы, үздік шопан, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев атындағы музей ұжымына Жамбыл Жабаевтың жуырда жарық көрген кітаптарын естелікке тарту етті.
Бұдан кейін делегация Мойынқұм ауданының орталығында орналасқан Жамбыл атындағы 800 орындық мектеп-гимназиясына барды. Оқу орнының директоры Нұртас Саурықов қонақтарға білім ордасының жетістіктерімен бөлісіп, Нұрлан Ертасұлымен бірге мектеп ауласындағы Ж.Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сапардың кезекті бөлімі Мойынқұм ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған баспасөз мәслихатымен жалғасты.
Жиын барысында Нұрлан Ертасұлы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған ауқымды шараларды баяндап, Жамбыл ауданының тыныс-тіршілігін Мойынқұмдық зиялы қауымға таныстырды.
Екі ауданның жазушы ғалымдары Ұлы жырау Жамбыл Жабаев туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Алдағы уақытта іргелес жатқан екі аудан экономика, мәдениет саласында тығыз қарым-қатынас орнататындығын айтты.
Іс-сапардың қорытындысы Мойынқұм аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты кешке ұласты. Мерекелік кештің ашылуында аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы құттықтау сөз сөйлеп, Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған өңірдің жұртшылығына Жетісу жерінің жылы лебізін жеткізді. «Сүйінбай» театрының өнер ұжымы Жамбылдың өнері мен өмірінен сыр шертетін театрландырылған қойылым көрсетті.
«Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары да өз өнерімен көрерменді тәнті етті.
Қорытынды сөз алған Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев Жамбыл ауданынан барған барлық экспедиция мүшелеріне алғыс айтып, бұл шараның мойынқұмдықтарды ерекше әсерге бөлеп, көпшіліктің көңілін бір серпілткенін жеткізіп, өз ризашылығын білдірді.
Автор:
Ақпаратты ұсынған Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы