Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕЛІМЕН ЕҢСЕЛІ ЕДІ


2 июля 2021, 11:54 | 1 244 просмотра



Сыйлаған елдің құлы бол, құлы бол да пірі бол! Серікжан Ісләмұлы осы қағиданы бала кезден ұстанды. Ата-ана, ағайын-туыс, ауыл-аймаққа адал перзент бола білсем деп еңбекке ерте араласты. Шаруаны шалқыту ұйымдастыру мен ізденістен тұратынын бағамдады. Ел-жұрт алдындағы жауапкершілік сезімі үлкен өмірге бағдаршам болды. Оның бойындағы ұстамдылығы мен жауапкершілігі бастаған істі аяқсыз қалдырмауға жетеледі. Табандылығы мақсатын бағындырды.

Ол еңбек жолын өзі туған ауылдан бастады. Жайлы жер іздеп үлкен шаһарға жол тартпады. Алматыдағы энергетика институтын инженер-электрик мамандығы бойынша тамамдап, қасиетті Қараталға қайтып келді. Бақытын ауылдан іздеді. Еңбек жолын Үштөбедегі ет комбинатынан бастады. Ол ет комбинатындағы жұмыстарын 1983 жылдан 1993 жылға дейін жалғастырды. Комбинаттағы қыры мен сыры көп жұмыс Серікжан Ісләмұлының іс жүргізудегі қабілет-қарымын ашты. Өндірістің жұмыс жүйесі жас маманның қызығушылығын тудырды.
Кәсіппен шұғылданғанның нәсібі артатынын бағамдап, шикізатты дайын азық-түлікке айналдырудың жолдарын меңгерді. Қыры-мен сырын санаға сіңірді. Осылайша, өзінің жеке кәсібін ашуға деген қызығушылығы оянды. Мен неге кәсіпкерлікпен шұғылданып көрмеймін? Тәуекел етсем қолдан келетін шаруа сияқты ғой деген ой тыным бермеді.
Ол алдымен өзінің бизнес жоспарын жасап алды. Сонымен, 1993 жылы «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жұмысын жандандырды. Ыждағаттылықпен басталған шаруа үйлесімін тапты. Серіктестіктің шаруасын дөңгеленткен азамат енді өзін мемлекеттік қызметте сынап көрмекке бекінді. Оның үстіне әкімдікке де істі төменнен бастаған, ауылдың жағдайын түсінетін адам керек еді. Сонымен, Серікжан Ісләмұлы өзінің еңбек жолын Талдықорған қаласы әкімінің аппарат басшысы қызметімен жалғастырды.
Қала тұрғындарының әр- алуан мәселесі, оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру ұйымдастырушылық қасиетті талап етеді. Бұл орайда аппарат басшысы сол кездегі қала әкімі Сәкен Жылқайдаровпен бірлесе көптеген мәселені шешті. Тоқыраудан кейін қала халқының жағдайы ауырлап қалған еді. Шаһарда электр жарығы жоқ. Көпқабатты үйлер жылусыз қалды. Әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін отбасыларға азық-түлік жағынан көмек көрсету қажет болатын. Қыста халықты отын-су жағы әбігерге салатын. Қала сыртындағы ағаштар жаппай кесіле бастады. Міне, осы кезде қала басшылары тұрғындарды қиындықтан аман алып қалу үшін жан-жақты жұмыс істеді. Жоқтан бар жасады. Шаһар басшылары білім, медицина салаларының жұмысын назарда ұстады. Интернат, балалар үйін азық-түлікпен қамтамасыз ету барысында жеке шаруашылықтардан көмек сұрауға тура келді. Кейде басшылық әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасыларға көмекті өз жанынан жасайтын. Сол кезде Серікжандай азаматтар нарықтың қыспағына ұшыраған халықты аман алып шығуға бар күш салды. Өндіріс орындары тоқтағандықтан елді жұмыссыздық жайлады.
Бар үміт бірен-саран малда қалды. Өңірде мал азығын өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы еді. Әсіресе, сүт ысырап болып жатты. Елде төрт түлік бар. Бірақ, соның өнімін сатып, табыс көзіне айналдыратын мүмкіншілік жоқ. Әсіресе, ауыл халқы қолдағы бірер бас ірі қараның сүтін сатса бала-шағаға талғажау болар еді. Осыны ойлаған Серікжан Ісләмұлы өзі бас болып, сүт өңдейтін кәсіпорын ашуды қолға алды. Осылайша әкімдіктегі бір жылғы еңбек өтілін қайтадан кәсіпкерлікпен ұштастыруға тура келді. Ол «Айдын» деп аталатын өндірістік кәсіпорын ашты. Оған сүтті жер-жерден жинады. Нәтижесінде, табиғи сүт, май, қаймақ дүкендерге жеткізіле бастады. Шалғай елді мекендердің тұрғындары сүт сатып, май-шайларын айырды. Ауыл-ауылдан сүт жинайтын пункттер ашылды. Шаруа қожалықтарына көлік жіберілді. Өзекті мәселенің түйіні шешіліп, бір-екі сиыры бар үй өзегін жалғады. Шаруасын дөңгеленткен соң Серікжан Ісләм- ұлы мемлекеттік қызметке қайта оралды. Қаратал ауданы әкімінің орынбасары қызметін екі жыл атқарған соң облыс басшылары оны сол ауданға әкім етіп тағайындады.
Қаратал негізінен күріш шаруашылығымен айналысады. Оның сыртында жуа, бақша дақылдары өсіріледі. Көп жылдан бері тазаланбаған каналдарды көпжылдық шөп шіріндісінен тазалатты. Судың ысырап болуына жол берілмеді.
Панфилов ауданына әкім болып барысымен ауылшаруашылығының тұралап қалған тұстарына қан жүгірді. Дәнді дақыл өсіру, мал шаруашылығын асылдандыру қолға алынды.
Ол Текеліде әкім қызметін қолына алысымен өндіріс орындарын жандандыруға кірісті. Кеңес одағы тұсында мұнда қорғасын-мырыш кеніші жұмыс істеген болатын. Тоқырау жылдары кә- сіпорын тоқтап, мыңдаған адам жұмыссыз қалған.
Текелінің көркі көрген адамды таңқалдыратын көркем. Табиғаты тамылжып тұр. Жеміс-жидектің барлық түрі өседі. Таулы жер болғандықтан алма, алмұрт, бүлдірген, таңқурай жаңбырмен-ақ өсе береді. Мақсат – осындай көркем жерге орналасқан қаланың сұрқын қашырмау. Ел-жұрттың қайта қоныстануына жағдай жасау. Сол кезде моноқалаларды қайта қалпына келтіру туралы қаулы қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге несие берілді. Іс бастаймын дегендерді әкімдік қос қолдап қолдады. Қала халқын жұмыспен қамтамасыз етудің жаңа бағыттары айқындалды.
Сол кездегі Үкімет Текеліні «Казцинк» акционерлік қоғамының құрамына кіргізу жайлы қаулы шығарды. Қала басшысы осы жағдайды тиімді пайдаланып, тұралап қалған шаһарды қалпына келтірудің оңтайлы жолдарын қарастырды. Сондықтан, халықты жұмыссыз қалдырмас үшін шойын балқытатын өндіріс орнын ашу жоспарланды. Ашылды, тұрғындар екі қолға бір жұмыс тауып, әлеуметтік жағдайларын түзей бастады. Моноқалада тұралап қалған тігін цехы, жылыжай, тас өңдейтін кәсіпорын қалпына келтірілді. Өндірілген өнімдермен қала көшелері жөнделді. ТМД елдері арасындағы ең ұзын көше саналатын атақты Қонаев көшесі қайта жөндеуден өтті. Тротуарлар қаланың өзінде өңделген өнімдермен жаңартылды.
Мәрмәр тас өңдейтін цех ашылды. Өнім Текеліден басқа қалаларға да жөнелтіле бастады. Талдықорғандағы құрылыс алаңдарына осы жерде өндірілген мәрмәрлар пайдаланылды. Іскер басшы қаланың туризм саласын да барынша ілгерілетті. Тау шаңғысы мен атпен сейіл құру туризмінің кең етек жаюына мүмкіндік тудырды. Жол, инфрақұрылым салу қолға алынды. Осының бәрінің тетігі Серікжан Ісләмұлының іскерлігімен астасып жатты.
Қалада тағы бір түйінді мәселе бар еді. Ол – тоқырау жылдары жұмыссыздықтан қала тұрғындарының біразы көшіп кеткендіктен бос қалған пәтерлердің жайы. Кейбір көпқабатты үйлерде үш-төрт тұрғыннан қалған. Ендігі мәселе тұрғындарды орталыққа қарай көшіріп, шоғырландырып, жылуды сол үйлерге беру. Іс оң шешімін тауып, тұрғындар коммуналдық жүйені тиімді пайдаланды. Текелінің тамырына қан жүгірткен басшы іскерлігімен көзге түсті. Ұйымдастырушылық қасиеті мен сабырлы мінезі маманның қызмет баспалдағымен жоғарылауына мүмкіндік ашты.
Серікжан Бескемпіров облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Сол кезде облыс әкіміне ауылшаруашылығын жақсы білетін орынбасар керек еді. Серікжан Ісләмұлының бірнеше аудан мен қаланың ауылшаруашылығы жұмысын дөңгеленткені облыстың үлкен саласын басқаруға жол ашты. Сонымен, оған облыстың аграрлы саласына жетекшілік ету жүктелді. Облыс әкімі Амандық Баталов орынбасары Серікжан Бескемпіровке жүгері мен қант қызылшасы дақылдарын өсіруді жандандыруды баса тапсырды. Осының нәтижесінде Жаркент өңірінде жүгері өсіру, сақтау, мал азығына пайдалану дұрыс жолға қойыла бастады. Көксу қант зауытының тәтті түбірді қабылдау мүмкіндігі артты. Ақсу қант зауыты толыққанды жұмыс істеуде. Аталмыш шикізат өңдеу кәсіпорны күрделі жөндеуден өтті. Серікжан Бескемпіров Алакөлдегі қант зауыты жұмысының жүруіне де бар білім-білігін салған болатын. Бүгінде ол кәсіп- орын да жұмыс істеуге дайындалуда. Талапшыл басшыға іскер орынбасар сай келгенде атқарар істегі түйін шешілмей қоймайды.
Қант қызылшасы – Ақсу, Сарқан, Көксу, Ескелді аудандарының төл дақылы. Соған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыста тәтті түбір өсіруді қайтадан қолға алу жайлы тапсырма берді. Өңір шаруашылықтарына Қазақстанды отандық өніммен барынша қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Бұл міндет сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің оң жамбасына келе кетті. Қиын шаруа жайымен шешіле бастады. «Терең су ағысын білдірмейді» демекші, іскер жетекші дақыл өсіру мен шикізат өңдеу кәсіпорындарын қалпына келтіруге бел шеше кірісті. Көксу және Ақсу қант зауыттары қайта құрылымдаудан өтті. Құрылғылар түгелдей жаңартылып, жұмыс істеу мүмкіндігі арттырылды. Осы бағытта болашақта Алакөл ауданындағы Бескөл қант зауыты мен Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосу жоспарлары бекітілді. Қазір бұл жоспар да іске асатын болып шешілді. Ол жөнінде облыс әкімі Амандық Баталов өзінің брифингте сөйлеген сөзінде: «Қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр. Енді Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қалпына келтіру жоспарлануда. Осылайша біз алқап аумағын 35 мың гектарға ұлғайту арқылы қант қызылшасы көлемін 2 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз» деген болатын. Яғни, Серікжан Ісләмұлы кезінде жоспарлаған істердің толық аяқталатыны ешқандай күмән тудырмайды.
Облыс әкімі Амандық Баталов: «Індеттің кесірінен талай атпал азаматтарызмыздан айырылып қалдық. Мен Серікжанның дүниеден өткеніне әлі сенбеймін. Ақсудың қант зауытын көріп кел деп іссапарға жіберген сияқты болып тұрамын. Әне-міне жағдайды баяндауға есігімді ашып, кіріп келетін сияқты», – дейді әріптесін қимастықпен еске алып. Ол кеңесуге келгенде жүз жасаған қарттай, ауырлыққа келгенде жүк көтерер нардай еді.
Мәңгі өмір болмайтыны белгілі. Бірақ, мәнді өмір болады. Серікжан Ісләмұлы елінің өркендеуіне бар күш-жігерін арнады. Білім мен білігін өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеуіне жұмсады. Еңбегі ақталды. Ол алдымен облыс экономикасының дамуына сіңірген өлшеусіз қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және тағы бірнеше медальдің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Серікжан мен Айбарша екеуі екі ұл тәрбиеледі. Бүгінде қос ұл әкесінен алған тәрбиесін бағдаршам етіп, елдің болашақ ғимаратының бір-бір кірпіші болып қаланған.
Мен Серікжан Ісләмұлымен әріптес ретінде жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін ақжүрек азамат еді. Қандай шаруаға да байыппен қарайтын. Ешуақытта асығыс шешім шығармайтын. Даңғазалық, кеудемсоқтық мінез оған жат болатын.
Үндемей жүріп үлкен іс тындыратын. Мемлекеттік қызметшіге тән мінезі де сабырлы, әдепті еді. Дауыс көтеріп сөйлемейтін. Халықтың жағдайын бар жанымен түсініп, елдің жел жағына шыққысы келіп тұратын. Оның қарапайымдылығы мен қызметтегі жауапкершілігі бүгінгі жас мемлекеттік қызметкерлерге үлгі болуы тиіс. Атақ пен абырой оған елге адал қызмет еткені үшін берілді. Ол халыққа жақын әкім еді. Жұлдыздар із тастап ағады. Серікжан Ісләмұлы да соңына өшпес із қалдырған жан. Оның сара жолы көпке үлгі. Қарапайым, сабырлы қалпы ел жүрегінен өшпек емес.

 

Автор:
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,Алматы облысыныңҚұрметті азаматы