Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еліне Олимпиада жеңімпаздарын сыйлаған аудан


2 июля 2021, 11:52 | 1 283 просмотра



Қаратал ауданы дарынды спортшыларымен дараланған өлке. Шыбық отырғызсаң, бәйтерекке айналатын аймақтан небір мықты палуан, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаған зілтеміршілер, танымал былғары қолғап шеберлерлі шықты. Бұл сөзімізге 1996 жылы Атланта Олимпиадасында еліне қола медаль силаған Мәулен Мамыров пен Афины аламанында күміс жүлде еншілеген ауыр атлет Сергей Филимоновтардың толағай табысы дәлел болады. Ауданда қазір де намысты қолдан бермейтін жас спортшылар жетерлік. Қараталдан шыққан түлектер түрлі спорт бойынша ұлттық құрама қатарында өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерде атой салуда.

Бүгінде Қаратал ауданында 46658 халық тұрады. Өлкедегі халықтың 14 мыңнан астамы салауатты өмір салтын ұстанады, яғни, жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген сөз. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының 30,0% құрап отыр. Сонымен қатар, жалпы 182 спорт нысаны халыққа қызмет етіп келеді. Нақтырақ тоқталатын болсақ, соның ішінде 35 спорт залы, 1 стадион мен 1 спорттық-сауықтыру комплексі ел игілігіне берілген.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 16 бөлім жұмыс істейді, оның ішінде: ауыр атлетика, бокс, қазақ күресі, еркін күрес, велоспорт, грек рим күресі, қол күресі, дзюдо, жеңіл атлектика, волейбол, тоғызқұмалақ, футбол, шахмат, баскетбол, пауэрлифтинг және гір спортын айтуға болады. Осы бөлімдерде 29 бапкер жұмыс істейді. Онда 831 өрен шынығып жатыр. Жасөспірімдер аудан, облыс, республика, Азия құрылығы көлемінде өткізілетін жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Былтыр балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1- халықаралық спорт шеберін, 2 спорт шеберін, 1 спорт шеберлігіне үміткер, 35 жалпы спорттық дәрежелі спортшыларды дайындады. 2020 жылы Қараталдық спортшылар барлық ірі жарыстарға қатысты десе де болады. Аудан спортшылары арасынан 1 Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының 10 чемпионы мен 11 жүлдегері шықты.
Чемпиондар ұстаханасы
Елімізге танымал маман Дон Лазарь негізін қалаған Үштөбе ауыр атлетика мектебінің тарихы терең. Бұл өлкенің спортшылары ересектер мен жастар, жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде қатарынан оншақты жыл топ жарды. Қарсылас шақ келтірген жоқ. Мәселен 2013 жылы Қараталдан шыққан 18 жасөспірім зілтемірші Қазақстан республикасының чемпионатында жеңімпаз атанып, тарихи жетістікті тіркеген болатын. Чемпиондар ұстаханасынан Қазақстанға еңбек сіңірген бірнеше спорт шебері мен 40 тан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен ҚР спорт шеберлері түлеп ұшты. Бұл ретте есімдерін тізіп шығатын болсақ, жоғарыда аталған Сергей Филимонов, 2014 жылы Алматыда өткен Әлем біріншілігінің күміс және 2009 жылы Оңтүстік Корея жеріндегі Азия чемпионатының бірінші орын иегері Владимир Седов, Жасөспірімдер арасындағы сайыстарда топ жарған Олег Шин, Надежда Ногай, Азия біріншілігінің жеңімпазы Маргарита Елисеева сынды саңлақтардың жетістігі толайым. Қазір ауданжа олардың жеңісті жолын жалғап жүрген жастар да баршылық. Соның бірі биыл Токиода өтетін 32 ші жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын Игорь Сон. Ол 2015 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанса, артынан Әлем біріншілігінде де алдына жан салған жоқ. Арада төрт жыл салып ересектер арасындағы аламанға араласты. Үштөбелік ауыр атлет бұл сында да сенім үдесінен шығып, жүлде тұғырынан қол бұлғаған еді. - Екі жыл бұрын Олимпиадаға бару туралы үш ұйықтасақ түсімізге де кірмейтін еді. Бірақ, бағыма қарай, жолым болып кетті. Жолдама уысымзда. Жарыстарға қатысып, қажетті ұпайлар толыға берді. Сөйтіп, алдыңғы орындарға шықтық. Ал Азия чемпионатында жарақатымның салдарынан бар мүмкіндікті көрсете алмадым. Енді Олимпиадада басқаша болады деп ойлаймын. Жиырмасыншы жылы пандемия болды ғой. Негізгі жарыстың барлығы 19 шы жылы өтті. Соларға қатыстық. Жуырда өткен Азия біріншілігінде төртінші орын бұйырды. Жаман нәтиже емес, дейді Игорь.
Игорьді төртжылдықтың басты бәсекесіне баптап жатқан Сергей Седов. Ол талай аламанда ел намысын абыроймен қорғаған Владимир Седовтың бауыры. Екеуі де Үштөбе ауыр атлетика мектебінің ұландары. Сол мектептен алған білімін кейінгі шәкірттеріне үйретіп жатқан маман Олимпиада турасындағы ойын былай жеткізген- Иә, әрине, жолымызда көптеген кедергі болды. Көп жұмыс істедік. Талай жарақат алған кездеріміз де болды. 2019 жылдан бері алты жарыста бақ сынадық. Тіпті 2018 жылдан бері десек те болады. Катардағы жарысты айтып тұрмын. Содан бері алты сайысқа қатысыппыз. Әлем біріншілгінде Олимпиадалық салмақта емес, жаңа салмақта өнер көрсеттік. Оның арасында біраз салмақ жиналып қалған. Ол да өз кедергісін келтірмей қойған жоқ. Қиындық пен кедергілер үнемі кезігеді ғой. Бапкерлер мен спортшылар да қателесетін тұстары жетерлік. Енді Олимпиадада қолдан келгеннің барлығын жасау керек.
Игорьдің ізбасарлары бар ма, Үштөбе ауыр атлетика мектебінің қазіргі жай-күйі қандай дәрежеде деген сауалдың жетегімен жақында Қаратал ауданының орталығына барып қайтқан болатынбыз. Күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын өзенді жайлаған ағайынның бұл жағынан жағдайы жаман емес көрінді. Сергей Седовтай бапкерлерден қалған жұмыс тоқтамапты. Қазір мұндағы ауыр атлетика залында Жандәулет Бекболатов сынды жастар бапкерлік істі ілгері сүйреп келеді. Жандәулет үйірмедегі кіші топтағы балаларды баптайды екен. Өз Қаратал ауданының тумасы. Үштөбе ауыр атлетика мектебінің түлегі. Жастайынан спортқа әуес болған. Ауыр атлетикамен спорт шебері дәрежесіне дейін айналысыпты. Жиырма үш жасқа дейінгі спортшылар арасында ел чемпионатында топ жарды. Шетел асып, ел намысын қорғаған кездері де болды. Жаттықтырушылық жұмыстағы еңбегі де жемісті. Оның шәкірттері арасынан облыс чемпионатының жүлдегерлері шықты.
Дәл осы залда үлкен топтың балалары да жаттығады екен. Дмитрий Ольховский баптайтын өрендердің де нәтижесі жаман емес. Бір ғана дәлел ретінде былтыр АҚШ та Әлемдік рекорд орнатып, көк байрағымызды желбіреткен Сайхан Тайсуевтің есімін-ақ атауға болады. Үштөбелік өрендердің жолына үлкен үмітпен қарайтын Дмитрий Ольховский, - Мысал үшін біздің мектебіміздің үш шәкірті биыл халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Олар пауэрлифтингтен Биля Регина және ауыр тлетикадан Алексей Дроздов пен Тайсуев Сайхан. Сонымен қатар, біздің балалардың арасынан жетеуі спорт шебері дәрежесін еншіледі. Мұның барлығы осы жылдың жемісі. Кішкене кешіктіріп алған дәрежелеріміз де болды бірақ барлығы ойдағыдай деуге болады. Жаңағы аталған шәкірттерімізден де басқа енді өсіп келе жатқан өрендер бар. Олардың да нәтижесі көңіл қуантады, дей келе, әлі де біраз биікті бағындыратын жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде ауыр атлетикадан ел құрамасының қатарында Қараталдық біраз зілтерімші бар. Оның барлығы Үштөбедегі осы залда жаттықан спортшылар. Бұл ретте, әрине, бапкерлер еңбегі ерен екені анық. Мұндағы мамандар өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Дмитрий былтыр карантин кезінде де жаттығуын үзбепті. Залға кіруге рұқсат болмағасын шәкірттерін өзінің көлікжайында баптаған. - Бір сәтте залымызды жауып тастады. Жаттығуға болмайды, тоқтатыңдар деді. Жаттығатын жер таппай қалдық сөйтіп. Амал жоқ. Бірақ жаттығуды тоқтатуға болмайды. Сөйтіп, көлікжайымнан автокөлігімді шығаруыма тура келді. Тазалап, жаттығуға керекті дүниенің барлығын орнаттық. Мектептен зілтемір сұрап алдым. Оны әкеліп орнаттық. Күнделікті бес-алты бала дайындалып жүрді. Әрине,індет болғасын, талаптарды да ұмытқан жоқпыз. Бір уақытта тек екі балаладан ғана дайындалды. Осылай жаттыға бастадық. Жаз болғасын жылы болды. Осының арқасында балалардың дайындығында үзіліс болған жоқ. Шеберліктерін шыңдай түсті. Негізінен республикалық жарыстарға баратындарды дайындадым, дейді сол уақыттағы естеліктерімен бөліскен Дмитрий Ольховский.
Еңбегі ерен Ертуған
Қаратал ауданындағы бапкерлердің осындай ерен еңбегінің арқасында жергілікті жастар жоғары нәтижелерімен көңіл қуантып жүр. Бұл ретте бокс тақырыбын да қозғамай өтуге болмайды. Кезінде Михаил Юрченкодай шебер шыққан өлкеде таланттар таусылмапты әлі де. Қазір мұндағы жастарды жаттықтыратын Алмас Жыңғылбаев дейтін маман. Оған бұл шаруада ұлы Айдос көмектеседі. Әкелі-балалы бапкерлер жұбының жұмысы жемісті деуге толық негіз бар. Мәселен, осы мектептің қайнарынан қанып ішкен Ертуған Зейнулинов былтыр бокстан өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Бұл Қаратал ауданының бокс тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Өйткені, Ертуған ауданнан жиырма жылдан кейін шығып отырған ел чемпионы еді. Одан бөлек, мұндағы мектептен түлеп ұшқан тағы бір өрен – Мирас Ертанов «Патриот Қазақстан» сайысында жүлде тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғады. Айта кетейік, бұл Отандық спорттың тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған телевизиялық шоу болатын.

Автор:
Бақ ДӘУЛЕТ