Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Екпе» десе де егу керек»


2 июля 2021, 11:44 | 1 582 просмотра



2019 жылы адамзаттың бейбіт өміріне ауыз салып, пенде атаулыны әлі күнге әбігерге салып жатқан тәж тажал әлем бойынша үлкен мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, әлсін-әлсін түрленіп, мутацияланып, қайта-қайта індет індеп барады. Мәселен, осы уақытқа дейін тәж тажалдың оңтүстік африкалық штамы мен британдық штаммы бір сілкіп алса, қайта түрленген үнді штаммы үрейді одан әрі үрлей түсуде. Бүгінде атаулы індет тек денсаулық саласын емес, ел экономикасына да едәуір қиындығын әкелді. Жер шарында ғаламдық дағдарыс та туындады. Бірақ, мұндай қиындықтарды жеңетін де күн алыс емес. Жеңу жолы да табылды. Ол – екпе жасату. Апта басында Қаратал ауданының әкімі Е.Исабеков пен аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, желі қолданушыларына індеттің қауіптілігі мен тәж тажалдың алдын алу үшін вакцина салу жайын таразылады.

Жоғарда айтқанымыздай, індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе салдыру. Өйткені тәж тажалдың соңғы түрленген түрі үнді штаммы немесе дельта штаммы қауіптілік деңгейін ұлғайтып отыр. Мәселен, бұрын өзге штамдардар 14 күн инкубациондық циклдан шығатын болса, үнді штаммында бар-жоғы 7-ақ күн. Әрі бұл түрленген індет әдеттегінен жылдам тарайды. Ал мұндай сәтте босаңсуға болмайды. Аудан әкімі Е.Шойұлы тікелей эфир барысында әуелі желі қолданушылардың толғандырған сауалына жауап берумен бастады. Негізгі сауалдардың дені осы вакцинациялау жайында болды.
- Елімізде ғана емес, әлемде індет өршіп тұр. Тап қазіргі уақытта қауіптілік жоғары. Бұл індеттің алдын алатын, тәж тажалды түбегейлі жоятын жалғыз жол екпе салдыру. Әрине, екпеге немқұрайлы қарауға болмайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинациялауды үдетуді тапсыруда. Бірақ, бұл мәжбүрлеу дегенді білдірмейді.
Елімізде адам мен оның құқығынан асқан құнды дүние жоқ. Ата заңда да солай көрсеткен. Сондықтан індеттен құтылу үшін, маңайымыздағы жақын адамдардың амандығы үшін вакцина салдыруымыз керек, - деді Е.Исабеков.
Бүгінде вакцина салдыруға байланысты түрліше ақпараттар жүр. Оның бірі – теріс, екіншісі – оң. Екпе салдыруға байланысты, салғаннан кейінгі әсері жайында сұраққа аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров жауап беріп,желі қолданушылардың қауіпін сейілтті.
- Жалпы, елімізде адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Бұдан бөлек, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек: бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті), қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары, жүрек-қан тамыр аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары, метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары барлар. Екпе салардың алдында адам өз еркімен вакцина алуға қатысты келісімге қол қояды, я болмаса, одан жазбаша түрде бас тартады. Дәрігер вакцинаға келіскен адамды жан-жақты тексереді. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі. Адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды, - деді Қаратал аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров.
Желі қолданушылардың бірі екпе жасатқан соң вакцинация жайында ақпараттарды қайдан алатынын сұрады. Қаратал ауданының әкімі екпе жасату жайынан жан-жақты хабардар екен. Вакцинация паспорты жайында сөз етті.
- Екпе жасатқан соң электрондық паспорт қолыңызға тиеді. Жалпы, Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз – вакцинаның медициналық тарихы. Қазіргі уақытта Вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін - eGov Mobile мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылады. Вакцинацияның электрондық паспорты вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспорты азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация ем-шарасының кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат қамтылады, - деді аудан басшысы.
Халықпен онлайн кездесу барысында Қаратал ауданының әкімі Е.Исабеков пен аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров желі қолданушылардың сұрақтарына оңтайлы жауап беріп, вакцинация жайында жан-жақты ақпарат берді.

Автор:
М.Мақсымұлы