Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мерейтойлық даталарға орай Есік қаласында белгілі тұлғалар бейнеленген муралдар салынды


18 июня 2021, 07:39 | 1 862 просмотра



Алматы облысында мерейтойлық даталарға байланысты жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, сол сияқты мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев бейнеленген муралдар пайда болды. Суреттер Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы көп қабатты үйлердің қабырғаларына салынды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша акция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ж.Жабаевтың 175 жылдығы мен М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналып отыр. Муралдар қазақ тарихында сүбелі еңбегі бар тұлғаларды  ел жадында жаңғырту мақсатында салынды. 

Бұл шығармашылық жұмысты бұған дейін Алматы облысы мен Алматы қаласында үй қабырғаларына 50-ден астам бейнелер салған суретші Александр Романов орындады. Ол – бұған дейін ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының, хан батыры атанған Қабанбайдың муралдарын бояумен бейнелеген танымал суретші. Бұл суреттер Алматы облысы Үшарал қаласындағы көп қабатты үйлердің қабырғаларынан көрініс тапқан. Енді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ә.Жақанбаевтың қолдауымен қылқалам шеберінің көшедегі суреттері Есік қаласының биік үйлерінің қабырғасына көрік беріп тұр.

Атап өтсек, қабырғадағы суреттерге шебер 265 сағатын және 60 кг бояу жұмсаған.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі