Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сарбаздар Шоқан Уәлихановтың музейімен танысты


18 июня 2021, 07:18 | 1 734 просмотра



Сарыөзек гарнизонында орналасқан шабуылдау бригадасының сарбаздары қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, этнографы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музеймен танысты.

Мемориалдық кешен Кербұлақ ауданының Шоқан ауылында орналасқан. Ғимараттың сырты қазақтардың көне наным-сенімдеріне сай дүниенің төрт бұрышын бейнелейтін таңбалары бар мазар түрінде салынған. Кіре берісте граниттен қашап жасалған Шоқан Уәлихановтың мүсіні тұр. Ал қабырғаға ғалымның әйгілі саяхатының сызбасы көрсетілген қолдан жасалған үлкен гобелен ілінген.

Шараның мақсаты – қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, этнографы өмірімен жете таныстырып, кеңінен мағлұмат беру.

Экскурсия жетекшілері сарбаздарды алдымен музей ішінде орналасқан экспонаттарды көрсетті, әрі қарай әр жәдігерге тереңірек тоқталып, оның тарихынан жан-жақты мәлімет берді.   

 XIX ғасырдың екінші жартысында туған Шоқанның көзіндей болған экспонаттар арасындағы отбасының жеке заттары, яғни мыстан жасалған ыдыс, бұрыш ұнтақтағыш, шай қасық, тағы басқа жәдігерлермен таныса отырып, жеке құрам ағартушы өмір тарихынан сыр шерткендей болды.

Шоқанның қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы екеніне тағы бір мәрте көз жеткізген сарбаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұжырымды жауап алды.

-Бүгін біз қазақ халқының ғұламасы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейінде болып, оның өмірімен тереңірек таныстық. Тарихи кешендегі жәдігерлермен танысып, аралау мен үшін және әріптестерім үшін үлкен мәртебе, - деді қатардағы жауынгер Абылайхан Алпамысов.

    Аталған шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылды.

Автор:
Абзал Сартаев, Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор