Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ШЫНАЙЫ ТАРИХЫМЫЗДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕ АЛДЫҚ ПА?


25 февраля 2011, 07:51 | 2 888 просмотров



Бүгінгі күні жазылып жатқан тарих біріншіден, ұзақ уақыт қалыптасқан еуроцентристік қате тұжырымдардан әлі күнге дейін бас тарта алмай отырса, екіншіден, ежелгі және орта ғасырлардағы тарихымызға қатысты деректердің жеткіліксіздігінен, әсіресе, өзіміздің көшпелі бабаларымыз қалдырған нақты жазба жылнамалардың жоқтығынан өткенімізді баяндау тәрізді аса жауапты мәселеде әр түрлі үстірт, публицистикалық сипаттағы болжамдар мен тұжырымдарға мүмкіндік берілді.

Тарихты жазушылар ескере бермейтін тағы бір маңызды мәселе, қазақ деген кеңпейіл де жомарт халықтың тарихын жазуға бет бұрған адам, ең алдымен, өзінің жүрегін пендешілік және басқаларға деген өшпенділік пиғылдан тазалап алуы керек. Ұлтымыздың біртұтас тарихын белгілі бір жүзді немесе нақ-

ты қазақ тайпасын басқаларынан аспандата асыра дәріптеу және өзіне ұнамайтындарды кемсіту немесе мұқату тұрғысынан жазуға ешкімнің қақысы жоқ. Өткенімізді шұқшия зерттеу, В.Бартольд тәрізді наймандарды, керейлерді, дулаттарды «олар түркілер емес, моңғолдар болатын» деп мәселеге үстірт қараудан да сақтанғанымыз жөн.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ШЫҒУ

ТАРИХЫНЫҢ НАҚТЫ КЕЗЕҢДЕРІ

Осы кезге дейін жинақталған тарихи зерт-

теулерді ғылыми жүйеге түсіру және қазақ деген халықтың тереңде жатқан этникалық тамырларын айқындап, ондағы тарихи сабақтастық мәселелерін бір арнаға бағыттау үшін, ең алдымен, басты-басты тарихи кезеңдерді жіктеп, оларды ретімен қарастырған жөн болар еді. Бүгінгі күні университеттеріміздегі ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ тарихын оқытудың кеңестік кезеңнен бері қалыптасып, әлі де содан ауытқымай келе жатқан әдістемелік бағдарламасы тәуелсіз елдің рухани сұраныстарына жауап беруден қалды. Мұндағы басты кемшілік, біздің ойымызша, қазақ деген халықты қалыптастырған этногенетикалық негіздерді тарихи үдерістермен қатар, сабақтастық тұрғыда қарастыруға баса мән бермеуімізде деп ойлаймыз. Дәлірек айтар болсақ, ежелгі арийлер, дайлар, үйсіндер, сақтар, сарматтар, ғұндар, қаңлылар және кейінгі тарихта олардың тікелей тарихи мұрагерлері бар ма? Бұларды тарих сахнасында ауыстырған Юебан мемлекеті, Ұлы иозілер елі, Телелер одағы, Сіренда бірлестігі, Байырқу конфедерациясы қай тілде сөйлеген? Бұлардан кейін тарих сахнасына шыққан Қимақтар мен Қыпшақтар, Алшындар, Он оқ елін құраған Дулулар мен Нүшбелер, Оғыздар (Сегіз оғыздар, Тоғыз оғыздар, Үш оғыздар), тарихтың келесі толқынына жататын әртүрлі қағанаттар құрамындағы ру-тайпалар бірлестіктерінің жаңа этно-саяси құрылымдары (Батыс түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлықтар елі, Оғыздар қағанаты, Қарахандар мемлекеті, Ұйғыр қағанаты, Қарақытай хандығы) қалай қалыптасты? Ал енді Дешті қыпшақты моңғолдар билеген кезде осында Алаш қауымдастығының қалыптасу үдерісінің белең алғанын неге байқамай отырмыз? Этногеографиялық тұрғыдан әлдеқайда ауқымды аймақтарды қамтыса да, Оңтүстік Қазақстан аймағы Моңғолстан атты басқа мемлекеттің қол астында қалса да, Қазақ тарихының ХІV-ХV ғасырлардағы кезеңін неліктен Алтын орда дәуірі деп атап жүрміз? Осындай маңызды сауалдарға әркім өзінше, әртүрлі жауаптар іздестіруде. Егер тарихи шындық біреу ғана болса, пікірлер неге алуан түрлі болулары керек?

Ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ хал-

қының құралу тарихынан белгілі бір жүйелілік іздестірер болсақ, жоғарыда аталған тарихи сатыларды айналып өте алмаймыз. Ал осы дәуірдегі этникалық тарихты жалпылама кезеңдерге бөлер болсақ, олар төмендегідей болып шығар еді:

1-кезең – арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі. Бұл б.з.д. ІІ мыңжылдықтан VI ғасырдың ортасына дейінгі уақыт;

2-кезең – түркілік кезең (түрік Дулулардың, Телелер одағының, Сіренда бірлестігінің және қағанаттар құрылымындағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты). VІ ғасырдың орта шенінен ІХ ғасырдың орталарына дейін;

3-кезең – арғы қазақтар (прото қазақтар) кезеңі. (Қыпшақ, Найман, Дулат, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы). ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейін;

4-кезең – Алаш қауымдастығының қалыптасу кезеңі. (Түргеш Алаш шор ұлысы – Үш сан Алаш мыңы – Алты сан Алаш – Он сан Алаш). ХІІІ ғасырдың орталарынан ХV ғасырдың соңына дейін;

5-кезең – Қазақ қауымдастығының қалыптасуы (Қазақты құраған қырықтан астам тайпаның «Он сан Алаш» төңірегіне бас біріктіруі). ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін.

ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ДЕРЕКТЕРІНІҢ

ҚАДІРІНЕ ЖЕТЕ АЛДЫҚ ПА?

Қазақ этногенезі бүгінде едәуір дамуға қол жеткізген әмбебап ғылымдардың біріккен көмегімен ғана шынайы қорытындылар жасауға қол жеткізе алады. Бұл жерде біз генеология, археология, түркология, этнология, филология, антропология, мәдениеттану тәрізді көптеген ғылым салаларының жетіс-тіктерін тарихи салыстырмалы түрде айналымға қосу қажеттігін айтып отырмыз. Бұл аталған ғылым салаларының нәтижелері әлі күнге дейін күрделі мәселелерді шешуде тарихи-салыстырмалы түрде қарастырылмай, мәселеге бір ғана ғылым саласы көзімен, біржақтылықпен қарап келеміз. Әсіресе, тоталитарлық жүйе тұсында дамымай кенже қалған генеология тәрізді саланың қазақ этногенезі мәселелерін анықтаудағы орны мен рөлі зор екенін түсінетін уақыт жетті деп ойлаймыз. Генеологияны ауызға алғанда, қазақ ерекшелігіне байланысты бірінші кезекте шежіре деректері назар аудартатынын айта кеткен жөн. Қазақ ру-тайпаларының тарихына байланысты көп томдық еңбектер жазған кезімізде қазақ шежіресімен тікелей жұмыс істеуге тура келді. Сонда аңғарғанымыз, қазақ шежіресінде келтірілген деректердің 90 пайыздан астамы тарихи шындықпен үндесіп жатыр. Мұның басты себебі, өзінің ата тегін бұрмалауға бабаларымыз ешқашан да жол бермеуге тырысқан.

Әрине, әсіресе, тарихи тұлғаларды және олардың есімдерін тиянақтауда шежірелік деректердің маңызы өте зор. Қазақ хандығы орнығып, дәстүрлі шежіре жүйесі жаңаша реформаланғанға дейінгі тарихи шежірелер ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы айтарлықтай шынайы мәліметтер беретінін еуроцентристік көзқарастардан арыла қоймаған зерттеушілеріміз әлі де түсіне алған жоқ. Сондықтан да күні бүгінге дейін осы кезеңдердің шежірелік деректерін жазба және т.б. деректермен салыс-

тыра қарап, олардан шындықты іздестіруге деген талпыныс кәсіби тарихшылар арасында сирек көрініс беруде.

Әрине, біз бұл жерде қазақ шежіресін біржақты асыра марапаттаудан аулақпыз. Барлық деректер тәрізді шежіре деректерінің де өзіне тән обьективті және субьективті себептерден туындайтын кемшіліктері баршылық, оларды санамалап айтар болсақ, біріншіден, шежірелік деректер ХVІ-ХVІІ ғасырларда жазылғандықтан оларда моңғол жаулап алуынан бұрынғы түркілік кезеңдегі шежірелік мәліметтердің біразы есте сақталмаған; екіншіден, шежірені жазуды қолға алған қазақ қоғамындағы сауаттылар тобы қожалар болғандықтан рулық-тайпалық шежірелер бастауларын қожалардан тарату әдетке айналған; үшіншіден, моңғол жаулауына байланысты рулар мен тайпалар құрылымында орын алған өзгерістер ХІҮ ғасырдан бастап қазақ этногенезін тарату ісінде шежіренің толықтырылған жаңа үлгісін қалыптастырды. Бұл бойынша кейініректегі тарихи тұлғалар орта ғасырлардағы тарихи тұлғалармен ауыстырылды. Мысалы, ХІV-ХV ғасырлар тоғысында өмір сүрген және жеті тайпаға (Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Дулат, Албан, Суан) билік жасаған Бәйдібек би VІІ ғасырда Түргеш (Сарыүйсін) мемлекетінде Ашына әулетінің ең соңғы қағанын Құлан қаласында өлтіріп, «Он оқ еліне» «қарадан (қара түргештерден, яғни Дулулар және Нүшбе тайпалық бірлестіктеріне кіретін рулар мен тайпалардан) шығып хан болған» Байбаға қағанмен ауыстырылды; төртіншіден, шежірені құрастырған шежіреші тарапынан субьективті қателіктерге жол берілген. Әдетте кейбір шежірешілер ру тармақтарын тарат-қанда қатар тармақтардың орындарын немесе аталықтар тарайтын есімдерді әртүрлі себептермен, өздері де байқамай, ауыстырып алады.

Алайда, шежіре мәліметтері осындай олқылықтарына қарамастан, өзіндік дәстүрлі ерекшеліктері бар төл тарихымыздың ұмытылған немесе бұрмаланған кейбір тұстарын қалпына келтіруге көп көмегін тигізеді. Мұны, әсіресе, ХҮІ ғасырдан бұрын, яғни шежіре деректері Қазақ хандығы тұсында реформаланардан бұрын жазылған шежірелерге бағыштар едік. Олардың қатарында, әрине, Қытайдағы қандас бауырларымыз ежелгі Қытай тілінен тікелей аударған «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (Үш кітап), «Ежелгі Үйсін елі», «Ұлы Түрік қағанаты» атты еңбектер, Махмұт Қашқаридің оғыздарға қатысты, «Моңғолдың құпия жылнамасындағы» түрік-моңғол атауларының пайда болуларына қатысты, Рашид ад-диннің түріктердің және монғолдардың, сондай-ақ оғыздардың шығу тегі, Өтейбойдақтың Албан тайпасына байланысты «Тектелгісі», Мұхамед Хайдардың Дулат тайпасы әмірлерінің шығу тегіне арналған шежіре деректері, Әбілғазының «Түрік шежіресі», Өтеміс қажының «Чингиз намесіндегі» тарихи тұлғалардың шығу тегі, Қадырғали Жалайырдың шежірелері лайықты орын алады. Бұлардағы және т.б. жазба шежірелік деректердегі мәліметтерді ХҮІ ғасырда және одан соң жаңаша жүйеленген қазақтың дәстүрлі ауызша шежіресімен (Матайдың, Қазбек бектің, Диқанбай батырдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Н.Наушабаевтың, М.Тынышбаевтың, Х.Арғынбаевтың, М.Мұқановтың, В.Востровтың, С.Толыбековтің, Х.Мадановтың, З.Сәдібекұлының және т.б.) тығыз байланыста ғылыми айналымға қосып қарастырудың тарихымызды зерделеудегі маңызы орасан зор. Мұндай зерттеу әдістерінің тарихымыздағы шешуші орны мен маңызын алғаш түсінген Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Марғұлан, Н.Мыңжан, Қ.Халид, М.Жолдасбеков, А.Сейдімбек, Ж.Артықбаев тәрізді қазақ деген халықтың қалыптасу тарихына шынайы жанашыр тарихи тұлғалар мен азаматтар ұстанған зерттеу бағыты. Алда да ұлт тарихын көркейтеміз десек осы жолдан таймауымыз керек.

Автор:
Талас ОМАРБЕКОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.