Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СЕМІЗДІК


25 февраля 2011, 07:53 | 4 305 просмотров



Алматы көшелерінде қалаңыз, қаламаңыз, қолыңызға бір жапырақ қағаз ұстататындар көп. Олардың көбісі - қалай арықтаудың «таңғажайып» тәсілдері жөнінде. Теледидар мен газет беттерінде де «Арықтаймын десеңіз...» атты жарнамалар аттандап жүреді. Бұл ненің белгісі? Диетологтардың дәлелдеуінше, дәл қазір Қазақстан тұрғындарының төрттен біріне еңкеюдің өзі әжептәуір күш түсіретін болса, 15 пайызы семіздіктің зардабын шынымен тартып отыр. Ал жалпы, семіздік бүгінде жер бетіндегі 300 миллион адам үшін ең басты проблемаға айналған.

Семіздікке байланысты туындап отыр-

ған қиындық өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталған. Оның бір себебін ғалымдар қимыл-қозғалыстың мейлінше азаюымен дұрыс тамақтанбау, еттен, ұннан жасалған тәтті тағамдарды, сыра өнімдерін шектен тыс пайдалануда жатыр деп есептейді. Дамыған ел тұрғындарының үйден ыстық тамақ жасап ішуді қойып, ылдым-жылдым ас ішуге арналған ресторандар мен супермаркеттегі кулинарлық тағамдарға, автоматты түрде сатылатын ас-ауқатқа біржола көшіп алғанынан көреді. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде 1 миллиард 600 миллион адам семіздіктен зардап шегуде. Енді бір он жылдан кейін бұл сан 40 пайызға дейін өсуі мүмкін деседі.

Семіздік жөнінен әлемде америкалықтар бірінші орын алады. Ғалымдардың пікірінше, АҚШ-тағы адам өлімінің басым бөлігі түбінде осы семіздіктен болуы мүмкін. АҚШ осы семіздіктен туындайтын сусамыр (диабет) кеселімен ауыратындарды емдеуге ғана ел қазынасынан 40 миллиард доллар қаржы суырады екен. Жалпы, семіздік - дамыған Батыс жұртының барлығының да бас ауруына айналған. Ең семіздері көп ел АҚШ, одан кейін Мексика десек те, Еуроодақ елдері одан асып түспесе, қалыспайды. Әсіресе, Греция Еуропа бойынша семіздік жөнінен алдыңғы орынды бермей келеді. Грек еркектерінің 78 пайызы, әйелдерінің 74 пайызы семіздіктен зардап шегіп жүрген көрінеді. Гректердің ізін Германия, Чехия, Кипр өкшелеп келеді. Әсіресе, жас балалардың семіріп кетуі бұл елдер дәрігерлерін әбігерге салып отыр.

Қазақстандық диетологтардың пікірінше, ғылымда семіріп кетудің көптеген факторлары белгілі болғанмен, дәлме-дәл, бірден-бір себебін әлі күнге ешбір ғалым таба қойған жоқ.

Тұқым қуалаушылық деген бар. Семіздіктің өзі жас пен жынысқа да тәуелді. Еркектер көбіне ауыр салмақтарынан азап көрсе, әйелдер жағы денелеріне май жиналудан зардап шегеді. Балалар мен қарт кісілерге қарағанда орта жастағылардың семіздікке ұшырауы көп кездеседі. Семіздікке бейім адамдардың май жинауына күмәнді дәрілерді айтпағанда, кейде глюкоза, дәрумендердің де әсері болады екен. Маман-дәрігерлер дәрі-дәрмектердің ішінде артық салмақ жинатып, семіртетіндері де барын айтады. Ең бірінші кезекте жүктіліктен сақтайтын таблеткаларды айтуға болады. Оның құрамына әйелдің жыныс гормондары қосылатындықтан зат айналымын өзгертіп, еріксіз тәбетті жоғарылатады екен. Пропранолол, атенолол дәрілері де артық салмақ қосуға себепші. Кейбір дәрі-дәрмектер қарт адамдарды да семіздікке ұшыратуы мүмкін. Қартайған адамның мидағы қан айналысы бұзылғанда бұлшық еттердің құрылысын жазу үшін оларға никотинді қышқыл сұйықты құяды.

Ал ол семіртуге апаруы ықтимал. Семіздік көбіне-көп атеросклероз, диабет, жүрек ауруы, гипертония, холецистит, панкреатит, полиартрит, қан тамырларының ұлғаюы сияқты ауруларға апарып соқтырады. Сондықтан дәрігерлер семіздікке бейім адамдарға күндік тұтынатын сұйықты бір литрге дейін түсіруді, көкөністі көп, керісінше тұзды, тәтті тағамдарды аз пайдалануды, семіз ет, майлы сүзбе, тәтті ірімшіктен бас тарту керектігін ұсынады. Дегенмен адам өзін әбден зерттеп алмай, көзсіз диета ұстауына болмай­тынын ескерген жөн. Әйтпесе арықтаймын деп ауру жамап алу ықтималдығы басым. Адамзат тарихында жер бетіндегі ең ауыр салмақты еркек ретінде ресми түрде Вашингтон штатының азаматы Джон Броуэр тіркеліпті. Оның бойы 183 см, ал салмағы 630 келі болыпты. Ең ауыр салмақты әйел ретінде америкалық Перси Перл тіркеліпті. Оның бойы 180 см, салмағы 400 келі болған. 1972 жылы қайтыс болған. Бүгінгі таңда мексикалық Мануэль Урибе деген азамат 560 келі салмағымен әлемдегі ең ауыр салмақты еркектердің алдын бермей тұр. Әлі елу жасқа толмаған ол өздігінен төсектен тұра алмайды.

Бүкіл өмірі анасының бақылауымен бөлме ішінде өтіп жатыр. Бүгінде дәрігер-диетологтар семіздікке апаратын «қауіпті» тағамдардың алғашқы бестігін жариялады. 1. Тәтті газды сулар. Шөл басуға емес, қайта шөлдетуге арналған бұл сусындарда қант шектен тыс көп: 1 стақан колада, мәселен, 5 шай қасық қант бар, ал бір литр колада - сәйкесінше 25 шай қасық немесе 125 грамм қант болады. 2. Картошкадан жасалған чипстер, бұлар пюреден жасалғандықтан оған май мен жасанды түрлі дәмдеуіштер қосылады. 3. «Сникерс» пен «Марс» сынды тәттілер адамды тоғайту үшін емес, керісінше, аштықты шақыру үшін шығарылған. Көп көлемдегі қант пен түрлі химиялық қоспалар дәмін арттырып, тағы да жеген үстіне жей тусуге шақырады. 4. Сосискалар, пісірілген шұжықтар, паштеттер көзге еттен жасалған сияқты көрінгенмен, негізінен, жартысына жуығы майдан жасалып, түрлі тәтті дәмдеуіштермен бүркемеленеді. 5. Қуырылған семіз ет. Бұған қосарымыз, йогурт, фаст-фуд сынды жасанды тағамдар мен арзан әрі калориясы көп нан-жарма, кондитер өнімдері де адам денсаулығына пайдасыз. Ал кофе, шоколад, вафли, балмұздақ, сіркесу, горчица, ащы бұрышты жиі пайдалану біртіндеп семіздікке апарады.

Семіздіктен Қазақстанда қалысар емес. Шамамен елімізде 4 миллиондай адамның семіздіктен еңкеюі қиындап тұр. Соңғы жылдардағы жаппай көлік мінудің арқасында бұрын аттан түспеген қазақ баласының қимыл-қозғалысының азаюы мен офистерде компьютердің алдында тапжылмай отыруы да семіздікке өз үлесін қосуда екені түсінікті. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу бізде соңғы жылдары 10 есеге өскені қорқынышты.Ұлттық зерттеулер бойынша, бес жасқа дейінгі балалардың тым семіріп кетуі Ақ-төбе мен Қызылорда облыстарында тіркелген. Семіздіктің жүрек талмасына себеп болатынын ескерсек, мұндай өлім бойынша Қазақстан 1-ші орынға шығып отыр. Елімізде қайтпас сапарға аттанатындардың тең жартысы жүрек ауруынан кетеді. Бұл - алаңдатарлық жағдай. «Семіздікті қой ғана көтереді». Дін бойынша да семіздіктің, ауыр салмақтың қатаң айыпталғанын көреміз. Шошқа етін пайдаланушылардың еті мен терісінің арасында жел пайда болып, денені күмпитіп жібереді екен. Шошқа етін жеуге тыйым салынғандығының бұл бір ғана белгісі. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде ішіп-жеуге өлшем қойылғаны бірнеше жерде қайталанады. «Тамақтанған шақта, асқазанның үштен бірін - тамаққа, үштен бірін - суға, үштен бірін - ауаға қалдырыңдар. Алланың қатты ашуланған ыдысы- асқа толы асқазан» дейді. Тағы бір хадисінде: «Үмбетім жайында ең қорыққан нәрселерім: үлкен қарын мен көп ұйқы. Жалқаулық пен «яқин» әлсіздігі» делінеді. Өмірін бақылаусыз, есепсіз аңғалдықпен өткізіп, ғұмырының соңына дейін алаңсыз ұйықтап өткен адамның семіріп май жинауы, май жинағанның семіз болуы даусыз. Адам толған сайын көп жейді. Көп жеген адам, әлбетте көп ұйықтайды. Көп ұйықтаған адам қай істе болсын өзін салғырттыққа салады. Адамның қалыпты салмағы қандай болу керек? Мамандардың айтуынша, ең дұрыс салмақ - бой ұзындығынан барынша кем салмақ. Өткен ғасыр басындағы орыс диетологтары адамның 25 жасындағы салмағы қандай болса, қалған ғұмырында да сол салмағы сақталу керектігін дұрыс көріпті. Оның себебін адамның 25 жас-

қа дейін өсетінімен байланыстырса керек.

Автор:
Төреғали ТӘШЕНОВ