Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАРҚЫН БЕЙНЕ


18 мая 2021, 07:10 | 2 151 просмотр



Тумақ бар жерде өлмек барын бәріміз де білеміз. Өмірдің өлшеулі екендігі де әрдайым есімізде. Алайда мезгілсіз келген ажалдың өкініші де өзгеше екен.

Сабадан асырмас, қайран өмір-ай,

Арыны басылмас, сайран көңіл-ай.

Ескен желдей, аққан селдей,

Көшкен сеңдей мұңайтқан өлім-ай.

Аяулы азамат, тау тұлғалы Күнібекұлы Төлегеннің өзі үшін екі дүниенің есігі болған Шаған тауындағы топыраққа жауырынының тигеніне де он жылға жуық уақыт өтіпті-ау. Шаңырағына отбасын тірегендерге арсалаңдап алдынан шығып, қарсы алатын қайран Төлегеннің қайта оралмасын білсек те сенгіміз келмейді-ақ, бірақ шындық осы, Алланың ісі өзіне жөн, көнбеске амал бар ма.

Төлеген мектап қабырғасында алдымнан өткен талантты шәкірттерімнің бірі әрі құдай қосқан құда еді .

Несін жасырайын желдей есіп,желпіне жеткен құдалықтаТөлеген қанатын қаққан қыран құстай ұмтылып келеді екен. Құшағымызды жайып жіберіп құшақтастық. Төлеген:

–Қош келдің ,ағай-құда, табысқан балаларға рахмет, ағымыздан жарылсақ,  жарылалық бір- деп толқығаны күні бүгінгідей көз алдымда көлбеңдейді. Менің де алабұртқан көңілім Төлегенді әлі іздейді.

Төлегеннің біреуге қорлық, біреуге зорлық көрсеткен жері жоқ,ешкімнің ала жібін аттамаған, кішіні алдап, үлкенді арбамаған алып тұлға азамат еді. Тырысу, тырбану әр пенденің парызы десек Төлеген де өз биігіне маңдай терімен жеткен еңбектің адамы болды.

Ата даңқын ұстаған зор болар дегендей, Төлегеннің әкесі марқұм Күнібек ата өз дәуірінің құрметтісі, қадірлісі болды. Күнібек атаны алдындағы қойы мерей биігіне көтерсе, өңірдегі бәйгенің алдын бермеген «Қарагері » даңқына даңқ қосты. Анасы Қозыхан бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен әзиз жан еді. Әкесінің бірге туған інісі Сағатбек пен қарындасы Сағатқан көкіректері ояу, таза, адамға жақсылық болсын деп жүретін жандар.

Төлеген құданың өмірден өткеніне жыл толғанда жазылған төмендегідей естелік құжаттарымның арасынан табылды. Оның мәтіні төмендегідей.

Төлеген қарапайым қазақтың исі аңқыған ауылда туып, Гүлжан, Оразбала, Шакен, Несіпбаладай ақ жаулықты әжелердің, баталы аталардың тәрбиесін көріп өсті. Абыз әке мен дана ананың ақыл парасат айта отырып, ораған жөргегімен қарапайымдылықты бойына сіңірген абзал жан-еді.

Балалық шағы көп майса белді көрпе етіп, тау етегін жастанып, майда қоңыр желімен маңдайынан сипаған, мөлдір бұлағымен сусындатқан киелі Шаған баурайында, ақын ата Қабылиса ауылында өтіп, көптің бірі іспеттес өмір қазанында қайнап, маңдай терімен діттеген мақсатына жеткен жусан тектес, кіндігін жұлдыз кескен азамат болатын.

Тағдырдың жазуы Төлегенге екі дәуірдің – екі ғасырдың куәсі болып, жақсы-жаманын көруге нәсіп етті. Өмірінің бір бөлігін кеңестік заманда өткізіп, бар күш жігерін, қуатын сол кезеңге сарқа пайдаланды. Сол дәуірдің бел баласы атанды. Ата-бабасы армандаған тәуелсіз еркін елін көріп марқайып, уақыт желіне ілесіп, қатарының алды болды.

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң Ақсудың Светасымен отбасын құрды.

Аз нәрсені көптей қылған,

Көп нәрсені көлдей қылған.

Киіміне кір жұқтырмаған.

Асына қылшық тұрғызбаған.

Ерінің бар, жоғын білгізбеген

Адал жары Светамен қол ұстасып, бақытты ғұмыр кешті, ұрпақ өсірді, ағайынға сыйлы, елге құрметті болды.

Иә, енді сол бір қимастық сәттер естелікке айналыпты-ау.

Кеше ғана көл-көсір армандарын ортаға салып, бала-шаға ортасында мәз-мейрам болып жүрген Төлегенді жоғалту жан-жары Светаға оңай болған жоқ. Табан астынан келген сұм ажал кеудеге өкініш, сағыныш ұялатарын кім білген.

Бес күнгі дәурен бастағы,

Жұлдыздай аққан жоқ болар.

Ат шаптырып қусаң да,

Бесіктен шыққан жолаушы

Бейітке барып тоқталар, - деп Айтақын ақын жырлағандай Света қайғыңды қазбай, қайратыңды қолдай отырып айтарымыз рухы мықтының ұнжырғасы түспес деген бар, мықты бол, сабырлы бол.

Бірде бал, бірде у беріп өтеді  өмір, бақты да қайғыны да көтере біл - дейміз, аяулы қосағы Светаға, Төлеген армандаған мақсаттарға жет, балалардың қуанышын көруге жазсын.

Төлеген Светаның ата-анасы Расбек ата мен Тұрымтай апаны өз ата-анасындай көріп сыйласымды өмір сүрді. Балдыздарына туған бауырындай етене жақын, ағасы жақсының панасы жақсы дегендей сыйласымды, сырласымды, жарасымды тәтті ғұмыр кешті.

Өмір шіркін тез тараған той секілді екен.

Төлеген қысқа ғұмырында бақытты болды. Олай дейтініміз артында өшпес мұрасы – ұл-қызы, немерелері қалды. Гүлім, Кенжебек, Назым, Айбектей балалары, келіні Меруерт, күйеубалалары Асқар мен Берік, немерелері Мадина, Аруа, Алан, Айару, Айсұлтан, Бекнұр, Айзере, Абылай,Алдияр,Асанәлі,Әлихандар   бүгінде өмірдің алдамшы базарынан тым ерте қайтқан әкелері, аталары салған сара жолды жалғастырып келеді.

Алланың сыйға  тартқан өлшеулі ғұмырында еліне аға, жұртына жаға, ұрпағына пана бола білген әкелерін ұрпақтары  әркез еске түсіріп, рухына тағзым етіп, перзенттік парыздарын өтеуде, соның айғағы өмірден өткеніне он жыл болуына орай арнайы ас беріп, құран бағыштамақ.

- Ей, ағайын, айналаңа қарашы,

Бір-ақ сәттік, тал бесік пен жер бесіктің арасы,

Мынау жалған тірлікте, тату болсын ағайынның арасы, -десе қазақ, тағы бірде

- Ағайынның татулығы, жылы сөзі, бесігі

Байлық пенен бақыттың кіретұғын есігі, - дегендей Төлеген, Әділ, Жұмақан, Қосан, Орындықбай, Ердәулет, Ермұхан, Бақберген, Рсай, Ғалымбек, Қанабек, Құрмаштай ағайын-туыс бауырлары арасында ерекше қадірлі еді.

Қазақтар туыстықты, жақындықты тым әріден жалғастырып, оған үлкен мән берген. Туысты сыйлау, ауызбіршілікті сақтау дәстүрі де арыдан қанымызға сіңген. Бұл ағайындар да осындай туыстықты ту еткен жандар. Лайым осы бірлік туыстың жібі үзілмесін ағайын.

Биік ешқашан аласармайды, арамдық адалдықпенен жараса алмайды, қына тасқа қонады, бақ басқа қонады дегендей ағайын-туысына, бауырларына деген әдептен озбаған, орынсызға құлаш созбаған, абайлап басып, бауырлықтың туын ұстап, кісіліктің жолынан таймаған Төлеген қарындастары Қалымхан, Күлімхан, Меруерт, Шолпан,  інілері Жебеген, Меделбек, Қуанышбектерді өте қатты қадірлеуші еді. Олармен бірге ынтымақты бірлігі бар, берекелі тірлігі бар ғұмыр сүрді.

Бір-бірінің аяққа тұруына, үлкен өмірге жолдама алуларына, дәнекер болып ағалық парызын өтеген азамат еді. Қайран бауыр, арамызда болсаңыз қазіргідей жанымыз жегідей желінбес еді, өзегіміз өртенбес еді. Асқар таудай болған асылымыз, қимас бауырымыз, Алланың рахымына, Пайғамбардың шапағатына бөленіңіз.

Қазақта «Асауды ноқта, құданы құдай қосады» деген нақыл бар. Ыстық ықыласты періштелер қолдап, құдаларымен жақын араласып, бауырдай сыйласып өтті өмірден.  Көргенді қарлығаш ата-анасынан үш бұтақ төмен қонады деген бар.  Көргені көп Төлегеннің Сатылған, Жәнипа, Надя, Сайлаубай, Жәмилядай  құда- құдағилары тәтті де, қимас күндерді бірге өткізіп, дау да, жау да алмас құдалықтың негізін қалап кетті. Алла бұл жақсылықты мың жылға жалғастырсын деп тілеп едік ,  Айбек баласы отау құрып  Дәулет, Күлдіхандар құдалықтың сара жолын жалғастырды.

Төлеген десе, Төлеген еді-ау есіл Ер!

Бірлігінен құз құлаған,

Достықтары мызғымаған.

Шағанның түлектері,

Бәйтерек тіректері,

Ынтымағына ел қараған,

Шағанның қырандары

Берекелі елдің ұландары.

Тату күнді бірге өткізген бір дәуірдің жастары Бағлан, Асқар, Жанат, Еліс, Серік, Қанат, Сейілхан, Бағдат, Сембек, Мұрат, Жақан, Сағидолда, Нұрмолдадай асыл достарының Төлегенге құрметтері ерекше. Бұл Төлегеннің де тіршілігінде достарына көрсеткен қалтқысыз таза жүрегінің, ақ көңілінің, кең пейілінің өтеуі болар.

Жақсы жігіт досының қамын ойлайды,

Жаман жігіт өзінің басын ойлайды,- дегендей, Төлегенді соңғы сапарға шығарып салғанда иық тіресе сап құрған достарын көріп өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, көңіліміз жайланып, марқайып қалдық.

«Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесің» демекші Алла енді қатарларыңды сиретпесін адал достары.

Төлегеннің қысқа болса да нұсқа ғұмырының бір сәттері осындай. Төлеген жөнінде айтылар естеліктер легі жылдар өтсе де  басылмайды.

Бүгінде балаларың, туыстарың, жан-жарың әруағыңа бағыштап құран оқытып, ас беріп еске алып жатыр. Тәубе! «Артында бар оңалар» деген осы емес пе, Алла ниеттерін қабыл етсін.

Ойымды  Төлегеннің қызы  Гүлім келінімнің әкесі мен анасы  туралы әңгіме қозғала қалса әрдайым жалықпай айтатын толғанысымен түйіндеуді жөн санадым. Бұл пікір Төлегеннен тарағын әр ұрпақтың да пікірі десек қаталеспеспіз.

–...Әркімнің өз әкесі өзіне аяулы, өзіне әзиз,өзіне әулие. Қашан да әкем туралы толғану қиын болғанымен , оның  жасаған жақсылықтары, қимас сәттері әсте-әсте ойыңа оралып, қылаң бергенде қиял құшағына еніп, сағыныш билеп кетеді екен. Әкей тәртіптің адамы еді.Көп сөйлемейтін, тыңдағанды  дұрыс көретін. Жақсы жайсаңдармен табақтас, қанаттас болды. Ең жақсы қасиеті  адамды алаламайтын. Асқақтамаған адамның  мерейі үстем болады дегенді көп айтатын.Барлыққа тасымайтын, жоқтыққа  саспайтын, ерік-жігері мықты, еш қиындықтан қайтпайтын қайсар еді. Еңбектің қай түрінен қашпайтын мойымайтын жан болды. Тау халқының «Сенің кім екеніңді білейін өліп көрші»  деген  қағидасы бар екен. Әкеммен қоштасып, соңғы сапарға шығарып салуға көп адам жиналды. «Жақсы адам байлық жинамайды өзі байлыққа айналады» демешідей әкеміздің «байлыққа » айналғанын көріп, тәубе дедік...

Ал, ана туралы Иоллығтегін жырау «Ұмай  текті анамның арқасында інім Күлтегін ер болды » десе,  әлем әміршісі атанған Шыңғыс хан «Таңдайымды аққа жарытып,  борбайымды нәжістен  арылтып, аяғымды үзеңгіге, қолымды аттың жалына жеткізген анама мың тағзым» дегендей жалғанның жарық сәулесі жауқазандай жанына үйір, жайлауы жасыл желекті, жомарт жүректі, омырауына көктемнің гүл дестесін  ораған анамның ғұмырын ұзақ етсін, анама мың  тағзым. Аллаға  сан  мәртебе тәубе.

Иә ,Төлегеннен өрбіген ұрпақтың бүгінгі тірлігіне разы болып,   біз де Тәубе дедік.

Алдың пейіш, артың кеніш болсын аяулы Төлеген, ардақты азамат, қадірлі құда!

Автор:
Бәзілұлы Сайлаубай