Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АДАМЗАТ СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ЫНТЫЗАР


18 февраля 2011, 07:50 | 1 736 просмотров



Бүгінгі күнде тұтас адамзат болып адамгершілікті естен шығарғандай күй кешудеміз. Тіршіліктегі басты ерек- шелігімізді, басты міндетімізді үкілеп тұрып көрсететін қасиетімізден тым алыстаған сыңайлымыз. Періштелерді қызықтырып қызғандырар әлгі керемет жаратылысымызға қарамастан, жын-шайтанның өзін ұялтатын қылықтар шығарып жүрген жайымыз бар. Ғадауат пен өшпенділікке табан тіреп, айналаға қаһар көрсететініміз тағы бар. Ылғи да бір-бірімізге кегімізді ала алмай жүргендей ашумен қараймыз.

Сүйіспеншіліктің атынан мейірленіп соқпаған жүрегіміздің іші қуысқа айналды. Асыл сезімімізді қастандықтың, қара ниеттіліктің көк тұманы жаулап алғандай. Махаббаттың әлгі тылсымға толы жан толқытар күшінен хабардар емеспіз. Ой-санамыз ұдайы жағымсыз сезімдер туындатады. Айналамыздағыны қирату, әр нәрсені өзімізге ұқсату, сондай-ақ, «бір жолда болмағандарға» қысым көрсету кәдуілгі мінез-құлыққа, дағдылы әдетке өзгерді. Басым көпшілігіміз ақыл мен қисынға иек артпай, әрдайым өрекпіген сезімнің билігіне бағынамыз. Ал өзіңдей ойламаған адамды қыспаққа алып, үнін шығартпау - қазіргі кездің біздің ең басты ерекшелігіміз. Кейбір мәселелердің басқа да шешім жолдары болуы мүмкін екендігін ақыл мизанына салмай, өз дегенімізге ғана мән береміз де, ә дегеннен жасақталу жолындағы жобалардың мезгілсіз тоқтап қалуына себепші боламыз. Бір-бірімізге көңілге қонар сөз арқылы, жүректі баурап алар баян арқылы ұғындырып құрмет көрсету - ертеде қалған ескірген салт сияқты...

Менмендіктен туындаған мыңдаған «қарсы» ойлардың және әр нәрсеге өре түре шығатын әлгі «ойлы» өкілдердің ықпалында жүрміз. Үнемі орынсыз ашуланамыз, көбік ауыз болып өсекпен ғайбат құсамыз және әліміз келсе жұдырық жұмсап, қастандық жасап күш көрсетеміз. Табан астына алып езгенімізше аяусыз еземіз. Егер шамамыз жетпей қалса, тілге ерік беріп арға қол сұғамыз. Бұған қоса, ақпараттық күш пен мүмкіндіктерге қол жеткізген жағдайда, бас-қаны жерден алып жерге саламыз да, ешбір қынжылмастан өлімнен бетер бәлекеттерге ұрындырамыз.

Осындай келеңсіз жайттардың нәтижесін-

де дүниенің түкпір-түкпірінен түрлі дауыстар естіледі: залымдардың дөрекі айқайы мен қаналған халықтың қиналған зары. Заман куә болып отыр, зұлымдыққа душар болып, қан жылаған кейбір елдер қашан да зорлық-зомбылықтың зардабын шегіп азап көріп келеді. Ақыл тағынан, сезім қозғаушылығынан ажыратылды. Көпшілікке тиген кесірден өз құндылықтарын жатсынып, барлығы бір-бірін бақылайтын аш көз қорқауларға айналдырылды. Әртүрлі ой мен әртүрлі түсінік іріткі салып, бүлік шығарады деп санайтын мұндай елдерде тас атқанға тас лақтырып, тоқтаусыз ашу-араздыққа жол ашылып, адамдарды бір-бірімен жауластырып талатып қойды. Біреу басқа біреудің көзін шұқып жанын алып жатса, екіншісі жарылғыш бомбаларды беліне байлап алады да, шімірікпестен жарып жібереді. Не жарылғыш заттарды тиеп алып, жанкешті шабуылға өтеді. Әр жерде жабайылар-

ға тән әртүрлі тағылық мінез көрсетеді, тіпті одан да бетер...

Көбінде адамдық асыл жаннан туған туынды қалмады... адамның жан-жүйесі сал болған тәрізді: Ерік-жігер зұлымдыққа құрылған жоспардың ізімен жүреді. Ғылымға құмар саналас сезімдерге бекем байланған-ды. Сүйіспеншіліктің әлгі тұп-тұнық қайнар көзі- «сезім жүйесі» құжынаған бақа-шаянның ұясындай. Хақ Тағаланың жаратылыстағы құдіретін тамашалап сезетін, сондай-ақ «сезім саңылауы» деп саналатын «жүрек әлемі» - толығымен жарығы сөнген қап-қараңғы дәліз сықылды. Ал адамзатқа қатыс-

ты жүйелер жолсыздықтың ғаріп халін кешеді.

Тарихтағы жағымсыз уақиғалар қайталанып, ертедегі келеңсіз жағдайларға ұқсас жайттар қайта-қайта дүн-дүниені дүр сілкіндіреді. Ал көз алдымыздағы күйзеліс пен жауыздық-жаһанданған дәуірдегі мүмкіндіктер мен дамыған технологияның үлесі арқылы бұрынғы заманға қарағанда, әлде­қайда күшті және қорқынышты. Құдайдың құтты күнінде телевизиямен интернет дидарына, басылым мен жинақтардың беттеріне қараған сайын жаның түршігіп, басқа жаққа қарауға мәжбүр боламыз. Көзімізді жұмып, құлағымызды бітесек те, еріксіз түрде зейін мен санаға сіңген кейбір келеңсіздіктер қайтадан жүрекке найзадай қадалып, жанымызда жазылмас жаралар салады. Кейде сансыз жауыздықтың жайылғанын естігенде, сорлаған-егілген адамдармен бірге жылап, жермен-жексен болған көрікті ғимараттармен бірге біз де күйрейміз. Қоңыр күздің буырқан-

ған ызалы желі еседі әр өңірде... сарғайып төгілген жапырақтар сынды әлгі адамдар... Ақын М.Акиф Ерсой: «Қираған көпірлері, қаңсыған арналары, /Жол жабық, қырсық қырық, еңбекке арланады. /Түсінбей «ғазауатты» бауырын жояр қастап, /Ауылдар қаңыраған, құлаған баспанасы, / Қараңғы, парасат жоқ, сенделер ойсыздықпен...» - деп жырлағандай, ішкі жан әлемімізге құйылып аққан келеңсіз дүниелер мұң-зарға айналып, ешбір шара жасай алмай, соның азабын тартып келеміз.

Иә, әрбір жан иесі, өңір мен өлке біздің арамыздан алға шығып қол ұшын беретін ерлерді күтеді. Күткенін біле тұра, көп жағдайда жайсыз туған енжарлық пен әлсіздігімізге қарап қайғыланамыз да тағы жығыламыз... сезімсіз, қозғалыссыз қалғанымызға және мыңдаған жандардың зарын естіп, жауап қайтара алмағанымызға жылап құсаланамыз... Аз-кем де болса, жүрегінен өткізіп сезінгендер бар, әлбетте, алайда олардың күші де, мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан олар тоқтаусыз жалғасқан жайттарға куә бол-

ған сайын сан рет өледі де сан рет қайта тіріледі. Бұл сезімді Сүзи ақын қалай жақсы жеткізеді: «Жаумайды жаңбыр, өспейді қыз-ғалдақ, /Қалымыз мүшкіл қалдық па мұз қармап? /Рақым дариясы біздерге арналған,/Еспейді сар самал, құлады құздан бақ...» Иә, мұндай жандар мұңға толы үнімен дауыстарын естірткенімен, тұрған орындарынан қозғалуға дәрмендері жоқ.

Дәл осындай жайсыздықтарды көргеніңде, қайғыдан қабырғаң қайысып, «демек, бұдан былай жиылған топтар осылайша бір-бірін жеп таласады; топтасқан қауымдар бір-бірімен тіресіп жүріп ерегіседі; бір-бірін еш уақытта шын жүректен сүймейді; бір-бірін ойламайды; зардап шеккен бейшараға қол ұшын бермейді; зұлымдыққа душар болған жұмыр басты пендеге қамқорлық көрсетпейді; ешкім өз елінде сенімді болмайды; жер бетінің тағдырына қанға қолы былғанған, қанды ойлайтын, қанішерлікті айтатын, қан төгетін әумесер тентектер ие болады және жер жүзі қайтадан жауыз жауынгерлер мен залым көшбасшылар билеген қиян-кескі майданға айналады,» - деп, мына өзіне қаратқан зар заман еріксіз айтқызады. Бұлай болмас; әйтпесе, һәм адамзаттың һәм адамдық құндылықтардың өмірі құрдымға кетеді.

Олай болса, келіңіздер ағайын! Жолайрықтың басында тұрған мына жан түршіктірер күндерде тағы бір мәрте Иассауилердің, Румилердің үні мен әуезінде жаңғырған әлгі жержүзілік иләһи шақыруға құлақ түріп, шын жүректен «сүйіспеншілік пен бауырмалдық» деп, құшақ жайып төс қағыстырайық! Адам болудың сыр-сипатын, реңі мен түсін, бар абзалдығын бүкіл жер-жаһанға көрсетейік! Кекшілдік пен өшпенділік қара түнектей жайлаған мына азапты күндерде бар ынта-ықыласымызбен қайтадан «сүйіспеншілік пен диалог» деп, бейбітшілік байрағын желбіретейік! Жан-жүйемізді иләһи рақымдылықтың ұшан-теңіз кеңістігіне ұластырып, әр кісіге көңіліміздің кең қақпасын ашайық! Өзімізді буланып кететін тамшыдай көрмейік, қайта мұхитқа жөңкіліп құйылар дариялардай бағалайық! Баршамыз - адам баласымыз, демек, бойымызда Адам Нәбидің тұқымы және өзегімізде Хазірет Мұхаммед арқалаған Ақиқаттың рухы бар; олай болса, түлен тектес шайтандық түртулерге желіге бермей, жер бетінің «өкілі» екенімізді және қат-қабат көктегі мәртебелерге жете алатындығымызды әлемді дүр сілкіндірер дауыспен жар салайық, сондай-ақ адам болу ерекшелігін тағы бір мәрте періштелерге естіртіп еске салайық! Ендеше, келіңіздер, мына тәй-тәй басып жүрген тар да тайғақ жолымызды даңғылға айналдырып, қол ұстасып, кеудемізді нұрға тосып, шын көңілден Аллаға бет бұрайық. Өйткені бүкіл әлем сүйіспеншілікке ынтызар!

Тарихтағы жағымсыз уақиғалар қайталанып, ертедегі келеңсіз жағдайларға ұқсас жайттар қайта-қайта дүн-дүниені дүр сілкіндіреді. Ал көз алдымыздағы күйзеліс пен жауыздық - жаһанданған дәуірдегі мүмкіндіктер мен дамыған технологияның үлесі арқылы бұрынғы заманға қарағанда, әлдеқайда күшті және қорқынышты. Құдайдың құтты күнінде телевизия мен интернет дидарына, басылым мен жинақтардың беттеріне қараған сайын жаның түршігіп, басқа жаққа қарауға мәжбүр боламыз. Көзімізді жұмып, құлағымызды бітесек те, еріксіз түрде зейін мен санаға сіңген кейбір келеңсіздіктер қайтадан жүрекке найзадай қадалып, жанымызда жазылмас жаралар салады. Кейде сансыз жауыздықтың жайылғанын естігенде, сорлаған-егілген адамдармен бірге жылап, жермен-жексен болған көрікті ғимараттармен бірге біз де күйрейміз.

Адам болудың сыр-сипатын, реңі мен түсін, бар абзалдығын бүкіл жер-жаһанға көрсетейік! Кекшілдік пен өшпенділік қара түнектей жайлаған мына азапты күндерде бар ынта-ықыласымызбен қайтадан «сүйіспеншілік пен диалог» деп, бейбітшілік байрағын желбіретейік! Жан-жүйемізді иләһи рақымдылықтың ұшан-теңіз кеңістігіне ұластырып, әр кісіге көңіліміздің кең қақпасын ашайық! Өзімізді буланып кететін тамшыдай көрмейік, қайта мұхитқа жөңкіліп құйылар дариялардай бағалайық!

Автор:
Түрік тілінен тәржімалаған Мәлік ОТАРБАЕВ