Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ғашықтар күні сәуірге ауыстырылады


18 февраля 2011, 07:54 | 2 271 просмотр



«Әулие Валентин күні» деп католиктер 14 ақпанда атап өтетін ғашықтар күнін алматылықтар 15 сәуірге шегерді. Бұл туралы Алматы қалалық білім беру басқармасының жанындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің бастығы Қатипа Молдабаева мәлімдеді.

Қаңтар айында Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет, жастар саясаты мәселелері жөніндегі және баспасөз қызметі алда жасалатын шаралардың жоспарын бекітті. Осы құжаттың 7 бөліміне сәйкес, «Ұлттық ғашықтар күні» 15 сәуірде кең көлемде аталып өтілетін болды. Осы құжатқа және жасөспірім-

дерді бұрыс тәрбиеге бағыттайтын бұл мерекеге қарсылық білдірген ата-аналардан келіп түскен көптеген шағымдарға байланысты биыл Әулие Валентин күні қала мектептерінде ескерусіз қалды. Сонымен қатар «Болашақ» қозғалысы 11 ақпан күні «Валентин күні» атап өтуге қарсы шаралар ұйымдастырды.

Расында, Батыс елдерінен бастау алған бұл мереке жастар арасына тез жайылды. Жастары кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өздері іліп әкетіп, бір-біріне ғашықтық сезімдерін ашық айтатын күнге айналдырды. Мектеп оқушылары арасында таратылатын «валентинкаларда» жазылған сөздерді оқып отырсаңыз жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, Әулие Валентин күні «Бүгін біз алғаш рет сүйісеміз», «Мен бүгін сенікімін» немесе «Біздің алғашқы түніміз» деген жазуы бар үшбұрыш открыткаларды мектеп оқушылары бір-біріне ешкімнен қымсынбай, жасқанбай ашық таратады. Өйткені мерекені олар тура мағынасында, «осылай екен» деп түсінеді. Содан келіп «кәмелетке толмаған қыздар түсік тастап жатыр» деп дабыл қағамыз.

Қазақстандық дәрігерлердің берген мәліметтеріне қарасақ, республикадағы қыздардың 70 пайызы үйлену тойына дейін жыныстық қатынасқа түседі, ал 60 пайызы үй болмай жатып балалы болады екен. Жасөспірімдер арасында аяғы ауырлау мәселесі - бүгінгі күні үлкен проблемалардың бірі. Жылына әлем бойынша 1 млн кәмелетке толмаған қыздар екіқабат болады екен. Қазақстанда жыл сайын 100 мыңнан астам аборт жасалады екен.

Аборт жасау кезінде көптеген жастар қаза табады. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жасөспірімдер бойынша бас гинекологы Элеонора Шакаралиеваның айтуынша, операциядан кейін әйелдердің 30 пайызынан астамы ауыр жағдайға душар болады екен. Ал жас қыздар арасында бұл көрсеткіш ересек әйелдерге қарағанда 2,5 есеге көп. Осының бәрі моралдік қалыпты бұзатын «Валентин күні» сияқты біздің менталитетімізге жат мерекелерден басталады. Сондықтан қазақстандық ата-аналардың басым көпшілігі, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ұстаздар бұл мерекені жастар арасында өткізуге тыйым салу жағын қарастыру керектігін айтады. «Бұл мәселеге халық қалаулылары араласса!» дейді.

Автор:
Қайыржан ТӨРЕЖАН