Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ?..»


18 февраля 2011, 07:55 | 1 927 просмотров



Күнтізбемізге 2011 жыл енбей тұрып – ақ азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Бұл әдетте жаңа жыл қарсаңында, немесе қарияларымыздың зейнетақысы, бюджеттік мекемелер жұмысшы-қызметкерлерінің еңбекақысы шамалы өскенде іске асырылады. Бағаны жасанды көтеру ме, әлде... Құзырлы орындар бұған не деген уәж айтар екен.

Статистикалық агенттіктің ресми мәліметтері бойынша 2010 жылғы инфляция 7,8 пайызды құрады дейді. Бағаның күрт көтерілгенін тұрғындардың бәрі дерлік қалтасына түскен салмақ арқылы сезінуде. Тағы да нақты мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылы азық-түлік бағасы бір жылдың ішінде 10,1 пайызға өскен. 2009 жылғы көрсеткіш - 3,0 пайыз. Еске сала кетер нәрсе, бұл мәлімет республика бойынша орталық супермаркеттер мен ірі базарлардағы бағаның жиынтығынан ғана құралатын көрсеткіш. Яғни кей аймақтарда баға 10,1 емес, одан да көпке көтерілгені анық.

Рас, өткен жылы құрғақшылық болып, диқандар мен көкөніс өсірушілерді әбігерге салды. Оның нәтижесі жыл соңына қарай азық-түлік бағасынан көрініс беретіні заңды да.

Экономист ғалымдар бағаның өсуіне өнім өндірумен еңбекақы арасындағы айырмашылық қатты әсер етеді. Яғни өндіріліп жатқан азық-түлік көлемі жұрттың қолындағы қаржыдан анағұрлым төмен. Нақты өнім өндіретін өндіріс орындарынан қызмет көрсету орындары басым. Ақша массасы артық. Дағдарыс кезінде қазақстандық азаматтардың тұтыну деңгейі барынша төмендеген. Соның нәтижесінде, инфляция да азайды. 2009 жылдың соңы мен 2010 жыл түгелдей тұтыну қабілетінің біртіндеп өсе бастағанын көрсетті. Елдің табысы бұрынғы қалпына келе бастады. Естері-

ңізде болса, 2007 жылы инфляция 18 пайызға бір-ақ секірген болатын. Оның басты себебі- дағдарыс әлем рыногындағы бағаны көтеріп жіберді. Онымен бірге біздің рыногымыздағы бағалар да шарықтап шыға келді. Себебі біз азық-түліктен де импортқа байланған елміз. Қазіргі кезде әлем рыноктарындағы жағдайда түзеле бастады. Бірақ біздегі импорт азық-түлік бағасы әлі реттелер емес. Қанша жерден тұтыну қабілеті көтеріліп келе жатыр дегеннің өзінде оның да бағаға дәл қазіргідей әсер етуі мүмкін емес. Яғни бағаның өсуінің басты факторы-алып сатарлық. Инфляциямен күресудің маңызды құралдарының бірі - осы бағаны қатаң бақылау мен монополистерге қас-қайып қарсы тұра білу.

Естеріңізде болар Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов үкіметтің биылғы 11 қаңтарда өткен мәжілісінде 2011 жылдың басымдылық беретін ең бір қиын да күрделі мәселесі инфляция мен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасына қатысты барлық нәрсеге баса назар аудару және күресу екенін айрықша атап айт-

ты.

Қазақстан азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін импорттайтыны белгілі. Кәсіпкерлер әлемдік рыноктардағы ахуалды пайдаланып, оның ішінде астық рыногындағы күрделі ахуалды, бағаны бірлесіп қолдан көтерген. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы күрт көтеріліп, ол өз кезегінде инфляция көлемінің өсуінің бір факторы болып табылды. Әдетте инфляцияны ауыздықтаудың екі тәсілі-монетарлық, монетарлық емес әдістері болатынын бүгінде қарапайым адам да біледі. Монетарлық емес факторлар монетарлыққа қарағанда күрделі болып келетінін айтады, сарапшылар.

Ал бағаны бір шекке байлап қою - аталған жаңа рынокқа компаниялардың шығуы және инвестиция салуына да бөгеттік жасауы әбден ықтимал. Өйткені инвесторлар қанша жерден тапшы және сұраныстың көптігіне қарамастан, үкімет белгілеген баға өзгермейтін болса, ақша салып неміз бар деп, ойлайды. Нәтижесінде ұсыныс тапшылығы сол күйінде қала береді, ал өндірісті дамытудың қажеті болмай қалады. Бағаны реттеу қысқа мерзімдік кезеңде инфляцияда өз нәтижесін беруі мүмкін, ал ұзақ мерзімді кезеңде инфляцияға қысым жасауын тоқтатпайды.

«Инфляция синтезделген макроэкономикалық көрсеткіш болғандықтан, оны төмендету қамтамасыз ету бағыттары да өте көп. Индустриялық-инновациялық, өзара интеграцияланған ірі аграрлық және сауда кешендерін құру, онда өндіріс, сақтау, тасымалдау және тауарларды өткізу процестерін тізбектеле жүргізу, тұрғындардың табысы мен жинағын инвестиция ретінде пайдалану үшін қаржы-инвестициялық құралдарын құру, сұраныс пен ұсыныстың балансы бұзылмауы үшін сырт-

қы және ішкі ақша ағынын реттеу, мембюджеттің қаражатын сыбайлас жемқорлықтың құлқынына түсіп кетпей, тиімді жұмсалуын қадағалау, рыноктағы азық-түлік бағасына бармақ басты, көз қысты келісім жасалмауын қадағалау - осының бәрі инфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік береді. Әрине, инфляциямен күрестің монополия, сыртқы сауда салаларында да әртүрлі бағыттары баршылық. Бұл көрсетілген бағыттарды инфляцияны төмендетуге жұмыс істету оңай емес. Оларды жүзеге асыру барысында толып жатқан үлкен жұмыс-

тар жасауға тура келеді. Соған қарамастан, әртүрлі факторлардан туындап отырған ин-фляциямен күресте кешенді шараларды қатар жүргізген дұрыс. Ол әкімшілік шектеулер мен өндірісті ынталандырушы шаралардың баланс-

та болуын қамтамасыз етуі тиіс деп ойлаймын. Мысалы, үкімет қолданып отырған кейбір шаралар өз тиімділігін көрсете алмауда. Ішкі астық рыногындағы бағаны тұрақтандыру үшін құрылған тұрақтылық қорының жұмысы өз нәтижесін көрсете алмауда. 2011 жылдың 1 қаңтарында республикада 9,3 млн. тонна астық болды. Оның 2,6 млн тоннасы тұрақтылық қорыныкі. Бұл қордағы астықтың сапасы коммерциялық бағамен өткізілетін астықпен салыстырғанда едәуір төмен. Сарапшылар биылғы инфляцияның 6-8 пайыз арасында тол-қып тұратынын айтуда. Әйткенмен де, біздің еліміздегі инфляция ТМД елдеріндегі ең төменгі көрсеткіш екен. Бірақ қазақстандықтар үшін осының өзі ауыртпалығын сездіруде. Бағаның ай сайын өзгеруі және әр шағын дүкеннің өзіне тиімді бағаны қойып алып, сауда жасайтыны, олардың қандай бағамен сатып отырғаны бақылауға толық алынбағаны - жергілікті органдардың бағаны реттеу жүйесіне әлі де жауапты қарамай отырғанының дәлелі. Алматыдағы тұрғын үйлер арасындағы шағын киоскілердегі азық-түлік бағасын бір аралап көрсе, жергілікті органдар тұрғындардың күйін түсінер ме еді деген ой келеді. Нан бағасы бір киоскіде -60 теңге болса, екіншісінде - 80 теңге. 80 теңгелік таза бидай ұнынан пісірілген деп соғады, сатушылар. Ал 60 теңгелік жасанды бидай ұнынан пісірілген бе, сонда?

ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА

ТОҚТАУ БОЛА МА?

Саудагерлердiң сөзiне қарағанда, соңғы айларда кейбiр азық-түлiк және азық-түлiк емес тауарлардың құны аптасына екi рет қымбаттаған. « – Мәселен, – дейдi Дариға есiмдi сатушы келiншек. – Ұн, шай және сұйық майдың бағасы қатты қымбаттады. Кейбiр тауарлар әр апта сайын 15-20 теңгеге өстi».

Статистика агенттiгiнiң ресми мәлiметтерiне жүгiнсек, ең қажеттi деген азық-түлiк тауарларының орташа бағасы мынадай: бiрiншi сұрыпты бидай ұны – 71, дәл осы ұннан пiсiрiлген нан – 76, түтiкше кеспе – 155, күрiш – 217, ұнтақ жарма – 132, қарақұмық жармасы– 210, сиыр етi – 744, сары май– 854, 1 литр күнбағыс майы – 282, сүт – 102, он жұмыртқа – 180, картоп – 74, қырыққабат – 65, құмшекер – 191, қара байха шайы – 1339 теңге.

Бұл – ресми мәлiмет.

Еттiң бағасы 200 теңгеге қымбаттады. Дәл қазiр базарларда сиырдың етi – 900 , жылқының қазысы мен жаясы – 1500, сүйегi бар етi– 1200, қойдың етi – 800- 900- теңге. Ендi бiр ай бұрын қанша болғанын өзiңiз есепшотқа салып, анықтаңыз. Ал, саудагерлер болса, «Кiнә бiзден емес. Еттiң құнын көтеруге мәжбүрмiз. Өйткенi жем-шөптiң бағасы өсiп, бордақы мал қымбаттады. Негiзi, барлап қарасаңыз барлық тауардың бағасы шарықтап кеттi» деген уәж айтады.

Күнделiктi тiршiлiкке қажеттi азық-түлiктiң қара базардағы бағасын көрiп, қаламымыз қағазға сүйкелгеннен ресми мәлiметтер жоққа шықты. Мәселен, Статистика агенттiгi республика бойынша орташа емес, ең қымбат жұмырт-

қа Алматыда сатылады деп ақпарат таратты. Анықтап айтсақ, 10 жұмыртқаның құны 224 теңге дейдi. Әйтсе де, Алматының «көк базарында» 250 теңгеден арзан жұмыртқа таппадық. Сондай-ақ, ресми деректе көрсетiлгендей емес, сұйық май – 300, бiрiншi сұрыпты бидай ұнының 1 келiсi – 130, күрiш –240, қарақұмық – 350, құмшекер – 220, қырыққабат – 150 теңгеге жетiптi.

Сонымен қатар Статистика агенттiгi өткен жылдың желтоқсан айында күнкөрiстiң ең төменгi деңгейi 13 728 теңгеге жеттi деп мәлiмдедi. Оның 8 237 теңгесi – азық-түлiк тауарларына, 5 491 теңгесi – азық-түлiк емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалады екен. Ал салыстырмалы түрде алсақ, соңғы бiр жылда күнкөрiс шығыны 14,6 пайызға артқан.

Базардағы баға өсуде. Күнкөрiс шығыны артуда. Осы орайда агенттiктiң алға тартқан соңғы деректерiне жүгiнiп, 5 жаны бар отбасының тек қана жанбағыс үшiн жұмсалады деген айлық шығынын есепшотқа тағы салып көрдiк. 84 мың теңгеге жуықтапты. Бұл қаражат Алматыдай қала тiршiлiгiнде 5 жанға жұқ болмайтыны анық. Ал ауылдағы ағайынның айлық күнкөрiсiне жеткенiмен отбасы қазынасына бұл ақшаның тең жартысы, тiптi кейбiрiне төрттен бiрi де түспейтiнi тағы белгiлi. Республика бойынша орташа айлық жалақы мөлшерi 78 мың теңгеге сәл-ақ жетпейдi десе де, бұл жалақы көпшiлiкке арман. Анығы сол, шынайы өмiрде жалақы мөлшерi тым мардымсыз. Әсiресе, тек қана қартының зейнетақысына немесе балаларының болмашы жәрдемақысына тәуелдi болып, соны ғана талшық етiп, жұмыссыз, жалақысыз жүрген ауыл тұрғындарының әлеуметтiк тұрмысы қиын-ақ.

Әлеуметтiк тұрмыстық жағдайы қиын дегеннен шығады. Билiк қоян жылының қуанышты хабары ретiнде зейнетақы мен шәкiртақының 30 пайызға артқанын алға тартты емес пе. Әйткенмен, бұл үстеменi апта сайын демей-ақ қоялық, ай сайын өсiп тұрған баға жұтып жiбердi. Студенттердiң бiр айға тақ-тұқ жететiн шәкiртақысын мысалға алмай-ақ қоялық. Қаусаған қариялардың зейнетақысын тағы бiр рет ой елегiнен өткiзейiк.

Белi қайысқанда еңбегiнiң зейнетiн емес, бейнетiн көрiп отырған зейнеткерлерге қиын-ау, қиын. Әсiресе, басы ауырып, балтыры сыздайтын, ерекше күтiмдi қажет ететiн қарияларға.

Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, Қазақстанда 1 640 000 зейнеткер бар болса, ай сайын оның 500 мыңы – ең төменгi, 1 050 мыңы – орташа, 90 мыңы – жоғарғы зейнетақы алады. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң деректерiне қарағанда, 1 қаңтардан бастап ең төменгi зейнетақының көлемi – 24 047, орташа зейнетақы – 35 950, ең жоғарғы зейнетақы – 52 226 теңгеге жеттi. Жiлiктеп айтқанда, ең төменгi зейнетақыға – 5 722, орташа зейнетақыға – 8 469, ең жоғарғы зейнетақыға – 12 225 теңге қосылған. Басы ауырып, балтыры сыздайтын, ерекше күтiмдi қажет ететiн, одан қалса қымбатшылық қос бүйiрден қысып тұрған дәл қазiргi кезде бұл қаражат қарттардың жыртығын жамай ала ма, жоқ па?

Не десек те, дәл қазiр әлеуметтiң күнкөрiсi көңiл көншiтпей тұр. Базардағы баға өстi. Зейнеткерлердi жарылқап, зейнетақыға қосқан үкiметтiң үстемесiн шарықтаған баға тап-тақыр еттi. Әсiресе, мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң тұрмыс-тiршiлiгi қиындап барады.

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ.