Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысында отандық вакцинаны 370-тен астам адам салдырды


29 апреля 2021, 08:02 | 2 091 просмотр



Қазіргі кезде Алматы облысында отандық вакцинаны 378 адам салғызды, отандық вакцинаны егу жұмыстары осы дүйсенбіден басталған болатын. Еске салсақ, «QazQovid-in» вакцинасының екі компонентінің 4000 дозасы өңірге өткен жүмада жеткізілген болатын. Бұл осы аймақта орналасқан зауыттан шығарылған алғашқы партия, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 146 адам Кербұлақ аудандық орталық ауруханада вакцинаның бірінші компонентін алды, Көксу ОАА – 121, Талдықорған қалалық емханасында – 80,  Текелі ОАА – 23, Қаратал ОАА – 8 адам осы вакцинаны салдырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіровтің айтуынша, отандық вакцинаның өзгелерінен ерекшелігі сол, оны +2-ден +8 градусқа дейін сақтауға болады, бұл оның тасымалдау, сақтау жағдайларының тиімділігін көрсетеді. «Қазақстандық ғалымдар дайындаған бұл вакцинаның белсенділігі жойылған», - деп түсіндірді маман.

Жалпы бүгінгі күні Алматы облысында коронавирусқа қарсы вакциналардың 1-ші компонентін 134 253 адам, ІІ компонентін 17 596 адам салдырды. 253 егу пункті жұмыс істейді, соның 80-і жылжымалы пункт.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі