Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Зейнеп АХМЕТОВА: БАУЫРЫНА САЛУ - ҚАЗАҚҚА ҒАНА ТӘН


25 декабря 2010, 07:54 | 3 967 просмотров



(Соңы. Басы өткен сандарда).

Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде, атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді. Сонымен, тұңғыш бала кімдікі? Бауырына салудың пайдасы қандай? Бүгінде бұл дәстүр сақталған ба? Ата мен әже тәрбиесін көрген баланың ерекшелігі неде? Бұл жайында Зейнеп апайдың әңгімесін тыңдасақ...

БАЛА - БАЛЫМ,

БАЛАМНЫҢ БАЛАСЫ - ЖАНЫМ

Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл, бір жағынан, «он үште отау иесі» болған жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де немерені бауырына салған, яғни бауырына салу - немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу. Өйткені ата мен әже - көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әже тәрбиелеген баланың, біріншіден, тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен, бала атасы мен әжесінің тең тұстарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін біліп, туыс-

қанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да, «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады. Қонаққа барған балаға әдетте құлақ беріп жатамыз. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөздері орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгіме айта бермейді. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.

БАЛА ЖАСЫНДАҒЫН ҰМЫТПАЙДЫ

Әр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі ғой, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осы бір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зия-

ны да бар. Кейбір жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, әкесін боқтатып, шешесін жамандатып өсіреді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. «Бұрын туған бұрын өледі» дегендей, өзін баққан ата-әже өмірден өткенде, бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл жан дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпын. Десе де, ішінара осындай жайттар да кездесіп жатады. Ақылды ата-әжелер баланы ешқашан біржола бөлмей, ата-анасын білгізіп өсіреді. Анасының ақ сүтінен ажыратпайды.

Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнің орнауына, бүкіл қоғамдық құрылыстың іргетасы өзгеше қалануына байланысты әдемі дәстүр жойылып, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды... Балабақша бар ғой деп ойлаулары мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша - ата-аналары жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже - шежіре, олар ата-бабасынан бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Үйренген тақпағын ғана ұмытпауы мүмкін, ал ата-әженің бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Бұл - өте үлкен мәселе. Әрине, мұны қазір біз өзгерте алмаймыз. Өйткені уақыт сондай, сондай кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өкініштісі, қазіргі ата-әже бір-екі баламен тоқтап қалып, қызметті бірінші кезекке қойған адамдар. Оларды кінәлауға болмайды, заманы солай болды. Бұл әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы өзгерген. Немере тәрбиесіне аса көңіл аударғысы келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, құдайға шүкір, немерелерін жетектеп жүрген ата-әжелер арамызда бар. Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілал-

ғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі - тәрбие. Өкініштісі, бүгінде біз сөз етіп отырған тәрбие жалғастығы үзілген. Көптеген жастарымыз бірге туған аға-әпкелерінен басқа туыстарын танымайды, жеті атасын білмейді. Оларда қаншылдық пен бауырмалдық сезім азайған. Туыстық атауларды ұмыттық. Көбінде «племяннигім», «двоюродной ағам» деп түсіндіруге үйірміз. Мұның барлығы туыстарды алыстата түседі.

ЖАСЫНДА КӨРГЕНІ ЖОҚТЫҢ ӨСКЕНДЕ

АЙТАРЫ ЖОҚ

Ата мен әже тәрбиелеген бала ерте есейеді. Ертеректе немересін бауырына салған аталар немересін сүндетке отыр-ғызғаннан кейін-ақ қайтыс болған адамға топырақ салуға жетектеп алып барған. Өйткені бала тек қана той-жиын көріп өспеуі керек. Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын, екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге апару керек, бала көріп өскені дұрыс. Топырақ салуды көрген баланың ішкі жан дүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой...» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да - ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да - сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек. Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтінім, бір жағынан, періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тарайды, екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді. «Ойпырым-ай, осы шырағымның атқа мінгенін, мектепке барғанын көрсем, азамат болғанын, үйленгенін көрсем...» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған.

Автор:
Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ