Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАСТАР тәуелсіздікті қалай қастерлейді?


25 декабря 2010, 07:57 | 2 147 просмотров


Желтоқсанның 15-деТалғар қаласындағы Медициналық колледждің бірінші курс студентері Тәуелсіздік күніне орай мерекелік шара өткізді. Студенттер осы шара арқылы Тәуелсіздікті, елдің егемендігін қалай қастерлейтінін көрсетті.

Талғар қаласы Медициналық колледжде орын алған шара баршаның көңілінен шықты. Студенттер, ұстаздар және қонақтар алдына алғысөз осы оқу орнының директоры Досбаев Жеңіс Әшірұлына берілді.

-Балалар, сендер бақыттысыңдар. Тәуелсіздік күнін тойлап отырсыңдар. Ерікті елдің, еркін жастарысыңдар. Туған жерде туған тілдеріңде сөйлеп, туған тілдеріңде білім алып жүрсіңдер. Біз кезінде қалаға оқу іздеп келгенде орысшаға тіліміз келмей қиналып жүрдік. Бізді қазақша сөйлегенімізде басқалар мазақ ететін. Ал қазір Тәуелсіз елдің азаматы болып отырмыз. Осы Тәуелсіздікті қастерлеңдер, бағалаңдар,- деп ақылын айтты колледж директоры.

Директордың алғысөзінен кейін студенттер қазақ халқының осы күнге дейін көрген қиындықтары мен зобалаң жылдардан сыр шертіп, тарихқа тоқталды. Әсіресе, сол бір ызғарлы «Желтоқсан оқиғасына» ерекше мән берілді. Егеменді ел болып , Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің бірден-бір себебі 1986 жылдағы жастарымыздың ерлігі еді. Қазіргі жастарымыз аға-әпкелерінің ерлігін білетінін, бағалайтынын дәлелдеді. Жігіттер «Желтоқсан оқиғасына» арналған өлең жолдарын тебірене оқыса, қыздар өздері жазған жырларын көпшілікке паш етті. Мерекелік кеш концертпен ұласып кетті. Әсем ән мен әдемі би орындалды. Талғардағы медициналық колледжде ұстаздар студенттерге кәсіби білім ғана беріп қоймай, жастарға ұлтының өрені, елінің патриоты болуға да тәрбиелейтіні қуантады.

Автор:
Мәдина Омарқұлова