Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ- БІЗГЕ МІНДЕТ


25 декабря 2010, 07:59 | 2 736 просмотров



2010 жыл да өз мәресіне жетіп қалды. Атқарылған істерге баға беретін уақыт та осы жыл соңында жасалатыны белгілі. Еліміз денсаулық саласындағыдай, Алматы облысында айтарлықтай оңды өзгерістер болды. Жетістіктер баршылық. Бүгін біз облыс медицина саласындағы соны жетістіктер, қол жеткен табыстар турасында көкейде жүрген сауалдарымызды Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Маралбек Білісбекұлы Мейірбековкке қойған едік.

- Маралбек Білісбекұлы, әңгімемізді 2010 жылы облыс медицинасындағы ерекшеліктерден бастасақ. Дәлірек айтқанда, облыс халқына сапалы медициналық қызмет көрсетудегі жайларға тоқталып өтсек.

- Статистикадан бастаған дұрыс болар. Алматы облысы жер көлемі және халық саны жағынан еліміздегі ең үлкен облыс санатында. Халық саны 1 миллион 693 мыңға жуық. Медициналық көмек көрсететін мекемелер 902, оның 845 мемлекеттік, 57- сі жекеменшік болып танылады. Денсаулық сақтау мекемелерінің 89,7 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Облыс емдеу орындарының материалдық-техникалық жағдайы жылдан-жылға жақсаруда. Әлемдік сұранысқа жауап беретін медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынуда. Бірқатар емдеу мекемелеріне жаңа ғимараттар салынып, жабдықталды. Соның бірі жуырда пайдалануға берілетін Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы аурухана.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2009 жылы денсаулық сақтау саласына 31,0 миллиард теңге қаражат бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 36,8 миллиард теңгеге жетті. Немесе 15,8 пайызға көбейді. Облыс бюджетінің өсуі бір науқастың емделіп шығу базалық ставкасы 2009 жылы 50694 теңге құраса ағымдағы жылы 62948 теңгеге жетіп, 15,5 пайызға өсті. Емдеу мекемелеріне бөлінетін қаражаттың өсуіне байланысты тиісінше материалдық-техникалық жағдайы көп жақсарды.

Соңғы екі жылда 127 фельдшерлік-акушерлік пункттер, облыстық кардиология орталығында 20 төсектік кардиохирургия бөлімшесі, облыстық және Алматы көпсалалы клиникалық ауруханаларында 2 санитарлық авиация бөлімдері, 140 мектеп жанынан стоматологиялық кабинеттер ашылды, жергілікті және республикалық бюджеттен жұмсақ және қатты құрал-жабдықтар алуға 539,0 млн. теңге бөлініп, игерілді. 337 емдеу мекемелеріне 1329,6 млн. теңгеге күрделі жөндеу өткізілді, жергілікті бюджет есебінен 18 емдеу мекемесінің құрылысы аяқталды, республикалық және жергілікті бюджеттен 2,9 млрд. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынды.

Бүгінгі күні облыстың барлық емдеу мекемелері телефон жүйесімен, санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген, 14 телемедицина орталығы, 3 компьютерлік томограф және 8 маммографиялық қондырғылар тұрғындар-

ға көмек көрсетуде. Екі жылда 1 мыңнан астам адам жоғары деңгейде телемедицина арқылы консультация алып, емделді.

- Мемлекет тарапынан денсаулық және білім беру саласына жанды көмек беру мақсатында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қабылдағаны белгілі. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

- Орынды сұрақ. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 1,3 миллиард теңгеге 43 мекеме күрделі жөндеуден өткізілді. Осы бағдарлама аясында 117 жұмыссыз отырған медицина мамандары қайта оқытылды, іске асыру кезеңінде 2634 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Еңбекшіқазақ, Талғар аудандық ауруханаларының, Іле ауданы Өтеген-батыр кентіндегі аймақтық балалар ауруханасының, Алакөл ауданы Дос-

тық кентіндегі көпсалалы ауылдық ауруханасының құрылысы аяқталуға жақын. Облыс тұрғындарының денсаулығын қорғау саласында 19 мыңнан астам медицина мамандары жұмыс жасайды.Бүгінгі күні облысымызда 3311 дәрігер және 9515 орта буын мамандар еңбек етеді. 2009 жылы 10 мың адамға есептегенде дәрігерлер саны 18,8 болса, биыл көрсеткіш 19,3-ті құрады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, республикалық көрсеткіш - 31,2, орта буын медициналық қызметкерлер саны 50,5 болса, биыл-

ғы жылы 55,3-ті құрады, республикалық көрсеткіш -75,9.

- Тағы бір соны жаңалық. Жас мамандарды ауылға тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да қабылданғаны мәлім. Маралбек Білісбекұлы, облыс денсаулық саласы жоғары және арнаулы орта буын медицина қызметкерлерімен толық қамтылған ба?

- Халық санының өсуі, денсаулық саласының уақыт ағымымен бірге дамып келе жатқандығы баршаға мәлім. Бұрындарғы «кадр-барлық мәселені шешеді» деген қағида өміршеңдігін жоғалтты деп айту ерте. Деседе, облыс денсаулық сақтау мекемелерін білікті мамандармен тұрақты толықтыру күн тәртібінен түспек емес. Рас, әлі де жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеушілігі орын алып отыр. Осы мәселені шешу жолында көп шаралар іске асырылуда. 2009-2010 жылдары облыс емдеу мекемелеріне жергілікті бюджеттен қосымша 1050,0 дәрігерлердің штат бірліктері берілді. Қала типтес кенттерде еңбек етіп жүрген мамандарға 25 пайыздық жеңілдік төленуде.Еліміздің медициналық жоғарғы оқу орындарында облыс әкімінің гранты бойынша 78 жас білім алуда. Жас мамандарды облысымызға, әсіресе шалғайда жатқан елді мекендерге жұмысқа тарту-біздің басты міндетіміз. Бұл жұмыс әлі де жалғаса береді.

- Маралбек Білісбекұлы, 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалау Мемлекеттік бағдарламасын орындау барысында өткізіліп жатқан медициналық тексерулер қандай нәтижелер берді?

- Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Оған дәлел, әлеуметтік маңызы бар аурулар деңгейі азая бастады. Жүрек - қан тамырлары ауруларының көрсеткіші 2010 жылы былтырғы жылға қарағанда 38,0 пайызға төмендеді. Жүректің ишемиялық ауруларынан өлім деңгейін азайту үшін республикалық бюджеттен 44,2 миллион теңгеге тромболизис дәрілері алынып, облыстағы емдеу мекемелері толық қамтамасыз етілді. Аталған қатерлі аурулардың төмендеуіне облыстық кардиология орталығында ашылған кардиохирургия бөлімінің жұмысы үлкен нәтиже береді деп сенеміз. Осы орайда айта кететін қуанышты жайт, жуырда ғана облыстық кардиология орталығында бірнеше күрделі операция жасалды. Оған еліміздің бірқатар облыс орталықтарынан келген кардиолог-дәрігерлер куә болып, жоғары баға берді.

Туберкулез ауруын алдын-алу мақсатында үстіміздегі жылы 68,0 млң. теңгеге рентген қондырғылары, 27,0 млң. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынды. Туберкулезге қарсы емдеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 80,0 млн. теңге игерілді.

2010 жылы жергілікті бюджеттен 477 ауруға 2,7 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Аурудың деңгейі 2009 жылға қарағанда 22,0 пайызға азайды. Қатерлі ісік ауруы 100 мың адамға есептегенде 2009 жылы 97,8-ді құраса, 2010 жылы 96,3 болып, 1,6 пайызға төмендеді. Қатерлі ісік ауруын жаңа басталған, яғни 1-2-ші кезеніңде анықтау 2009 жылы 68,8 пайызды құраса, ағымдағы жылы 74,2 пайыз болып , 7,3 пайызға өсті.

Вирустық гепатит ауруы 100 мың тұрғын-

ға есептегенде 2009 жылы 22,2-ден 2010 жылы 16,3-ке дейін төмендеді. Бруцеллез ауруының көрсеткіші 100 мың адамға есептегенде 21,2-ден 23,6-ға, 375 жағдайдан 444-ке дейін өсіп отыр. Бруцеллез ауруының жоғары деңгейі өкінішке орай Ақсу, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында тіркеліп отыр.

Облысымызда нашақорлықтың алдын-алу, есірткіні пайдалану, СПИД-ке қарсы күрес жұмыстары денсаулық ұйымдарының негізгі міндеттері екені белгілі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бастамасымен әрбір аудан, қалаларда орталықтар ашылды. Талдықорған және Талғар қалаларында жастар денсаулық орталықтары жұмыс жасауда.

-Еліміздің болашағы дені сау ұрпақ өсіру екені белгілі. Осы ең басты міндетті Елбасы да қатаң назарға алып отыр. Жасалып жатқан шаралар ұшан теңіз десе де болады. Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында жасалып жатқан шаралар жайында не айтар едіңіз?

- Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өз алдына бір төбе. Оған дәлел, өткен жылы ана мен балаға арналған медициналық мекемелерге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі күні 30 «Сипап», 75 «Кювез», 10 реанимациялық үстел, 12 ИВЛ аппараты іске қосылып, пайдаланылуда. Мәресіне жетіп қалған 2010 жылы ана мен бала өлімін төмендету жолында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Әр ана мен сәби өлімі кеңесте қаралып, кемшілік жіберген жауапты адамдарға тәртіптік шара қолданылды.

Ана өлімі көрсеткіші 2009 жылға қарағанда 45,0 пайызға азайып, 100 мың тірі туыл-ғандарға есептегенде 18,5-ті құрады.

Бала туу көрсеткіші жылдан-жылға Жамбыл, Іле, Қарасай, Панфилов аудандары және Талдықорған қаласында орта есеппен 10-15 пайызға өсуде. Қарасай ауданында перзентхана төсектері жетіспеушілігін ескере келе, биылғы жылы 20 төсек-орын қосымша ашу жолы қарастырылды.

Сәби өлімі 2009 жылы 1000 тірі туылғандарға 13,9 болса, биылғы жылы 13,5-ті құрап, 2,9 пайызға азайды. Ана мен бала өлімін төмендету, ана мен баланың денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар сапалы да саналы түрде жалғасын таба бермек.

- Медицина саласына енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесінің жұмыс жасай бастағанына бір жыл толды десе де болады. Ол не берді, қандай өзгерістер әкелді?

- Жалпы медицина саласы ең көне де жас сала деп те айтуға болады. Оған дәлел медицинаға енгізіліп жатқан соны да оңды жаңалықтар, реформалар дер едім. Елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі 2010 жыл-

ғы қаңтардың бірінен енгізілгені мәлім. Жаңа жүйемен жұмыс жасау мақсатындағы дайындықты емдеу мекемелерін аккредитациядан өткізуден басталды. Алғашқы кездегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл жүйе біртіндеп іске асырылды.

Бірте-бірте, көп қаражат қажет ететін, тәулік бойы жұмыс жасайтын аурухана төсектерін тиімді пайдалану үшін, күндіз жатып емделетін стационарлар жұмыс жасай бастады. Күндізгі стационарлардың тиімділігі қазірдің өзінде көрініп отыр. Жыл басынан бері емделген аурулардың 38 пайызы күндізгі стационарда емделіп шықты.

Облыс тұрғындары өз қалауы бйынша емдеу мекемесін және дәрігерді тандауға қол жеткізді. Осы жүйенің тағы да бір ерекшелігі – емдеу мекемелерінің арасында бәсекелестікті қалыптастырып, тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетудің сапасын арттыруға негіз болды.

Облыс тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында көп игі істер жасалуда. Бірақ, облыс денсаулық саласы қызметкерлерінің алдында жүзеге асыруға тиісті талай міндеттер тұр. Ол ана мен бала денсаулығын әрі қарай жақсарту, ана және сәби өлімін, әлеуметтік манызы бар аурулар деңгейін төмендету, кадр мәселесін шешу, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, емдеу және алдын алу саласына әлемдік деңгейдегі жаңа технология енгізу, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту.

Осы жасалып жатқан барлық игі шаралар облыс тұрғындарының денсаулығын одан әрі жақсартуға, өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізеді деп сендіреміз.

Алматы облыстық денсаулық саласымен бес жылдан бері қоян – қолтық қызмет етіп келе жатқан бірден-бір басылым бар. Ол - Республикалық «Жәрдем» қоғамдық – медициналық газеті. «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін», -деген дана сөз бар қазақта. Денсаулық саласы қызметкерлерінің төл газетінде ақ халатты абзал жандарымыздың аттестациялық материалдары, шығармашылық мақалалары ұдайы жарияланып келеді. 2010 жылы 10 мың данамен таралған газет алдағы жылы да осы межеден көрінеді деген сенімдемін. Іскерлік, шығармашылық байланысымыз жалғаса бергей!

- Әңгімеңізге рахмет. Алда келе жатқан мерекелер тек табыс әкелсін деген тілегімізді қабыл алыңыз.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ