Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісу жерінде Наурыз мерекесі жалғасып жаты


19 марта 2021, 07:21 | 458 просмотров



Биыл Ұлыстың Ұлы күнін Алматы облысы «Наурыз» мейрамын тойлау тұжырымдасының басты он бағытын негізге ала отырып атап өтуде, соның ішінде қайырымдылық шараларына басымдық берілген. Мәселен, облыстық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен мереке қарсаңында 250 отбасына 1 млн. теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттарға азық-түлік себеті, бірінші кезектегі қажетті тауарлар, сол сияқты қаржылай көмек берілді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Мәселен, Талғар аудандық іскер әйелдер кеңесі құны 309,6 мың теңге болатын азық-түлікті 22 отбасыға жеткізіп берді. Кеген ауданындағы кәсіпкер, «Қалиева» ЖК директоры Манат Қалиев 160 мың теңгеге 7 отбасына көмек етті. Сарқан, Жамбыл, Алакөл аудандарында әлеуметтік қолдау шараларында 55 отбасы қамтылды. Мереке күндері Еңбекшіқазақ, Панфилов, Ақсу аудандарының, Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларының іскер әйелдері өз өңірлерінің тұрғындарына қол ұшын созып, қуантуға ниеттеніп отыр.

Алматы облысының іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықованың айтуынша, облыстың әрбір аудан, қаласында қайырымдылық шаралары тұрақты түрде көрсетіледі. Азық-түлік және басқа да қажеттіліктермен қамтылуына көмектесу үшін ауылдық округтерде кәсіпкер әйелдер көп балалы отбасыларын қамқорлыққа алған.

Қайырымдылық шараларына өңір жастары да белсене атсалысуда. Мысалы, Қайырымдылық жасау күндерінің аясында жастар реустары орталықтары «30 отбасыға – 30 қайырымдылық іс» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, қаладағы 30 көп балалы және аз қамтылған отбасыға, қарттарға азық-түлік берді, сол сияқты 2 отбасының балаларына планшеттер сыйға тартылды.  

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне қарағанда, барлық мемлекеттік мекемелер «Наурыз мейірімі», «Аялы алақан», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары бойынша өздерінде жұмыс істеген ардагерлерге, жетім балаларға, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қайырымдылық шараларын өткізіп жатыр. Атап айтар болсақ, Талдықорған қаласында «Халық» қорынан 165, «Салиқалы ұрпақ» қорынан 50 отбасына және барлық қоғамдық ұйымдардың демеушілігімен 500-ден аса отбасына әлеуметтік көмектер көрсетілуде.

Сол сияқты барлық аудан, қалаларда тазалық айлықтары ұйымдастырылып жатыр. «Ең таза аула», «Ең таза подьезд», «Ең таза көше» байқаулары өтіп, елді мекендер ұлттық мерекеге орай безендірілуде.

Сонымен қатар 11 наурыз күні Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен Б.Римова атындағы драма театры әртістерінің қатысуымен «Көрісу» күніне орай телевизиялық концерттің арнайы түсірілімі жасалып, көрерменге ұсынылды. «Жетісу келіндері орталығы» облыстық қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен, «Жетісудың үздік келіні - 2021» байқауы өткізілді. Онлайн форматта өткен іріктеуге 80 жас келін қатысқан. Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа жақсы үлгі көрсету, отбасы құндылықтарының, мәдени дәстүрлеріміздің және ұрпақтар сабақтастығының маңызын арттыру.

Облыста Наурызға мерекесі аясында осындай мазмұнды шаралар мен қайырымдылық істері жалғаса бермек.