Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕРКЕКТЕР НЕГЕ ӘЛСІЗ?


24 декабря 2010, 14:33 | 1 654 просмотра



Еліміздегі ер-азаматтардың денсаулығы мамандарды шындап алаңдатып отырған сыңайлы. Отағасылардың денсаулығын жақсарту және олардың ғұмырын ұзарту - денсаулық сақтау саласы шеңберінен шығып, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін әлеуметтік мәселеге айналды деп дабыл қаққан дәрігерлер, тағы да бас қосып, «еркектік» мәселені талқыға салды.

Осыдан біраз бұрын андролог дәрігерлер белсіздіктің кесірі бедеуліктен кем

еместігін айтып, ер-азаматтарға өз денсаулықтарына немқұрайды қарамауға кеңес берген. Сонда біраз мәселенің шеті шығып еді. Мамандар бала сүю бақытынан айырылған отбасылардың тең жарымында кінәрат отағасынан болатындығын айт-қан. Ал жуырда өткен бір жиында Ұлттық урология институтының басшылары мемлекет әкелік құқықты заңнама деңгейінде қорғаудан бас тартып отыр деп мәлімдеді.

Ақ халаттылардың айтуынша, қазіргі кезде елімізде жүкті әйелдер мен аналардың мүддесін қорғайтын заңнамалық жүйе қалыптасса, ер-азаматтар мүддесін қорғауда тұйыққа тіреледі екенбіз. Халықтың репродуктивті денсаулығы деген кезде тек аналардың денсаулығы ескеріліп, әкелер шет қалып келеді. Бұл мәселе елдегі гендерлік теңдік туралы стратегияда да айтылған екен. Қазақстанда еркектердің денсаулығын сақтауға бағытталған жүйелі саясаттың жоқтығынан, денсаулық сақтау мекемелері бұл мәселені назардан тыс қалдырып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ұлттық урология орталығы «Ерлердің репродуктивті денсаулығы» деген бағдарлама жасап, ел бойынша 24 мың адамды тексеруден өткізіпті. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Дәрігерлер әрбір екінші азаматтың денсаулығынан ақау тапқан.

- Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында түсінгеніміз - еркектердің денсаулығы тек уролог немесе андролог мамандардың қолында еместігі. Бұл салааралық ынтымақтастық арқылы кешенді түрде шешілуі қажетті өзекті мәселе. Сондықтан жақында уролог-андролог, эндокринолог, кардиолог мамандар бірлесе отырып, аталмыш бағдарлама аясында «Ерлердің денсаулығы күндерін» өткіздік. Әйелдер емханаға келген кезде, гинекологқа барады, ал еркектер урологтың есігінің жанына жоламайды. Өйткені біздің кардиолог, эндокринолог дәрігерлеріміз олардың еркектік жағдайын сұрамайды. Ал ер-азамат әрқашан еркек болып қалуы керек. Қазақтарда Жетпісбай, Сексенбайлардың көп болғаны бекер емес қой?! Сондықтан қазақстандық жігіттердің өмір сапасы өте маңызды. Аталған дәрігерлердің басын қосатын кешенді бағдарлама қажет. Аурудың алдын алу мен емдеудің нақты алгоритмін жасаған абзал, - деп пайымдайды Б.Жарбосынов атындағы Ұлттық урология орталығының директоры Мырзакәрім Алшынбаев. Ерлердің денсаулығы күндерінің бірінші кезеңде түрлі жыныстық ауытқуларды анықтау мақсатында сауалнама жүргізілсе, екінші кезеңде тестостерон көрсеткішіне, еркектік безді ультрадыбыстық зерттеу, қандағы қант мөлшері, ЭКГ талдаулары жүргізіліпті. Нәтижесінде, үш күнде тексерілуге келген 1164 азаматтың 845-інде, яғни 72 пайызында уроандрологиялық ауытқулар анықталған. - Бір жағынан, бұл мәселе қоғамда кең таралған, ол ер-азаматтардың өмір сапасына ғана әсер етпейді.

Екінші жағынан, оған ешқашанда қажетті деңгейде назар аударылмаған. Науқас

тар өз денсаулығы туралы толық айтпаса, дәрігерлер табандап сұрамайды. Біз қараған адамдарда урологиялық аурулар емес, өзге де сырқаттар анықталды. Бұл бекер емес. Яғни ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдау өте маңызды, - дейді медицина ғылымдарының докторы Михаил Зельцер. Мәселенің маңыздылығына баса назар аударған мамандар «Репродуктивті денсаулық туралы» заң қабылдау қажеттігін айтады. «Министрлік, ғылыми мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық құрылымдардың басын қосатын бағдарлама әзірленіп, ер-азаматтардың денсаулығына назар аударатын кез жетті» дейді мамандар. Сонымен қатар дәрігерлер адамдардың психологиясы өзгеруі қажет деп есептейді. Салауатты өмір салтын ұстану да түрлі сырқаттың алдын алады.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР