Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚҰЛДЫ БӘРЕКЕЛДІ ӨЛТIРЕДI НЕМЕСЕ «ҚАРА ЖОРҒА» БИI ХАҚЫНДА


24 декабря 2010, 14:37 | 1 776 просмотров



Алдымен айтарымыз, «Қара жорға» – дәл қазiргi айтылып, биленiп, орындалып жүрген қалпында тек сауық-сайран мен той-томалақтың қажетi үшiн шебер құрастырылған аралас жанрлы музыкалық туынды. Мұның әуенi Қытайдағы қазақтардың бәрiне белгiлi «Сал күрең» дейтiн күйдiң ырғағын сәл өзгертiп, оған «жар-жардың» үзiк-жұлығын қосарлаған жаңаша аранжировкасы ғана. Дегенмен, бүгiнгi шоу-кештердiң қажетiн өтеуге жарайтын сәттi туынды екенiн мойындаймыз.

Бiрақ, «Қара жорғаның» би екенiн, би болғанда да оның кереметтей нәзiк, күрделi әрi аса байыпты, байсалды халықтық мұра екенiн естен шығармауымыз керек едi. Бiз бiлетiн «Қара жорға» биiнiң домбырада орындалатын арнаулы күй сарынды әуенi бар болатын. Әрине, әзiр де бар. Бiрақ, ол бүгiнгi «Қара жор ға» биi әуенiнен мүлде бөлек.

Ол әуен сәл баяулау орындалады. Ал бидiң өзi – бiртұтас желiге құрылған, бiрнеше бөлiмнен тұратын, берiк композициялы, нағыз буын биi. Алдымен бұл би неге «Қара жорға» аталады дегенге назар аударайық. «Қара жор-

ға» – қазақы тұрмыстың, ұлттық болмыстың төл туындысы. Атап айтқанда, қазақ бұл бидi шаруадан қолы босаған кездерiнде тамашалайтын болған. Ол үшiн бiр қарулы мығым жiгiттi ортаға қара жорға ретiнде шығарып, атқа ұқсатып төрт аяқтатып тұрғызып қоятын. Сонан кейiн бидi жақсы билей алатын бiр бозбаланы ортаға шығарып, қол соғатын. Домбырашы дәстүрлi «Қара жорға» би әуенiн тарта бас-

тағанда бишi атқа, яки қара жорғаға билей жүрiп жақындап, алдымен аттың кекiлiн, құлағын, жалын сипап барып ноқта, сонан соң жүген салу рәсiмiн жасайды. Бұдан кейiн ар-қасын, сауырын сипап жүрiп, атты ерттеуге кiрiседi. Мұның бәрi, әрине, би арқылы орындалады. Iшпек, тоқым-ер салып, құйысқандауға келгенде ат үркiп, теппек болып мiнез көрсетедi. Оның өзi рахаттана күлуге себеп болады. Ат ерттелiп болғаннан кейiн, бишi жiгiтiмiз атты айнала көпшiлiктiң алдында буын биiнiң небiр нәзiк қимылдарын жасап, өнерiн көрсетуге барын салады.

Осыдан кейiн бидiң ең шарықтау шегiне, әсем де, қызғылықты сатысына куә боласыз. Бишiмiз ерттеулi аттың төрт аяғын тағалау жосынын жасап, неше түрлi қимыл-әрекетке толы би ырғағына басады да, «Қара жорғасына» қарғып мiнiп, атүстi қозғалысының ең күрделi де әсем қимылын көрсете бастайды. Аттың қолтығына аяқтарын өткiзiп алып, шалқайып, еңкейiп, оңға-солға аунай аттың бауырына түсе билеп, жұртты қыран-топан күлкi қызығына батырады. Егер қонақтар арасында жас бишiлер болса, олар да биге қосылып, ойын көрiгiн қыздыра түседi.

Бұл – бiр рахаттана күлер, көңiл көтерер әрi жастарды би өнерiне баулып, шынықтырар тамаша орай.

«Қара жорғаның» осы бiр тұтас қимыл-қозғалысын түгел қамтып, осы заманғы қуыршақ фильмдер жанрына үйлестiре фильм түсiрсе тамаша болар едi.

«Қара жорға» биi сонымен бiрге малшы қазақ жаз жайлауға шығып, қымыз бен бағлан етiне тойынған шағында кәдiмгi ат үстiнде билейтiн, бүгiнгi акробаттарша өнер сайысына түсетiн ойын-тамашаның гүлiне айналатын.

«Қара жорға» биiнiң шығу тарихы тым ерте заманға меңзейдi. Ежелгi Ғұн, Үйсiн, Қаңлы, Найман-Керей хандықтары тұсында атты әскерлер ұзақ жорықтарда жүргенде үзiлiстерде алқа-қотан тұра қалып, жаппай би билейтiнi, ол бидiң «Жылқы биi» («Мау») деп аталатыны жөнiнде ертедегi қытай жазбаларында сақталған.

«Қара жорға» биiнтек қазақтар ғана билемейдi. Оны өз әуендерiмен, өз аспаптарында моңғол малшылары да билейдi. Қазақтың «Қара жорғасына» ұқсайтын қимыл-қоз-ғалыстары да бар. Тұтастай алғанда, «Қара жорға» биi – қазақтар мен моңғолдарға ортақ өнер деп қараудан қашқақтаудың еш жөнi жоқ.

«Қара жорға» биiн Қазақстанға алғаш әкелiп таныстырған Арыстан ақсақал былай деп едi: «Қара жорға» – ұлтымыздың таза болмысын бейнелейтiн төл өнерiмiз. Оны балет, не болмаса Еуропаның басқа билерiмен салыстыруға, немесе оларға елiктеуге әсте болмайды. Ол секiрiп, шоршып жүрiп секеңдеп билейтiн жеңiл, дарақы би емес. Аты айтып тұрғандай, қазақтың қоңыр табиғатына бейiм өз өмiрiнiң айнасы, сондықтан да келсiн-келмесiн бұзып билеушiлерге еш келiспеймiн. Тiптi бұзғысы келiп бара жатса «Қара жорғада» несi бар? Басқа би жасап, секiрiп ырши берсiн. Ал және де айтарым, оны ән түрiнде емес, би түрiнде қабылдауымыз керек. «Қара жорға» биi халықтың қара жорғаға арнап шығарған күйi негiзiнде қалыптасқан». Ақсақалдың осы уәжiне бiз құрметпен қарауымыз керек едi...

Соңғы кездерi осы «Қара жорға» Қытайда қатты «насихатталып» жатыр. Бұл – Қытайдың қазақтың өнерiн өрге жүздiрейiн деген ниетi емес, бұл – қазақтың назарын бүгiнгi жанып тұрған өзектi проблемалардан басқа жаққа аударып әкету үшiн ойлап тапқан даңғаза шоуы. Әйтпесе, пәлен мың адам қатысып «Қара жорғаға» билеу, не болмаса пәлен мың адам алаңға шығып, қазақтың күйiн тарту деген не? Мұның арғы астарында не жатыр?

Өз отандастарымның да ешбiр ойланбастан «Қара жорғаның» қиқуына қиқу қосып, iлiп әкеткенiне таң-тамаша болып жүрдiм. Жаңылыспасам, Атырауда пәленбай мың адам алаңға шығып «Қара жорғаға» биледi. Комсомолдың өткiншi науқандарына төселiп алған бiздiң бүгiнгi әр дәрежедегi басшы-қосшыларымыз бiр нәрсенiң байыбына баруға, зерделеуге өте құлықсызғой, сондықтан да ендi осы мәселеге қатысты өз пiкiрiмдi бiлдiрсем деймiн.

«Қара жорға» – ең алдымен нәзiк өнер туындысы. Ендеше, оны мыңдап, иiрiп әкелген тобырдың елең-селең, ербең-сербең ермегiне айналдыруға әсте болмайды. Егер «Қара жорғаны» шын мәнiнде көпшiлiк биi еткiмiз келсе, мұнымен өнер адамдары айналысуы керек емес пе едi? Ал оны, журналистер жазып жүргендей, «жалпыхалықтық спорт түрiне айналдырғанның» өзiнде, мұны мамандар зерттеп, саралап, жетiлдiрiп, ортаға бейiмдеп, түрлендiре дамытып барып жалпыластыруға неге болмады? Әзiргi «Қара жорғаны» қайсы маман-бишi үйретiп жүр, ол өзi кiмнен, қашаннан берi, қалай үйренiптi? Көрмегенге көсеу таң болып жүрген жоқ па? Егер осы бетiмiзбен «уралай» берiп, «Қара жорғамен» мектеп оқушылары мен студенттердi алаңға айдап апарып, келсiн-келмесiн, құнжыңдата берер болсақ, көп өтпей жұртты әбден мезi қылып, жалықтырып алмаймыз ба? Әсiреқызылдың тез оңарын, «Алға, комсомолдың» барар жерiн көрiп-бiлген ұрпақ емес пе едiк?! Сәл сабыр сақтап, жан-жағымызға қарап, ойлансақ қайтедi?

Қытайға керегi – қазақтың «Қара жорғасын» насихаттап, қазақтың өнерiн, қазақтың жас ұрпағын ұлттың дәстүрi бойынша тәрбиелеп, қазақтың көсегесiн көгерту емес, халықтың асыл өнерiн у-дуға, даңғазаға, қарабайыр шоуға айналдырып қадiрiн кетiру, тоздыру. Қала бердi, жастарды ығыр қылудан басқа ешнәрсе де емес. Себебi, соңғы он жылдан берi, әсiресе, кейiнгi бес жылдан берi Қытай өкiметiнiң арнаулы нұсқауымен бүкiл қазақ, ұйғыр мектептерi қытай мектептерiне қосылып, барлық сабақтар мен тәрбие жұмысы қытай тiлiнде жүретiн «аралас мектепке» айналды. «Аралас мектептiң» не екенiн басқа бiлмесе де, бiздiң тайқы маңдай қазақ жасы бiлсе керек. Шын мәнiнде, мұның «аралас мектеп» деген аты ғана, заты – қытайша. Қытайда қазақша балабақша туралы сөз қозғаудың өзi қиын. Оның үстiне бiр отбасына қалада екi, ауылда үш баладан артық бала тууға мүлде жол жоқ. Әрең көрген сол бейкүнә сәбилерiң көзiн ашқаннан қытайша тәрбиеленiп, әр қазақтың үйiнде толығымен қытай тiлдi ұрпақ өсiп жатқанда, ендi 10-15 жылдан кейiн сенiң «Қара жорғаң» мен қара домбыраңа ие болмақ түгiлi, қазақ тiлiнде сөйлейтiн қазақты қайдан таппақсың? Бұл сұмдықтың қандай зардабы барын аңғал қазақ түсiнбегенмен, есепшiл қытай мұны әлдеқашан хаттап, шоттап қойған.

Егер қытай өкiметi қазаққа шын жақсылық жасағысы, қазақ өнерiнiң көсегесiн көгерткiсi келсе, соған ие болар ұрпақты ұлттың тiлiнде оқытып, ұлттың дәстүрi бойынша тәрбиелеуiне қамқорлық жасар едi ғой. Ал осы ащы шындықты көрiп-бiле тұра бiздiң «Гиннес» кiтабын парақтағыш жалбағай журналистерiмiздiң Қытайдағы мән-мағынасыз шоуға таңыр-

қай сүйiнiп, жарыса жарнамалап жатуын қалай бағалауға болады? Қазақтың дарақы дырдуға әуес екенiн, көрсеқызарлығын жақсы бiлетiн алыс-жақындағы көршiлерiмiздiң iс-әрекеттерi бiзге «құлды бәрекелдi өлтiредiнiң» кебiн кигiзбей тоқтамай ма деп алаңдаймын.

Ұлттық мектебi жабылып, көңiлi пәс болып қалған қазақты алдарқату үшiн қытайлар пәленбай мың адамды алаңға шығарып «Қара жорғаға» билетiп жатыр. Мұны түсiнбеу, түсiне алмау соншалықты қиын ба?..

Қытай халқында «Алысты көргiң келсе биiкке шық» дейтiн мәтел бар. Бiздiң қазақтың етекте жатып, аспанға қол созғысы және көктегi айды басқалардан бұрын иеленгiсi келiп жанығатынына қайран қалам...

Осы таяуда ғана белгiлi әдебиеттанушымыз, бiлгiр мәдениеттанушымыз Мұрат Әуезов Қытайдың қазiргi саясаты жөнiнде өте әдiл әрi дөп айтты. Қанша дегенмен, жақсының көзi, асылдың тұяғы емес пе, Мұрат Әуезов өзiнiң сұхбатында, ҚазТАГ-тың тiлшiсi В.Новиковке берген «Таудың етегiнде тұрсаң, биiктен ағып келетiн өзендердiң мiнезiн бiлуге тырыс!» деген сұхбатында былай дедi:» Қытайдағы ұлттық саясат қатаң әрi жүйелi түрде жүргiзiледi. Ал өзге халықтардың (шао шу минцзы) ұлттық дәстүрлерi мен ерекшелiктерi онда iс жүзiнде тек этнографиялық деңгейде ғана сақталады. Бұл елде барлық дүние Ұлы Қытай мүддесiне бағындырылған.

Осы принцип белгiлi бiр дәрежеде диаспораларға да қатысты. Мен мынадай мысал келтiргiм келедi. Қытайлықтардың пайымдауы бойынша, қазiр жер-жерде Қытай қазақтарының мәдениетiнiң гүлденуiн паш етерлiк шоу өткiзiлiп жатыр. Үлкен алаңға мыңдаған домбырашыларды отырғызады да, олар осы ақылға сыймайтын оркестрмен күй орындайды. Домбыра қазақ үшiн жеке бастың сезiмiн бiлдiретiн бiр ғана орындаушының аспабы екенi шоуды ұйымдастырушылардың миына да кiрiп шықпайды. Осылайша, шынайы халықтық өнердiң орнына масс-мәдениет туындайды. Керек болса, бiр ғана домбырамен жүздеген мың тыңдарманды ұйытып тастауға болатынын бiз бiлемiз, мiне осыны қытайлықтар түсiне алмайды».

Мұраттың пiкiрi бәрiмiздi де көп ойға жетелейдi. Күйдiң киелi де талғампаз, шiкәмшiл жаратылыс екенiне жете назар аударуымыз қажет-ақ. Осындайда бүгiнгi Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрiнде ойналатын үрмелi, ыспалы, ұрмалы аспаптардың қазақ күйлерiн орындауға оралымсыз түрлерiн алып тастауға, немесе оның санын азайтып, «Отырар сазы» оркестрi қолданып жүрген ұлттық аспаптар үлесiн арттыру ар-қылы тарихи әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге болмас па едi деген ой келедi.

«Әлемдiк, еуропалық классиктердiң шығармаларын қаз-қалпында орындауымыз керек» дегендi сылтауратып, қазақ өнерiн оған жығып бергендей болатынымызға намысың да келедi. «Симфониялық оркестр» деген бар емес пе, онымен «Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрi» деп аталатын ұлттық оркестрдiң арасында көзге ұрып тұрған өзгеше ерекшелiк болуы керек емес пе?!

Әй, қайдам-ау, қайдам... «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты, Жығылғанның үстiне жұдырық боп» дегендей, жаһанданудың алапат сунамиi бүгiнгi барымыздан айырып, ұлттық қадiр-қасиетiмiздi қашыра бастаған тұста, бiздiң бұл сөздерiмiзге назар аударар, құлақ тiгер зиялыллар табыла қояр ма екен...

Десек те, Мұрат Әуезов айтқандай, егер таудың етегiнде тұратын болсақ, биiктен ағып келетiн өзендердiң мiнезiн бiлуге тырысуымыз керек. Тек бiлiп қана қоймай, олардан келер жақсылықтар мен жаман зардаптардың да қандай боларын бiлуге ұмтылуымыз қажет.

Автор:
Әлiмғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымдарының кандидаты.