Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сарапшылар коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жайлы айтты


15 марта 2021, 07:19 | 270 просмотров



Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемеөкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация және онкологиялық науқастарды вакцинациялаудың ерекшеліктері туралы айтты.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтуынша, әлемде адамға қауіпті жұқпалы аурулардың барлығына қарсы вакцина жоқ. Ал вакцина тиімділігі 50 пайыз ғана болса да, адам өз өмірін сақтап қалудан  бас тартпауы керек.Екпенің көмегімен ауыр асқынулардың, мүгедектік, тіпті өлімнің алдын алуға болады. Халықты толық вакцинациялау нәтижесінде «ұжымдық иммунитет» қалыптасады, ауруды тасымалдау деңгейі төмендейді. Осы орайда шешек қоздырғышымен қалай күрескенімізді еске алсақ.

«Бүгінде планетаның 99,9% полиомиелиттен, ал Қазақстанбезгектен арылды. Қызылша мен қызамық, паротит вирустарынан да түбегейлі құтылатын күн жақын. Егер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай вакцина салдырсақ, әрқайсымыздың Covid-19 пандемиясын тоқтатуға үлкенүлес қосқанымыз»,-деді ҚР ДСМ ҚДСҰО директорының орынбасары.

Қазақстанда қазір науқас саны азайғанымен, алайдаауруханалардағы жағдайы ауыр пациент қатары өсуде.Өйткені, коронавирус инфекциясы созылмалы ауруларды асқындырады және оның ағзаға салдары ауыр. Біз COVID-19 туралы көп нәрсе білеміз, бірақ болашақта SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа әсері де байқалуы мүмкін.

«SARS-CoV-2 коронавирусы тұмау вирусы сияқты мутацияға ұшырайды. Егер біз тұмауға қарсы вакцинаны мысалға алсақ, онда өндірушілер әр 6 ай сайын вакциналардың құрамын  уақытқа  және аймаққа қарай тұмау штаммына байланысты өзгертеді.Егер SARS-CoV-2 вирусы маусымдық вирустар санатына ауысса, онда өндірушілер эпидемиологиялық белсенді штаммға байланысты Оңтүстік жарты шарда немесе Солтүстік жарты шарда вакцина құрамын өзгертеді», - деді ҚР ДСМ фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева.

«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР ДСМ Бас онкологыДиляра ҚайдароваNCCN, МСК, ASCO-ның онкологиялық пациенттерді коронавирусқа қарсы вакцинациялау бойынша  ұсыныстарын айтты. 

Сонымен, онкопациенттерде Covid-19 ауыр өтуі мүмкін және коронавирустан қайтыс болу қаупі жоғары, осыған байланысты SARS-CoV-2-ге басқа көрсетілімдерге (мысалы, жасына) қарамастан вакцинациялануға басымдылық берілуі тиіс.

«Ковидтен онкологиялық науқастардың өлімі науқастың жағдайына, жасына және т.б. байланысты 11-ден 35% - ға дейін құрайды. Науқастың жағдайына байланысты онкологиялық аурулары бар барлық пациентті вакцинациялау қажет.Иммуносупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн» - деп түсіндірді Д.Қайдарова.

Оның айтуынша, шешім қабылдарда қауіптер, пациенттің жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоцит пен нейтрофилдің деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар, қазір вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе,бұл енді ем бастаған науқастарға қатысты. Мұндайда вакцинацияны тек мРНҚ вакциналармен жүргізу керек. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер операцияға дейін немесе одан кейін вакцинацияланады. Үлкен ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын (мүмкіндігінше) вакцинацияланады. Цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакцинацияланады.