Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Рысбек Бәйгіжүкұлы Тұрықбаев: «МЕДИЦИНАҒА КЕЗДЕЙСОҚ БАРУҒА БОЛМАЙДЫ!»


24 декабря 2010, 14:39 | 1 815 просмотров



Анасының құрсағында жатып-ақ өмірдің ащысын сезінген, жастайынан ауыртпалықты көп көрген жазушы Шерхан Мұртаза өзінің «Ай мен Айша» атты естелік романында «...жұрттың көбі мені қатал, мұңды минор музыканы ұнатады деп сөгетін көрінеді, менің балалық шағымның рок, джаз деген музыкалары пештің қуыры мен боранның уілінен құралған, қайтейін өмір баянымды айтып, ақталып жатамын ба?»- деген екен. Ия, сол кезеңдерде өмірдің теріскей тұстарын көп көрсе де төтеп беріп, халық игілігі үшін мойымай еңбек еткен, сол адал еңбегінің арқасында еліне елеулі болып жүрген азаматтар арамызда аз емес, солардың бірегейі бүгінгі мақаланың өзегі болып отырған – ақ беренді абзал жан, Есік қаласындағы аудандық аурухананың бас дәрігерінің халыққа медициналық көмек ұйымдастыру жөніндегі орынбасары, жоғары санатты терапевт-кордиолог – Рысбек Бәйгіжүкұлы Тұрықбаев.

ӨМІРДЕРЕК: БАЛА ШАҚТАН – БОЛАШАҚҚА

Адам баласы басына қиындық түскен сайын күш-қайрат, жігер жинай ма деп ойлаймын. Қазір сонау бір жылдар қайта оралып келсе, сол істерді жасай алар ма екенмін, жасай алмас па екенмін деп, жас кезімдегі өзімнің жігерлілігіме таң қаламын. Медицина саласындағы – 37 жыл еңбегімнің 10 жылын Қаракемер ауылындағы амбулаторияның бас дәрігері қызметіне арнасам, 10 жыл Түрген ауылында аудандық емхананың бас дәрігері болдым, кейінгі 17 жыл Есік қаласындағы аурухананың бас дәрігерінің орынбасарының қызметін атқарып келемін. Әкем – Ұлы Отан соғысына қатысып, қайтыс болған, анам – қарапайым колхозшы шаруа адамы болды. Дәрігерлік мамандықты марқұм анамның өтініші бойынша таңдадым, шешем көп ауырып 49 жасында өмірден өтті. Қайтыс болар алдында анам: «Балам, шамаң келсе, мен сияқты ауру адамға жәрдем беретін дәрігер болшы?»–деп өз тілегін айтқан еді. Мен ол кезде он жаста едім. Сөйтіп, он жасымда анадан жетім қалып, інім екеуміз интернатта тәрбиелендік. Қазір інім – Жұмабек Алматы қаласында тұрады, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде оқытушы.

Студент кезімде маған көмектескен адам болған жоқ. Көп қиыншылық көрдім. «Строй отряд» дейтін болатын соған қатысып, қатардағы жұмысшыдан бригадир комиссарға дейін жұмыс істедік. І курста Шардара ГЭС-нің жанынан үй, 8 жылдық мектеп салдық. ІІ курста оқып жүргенде Қырбалтабай қазіргі Түрген қой совхозының қойшыларына студенттік отрядпен бір жазда 20 үй қойқора салдық. Шелектің «Авангард» деген совхозының бірінші үйлерін де біз салдық. Оқып жүріп төрт-бес жерде жұмыс істедім. Мысалы, жатахананың жанында балабақша болды, таңертен тұрып, сол балабақшаның ауласын сыпырып, жуынып-шайынып сабағыма барамын. Кешкісін, қазіргі хабар телеканалының орнында қойма болатын, сол қоймада күзетші болып жұмыс істедім. Мехкомбинаттың фельдчерлік пунктінде түнгі кезекші болдым. Сөйтіп оқып жүріп фельдчер болып та істедім. Өзімді де қамтамасыз етіп, ініме де көмектесіп тұрдым. Бұл енді 1967-1972 жылдар аралығы-тын. V курста оқып жүріп, 1972 жылдың аяғында бірінші сыныптан бірге оқыған, бала кезден бір-бірімізді ұнатып жүрген, бала махаббатым–Мираш Толендіқызына үйлендім. Жолдасым да аталған оқу орнында сырттай оқыды. Содан Салтанат деген қызымыз дүниеге келді. Ол кезде менің әпкелерімнің де бала-шағасы көп, Мираштың да бауырлары көп, кішкентай балалары бар. Қызымызды бағатын адам жоқ. Содан біреуіміз түске дейін біреуіміз түстен кейін жұмысқа барып келіп бағатынбыз. Балабақша деген ол кезде қымбат, өзіміз қазіргі «Думан» шағын ауданында, шеткі көшеде бір Әзірбайжанның үйінде пәтер жалдап тұрамыз. Қызымыз еңбектегенде сол жерде алмабақтың ішінде жерге текемет төсеп, ойыншықтарды алдына жайып тастап, белінен жаймамен орап, кітабыма жетпейтіндей қылып алма ағашқа байлап қоямын, қасына өзім отырып, емтиханға дайындаламын. Қысқасы бір қолымызда бала, бір қолымызда қалам мен қағаз, сөйтіп жүріп оқуды да бітірдік. Көп оқыдым, көп іздендім. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Бірақ, өкінішке орай жолдасым үш жыл болды өмірден озды. Қазіргі жолдасым –Түрген ауылында жедел жәрдем қызметінде істейді. Өзіміз отбасында бес ағайынды болдық, екі әпкем де қазір арамызда жоқ, ортаншы әпкем мен жездем – Райымбек ауданы, Қайнар ауылында тұрады.

Үлкен қызым – №4 Абылай хан атындағы мектепте мұғалім, екінші қызым – мектепке дейінгі дайындық факультетін бітірген Алматы қаласында балабақша ұстап отыр. Ұлым – өнер адамы. Бес немерем бар, немерелерімнің алды студент 2 курста оқиды.

Қазір енді құдайға шүкір, ұлдарым ер жетті қыздарым бой жетті, үйленді, тұрмыс құрды. Жаман емес. Өмірден өз орындарын тапты. Баламызды да жасатайынан өнерге талпындырып өсірдік. Ұлымыз Алматыдағы К.Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында он екі жыл оқып, халық аспаптарын толық меңгеріп шықты. Дирижер-домбырашы. Одан консерьваторияның екі жыл курсын одан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер акдемиясын дизайнер мамандығы бойынша бітіріп шықты. Марқұм Дәркембай Шоқпарұлы деген үлкен зергер ағамыз бар еді, сол ағамыздың бар өнерін игеріп, қазақтың ұмыт болып кеткен өнерін жаңғыртып, неше түрлі былғарыдан, теріден, ағаштан, күмістен, түрлі металдардан зергерлік бұйымдар жасайды. Біраз уақыт тапсырыс бойынша Қапшағай қаласында салынып жатқан ойын-сауын кешендерінің безендіруін жасады.

Мен балам арқылы арманым іске асты ма деп ойлаймын, өзім жетпеген өнерге балам жетті. Соғыстан кейін туғандықтан ба, бала күнгі арманым – Ш. Айманов ағамыз сияқты режиссер, халық еңсесін көтеріп, көңілін ашатын өнер адамы болу еді. Ол кезде қызықты ештене жоқ. Шалғайдағы ауылдарға қырғыздың әншілері келіп анда-санда концерт қойып кететін қазақтың әншілері жылына бір-екі рет келетін еді.

БҰРЫНҒЫ МЕН ҚАЗІРГІ МЕДИЦИНАНЫҢ АРАСЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ

Таулы жерде өскен бала болғандықтан ба толағай, асқақ армандарым көп болды, бірақ арман орындалуы үшін оған да көп жігер керек. Мен дәрігер болып анамның өсиетін орындағаныма өкінбеймін. 1967 жылы 1 орынға 16 адамнан конкурс болды, анамның аруағы қолдаған шығар, өз күшіммен оқуға түсіп мединститутты жақсы бітіріп, жолдамамен осы Еңбекшіқазақ ауылына келіп, еңбек жолымды бастадым. Сол кездегі министр Петровскийдің бұйрығы бойынша дәрігерлік амбулатория ұйымдастырындар деп жас мамандарды ауыл-ауылдарға жібетерін. Сөйтіп, 5000 халықтан тұратын ауылдағы жай тұрғын үйді амбулатория жасап берді. Не телефон, не жедел жәрдем машинасы жоқ, алты-жеті шақырым жерде Талдыбұлақ, Сатай деген екі-үш ауыл бар. Жалғыз дәрігер болдым, балаларды да, әйелдерді де өзім қарадым. Жаяу жүріп, сол жеті-сегіз мың халыққа қызмет көрсеттім. Осы жеті-сегіз жылда ең аяғы бағанаға дейін өзім орнатып, телефон қойғыздым. Бір институттың машинасын берді, осы жерден соны сүйреп апарып, заводқа жөндетіп халықтың игілігіне жұмыс істеттік. Ол уақытта тіпті үйде босанып қалатын әйелдер де болған, соларды да босандыруыма тура келді. Сондағы қабылдап алған балаларым, қазір отбасылы, балалы-шағалы болып отыр. Ол кезеңдерде аудан бойынша төрт шаруа үлкен ірі-ірі мал шаруашылығы болатын, жазда малшылар Асы дейтін жайлауға шығатын, бір колхоздың өзінде 36 отар қой болатын. Қыста Солтаңқұл, Ленин бойын Бақанас жаққа дейін қыстайтын. Малшыларды, олардың балаларының денсаулығын қарап, ауырғандарын емдеп, жатқызатынын жатқызып аптасына бір рет аралап тұратынбыз.

Талай жандарға қолымнан келгенінше көмектесіп, диагноздарын дұрыс қойып, жәрдем жасап, жүрмін. Мәселен, бір нау-қас адамға әр дәрігер әр түрлі диангоз қояды екен, бармаған дәрігері қалмаған көрінеді. Диагнозын қойып, жүрегінде туа біткен кемістік бар екен анықтап, Сызғанов институтына жіберіп, жүрегіне операция жасатып, өлім аузынан алып қалдым. Ол кісімен қазір де, отбасымызбен бірге жақсы араласып тұрамыз. Түргенде де диагноздары дұрыс қойылмаған науқастарға көп көмектестім. Мамандығым терапевт-кордиолог болғандықтан жүрек ауруларына көмектесу жөнінде көп білім көтердім.

Өмірде әртүрі жағдайлар болады ғой, бұл медицина саласында адамның біз білмейтін жұмбақ сырлары көп. Кейде өкінішті жағдайлар да болды, қанша көмек қолыңды созсаң да, ем қонбай аяқ асты қайғылы жағдай болып жататын кездер болды. Осындай қай-ғылы оқиғалар жүрегіне, миына, жүйкеге әсер етеді. Кейде менің кесірім бе екен, мен білмей қалдым ба екен деп іштей уайымдайсың. Өзіңді-өзің кінәлайтын кездер, уайым болады.

Ақ халатты абзал жан болғандықтан, ешкімге қасақана ештене жасамайсын.

Ол уақытта телемедицина, компьютерлік ангипорозисный томограф дегендер болған жоқ. Біз өзіміздің табиғат берген есту қабілетімізбен, көзіміздің көрген, қолымызбен ұстап, тыңдап анықтадық. Лабораториялық анализдердің өзі де белгілі бір шектеулі деңгейде жасалды. Қазір техника саласы жетілді, телемедицина деген бар, ультродыбыстық тексерулер бар. Рентгеннің түр-түрі бар. «Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау» жүйесін енгізгелі тіпті жеңіл болды.

Әр дәрігерге мамандығы бойынша министрлік бекіткен стандарттар пайда болды. Әр аурудың еміне тексеруіне шейін жазып, көрсетіп отыр. Дәрігер тек соған қабілеті жетіп, іске асырып, пайдалана білсе болды.

Бұрынғы кезде дәрігерлер өзінің тәжірибесімен өзінің біліміне ғана сене алатын. Себебі, ол кезде медициналық диагноз қоятын құралдар жеткіліксіз болды. Қалалық орталық үлкен клинакалық ауруханаларға науқас адамды жатқызу өте қиын болатын. Жолдамамен жібергеннің өзінде оларды қабылау өте қиын еді. Өйткені олар ауылдық жерді тексеруге құлықты емес. Көбінесе, қаланың адамдарын қарайтын. Қазір «Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау» жүйесінің арқасында кез-келген адам өзінің аурының күрделілігіне байланысты Алматыдағы Сызғанов институтынан бастап үлкен қалалық-орталық ауруханалардың өзіне тиісті бөліміне емделуіне құқылы. Бұл қазіргі медицина үшін үлкен жетістік. Ал бұрынғы жүйе қандай, онда кішкентай ауылдарға дейін 15-30 орындық ауруханалар болды, олардың деңгейі айтарлықтай емес еді. Өйткені бір дәрігер жұмыс істейтін 35 орындық ауруханада бір ары кетсе екі дәрігер ғана еді. Қазіргіден тексеретін құрал-жабдық жоқ, техника аса дами қоймаған, ауылдың бәрі жатып емделе алмайды. Мәселен, 3000-5000 халқы бар шағын ауыл болса, ай сайын онда 35 адам ауырып жатпайды, сонда қалған төсек орындар бос тұрады, мемлекет оған қаржы бөледі. Қысқасы, медицинада қаражат шығындары көп еді. Ал қазір жүйелі түрде ғана жатқызылып, емдейтін жерлерді анықтап, соған байланысты жақсы жабдықталған ауруханалар жұмыс істейтін болып жатыр. Соның бір айғағы қаламызда салынып жатқан 250 орындық Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы...

Бізді, соғыстан кейін эвакуациямен Ленинградтан келген Лозман, Рощен, Брякин, Райз, Инягинов деген профессорлар оқытты, олар – үрім-бұтағымен жетпіс жеті атасынан дәрігерлікпен айналысқан, медицинада толыққанды мамандар. Олар өздерінің білгенін бізге аямай үйретті. Мысалы, фармокология деген сабақ болды, сол сабақта бір жерінен мүдіріп қалсақ болды, «Қымбатты әріптесім, мен сені емтиханға жібере алмаймын сіз тағы да дайындалып келіңіз»- деп қайтарып жіберетін. Он шақты рет кіріп жүріп, әрең дегенде сынақ алатыңбыз. Ол кісілер біздің клиникалық ой-санамызды жетілдірді. Бізден ойланып-толғанып ауруға дәрі-дәрмек бермес бұрын нақты диагнозы қойылғанша анық көзіміз жетпей, емдеу жұмысына бармауымызды талап ететін. Ол кісілер: «Дәрігердің мықты дәрігері – аурудың ауруына ауру қоспаған дәрігер» «Не знаешь - не лезь, прежде всего не вреди!»- дейтін. Міне, бізді осындай принцип бойынша оқытты. Біз де жас болдық, бізде максималист болғанбыз, бірақ, біз білімімізді ойланып-толғанып барып қолданатынбыз.

Дәрігер ең бірінші өз мамандығын сүю керек. Медицинаға кездейсоқ баруға болмайды. Медицинаға өзінің ынта-жігерімен, жүрек қалауымен бармаған адамнан, жақсы маман шықпайды. Ол қанша тырысқанымен оның мамандығына деген селқостығы бірде болмаса, бірде өзіңе опық жегізеді. Сол мамандықты сүйгеннен кейін сол мамандыққа байланысты, қазір интернетте де, газет-журналдарда да, материалдар көп «Жәрдем» газеті де жақсы жазып жатыр, мен сүйсініп оқимын.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ МЕНІҢ ДЕ ӨМІРІМЕ ӘСЕР ЕТТІ

Мен жасымда темекі де тартқан адаммын. 9 жасымнан бастап, 30 жыл темекі тартып, оны да қойдым. Кейбір ағаларымыз айтатын «Өзің болсаң дәрігерсің, неге темекі тартасың?» -деп. «Ой, аға, ештене жоқ, бала кезден тартып жүрген темекі ғой» – деп оңай құтыла салатынмын. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін бізді, біраз атқамінер жігіттерді халыққа түсіндіріп, басу айту мақсатында Алматыға шақырды. Мен сол желтоқсан көтерілісіндегі құрбан болған жастарымызды ойлап отырып семинар болып жатқан жерде талып қалыппын. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарамыз дегендерге көнбей, үйге келдім. Бір жағы жанағы уайым бар, бір жағынан темекінің әсері шығар Біраздан кейін темекі тартайын десем, жүрегім ауырып, айнып тарта алмадым. Ол кезде темекі деген тапшы «Қазақстанды» блог-блогымен алып, үйдегі шифонердің үстіне кептіріп қоятынмын. Неше түрлі оттық жинау хоббиым болатын. (күлді)

«Осы темекіні тастасам не қылады екен, желтоқсанда алаңға шығып, елім- жерім деп шейіт болған балалардан менің жаным артық емес шығар, темекіні тастағаннан өлсем өліп кетейін» – деп бір-ақ күнде тастадым. Содан бері 24 жыл болыпты бір рет те аузыма алған емеспін.

Автор:
Әйгерім ИЕБЕК.