Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫ ТІЛ ЕМЕС ПЕ?


24 декабря 2010, 14:43 | 1 805 просмотров


Сан ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздік үшін

күрестің ең соңғы нүктесі болған желтоқсан көтерілісінің ел тарихындағы маңызы орасан зор. Ұлтым деп ұрысқа түсіп, қазағым деп құрбан болып, сабағынан сынып, қыршын қиылған ұл-қыздарымыздың өршіл ерлігінің, қайтпас қайсарлығының жемісі іспетті тәуелсіздік тәу етер жалғыз киеміз емес пе? Олай болса неге күні бүгінге дейін өзге ұлттың жетегінде келеміз. Бұғаудан босанып, егемендікке қол жеткізген біз, желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарымыздың арман-тілегі не еді – деп бір сәт ойландық па? Өз тілімізден, ділімізден, дінімізден жатсынып, жасқанар болсақ, елім, жерім, бостандық деп кім үшін, не үшін күрестік?

Қазақстан халықтары Ассамблясының бір сессиясында Елбасымыз: «... Он бес жылдың ішінде аюға да тіл үйретуга болады» деп, қадап айтқаны бар. Егемен еліміздің ең бағалы құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл болса, сол тіліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері де, мемлекеттік статусқа ие бола алма келеді. Осыдан дәл жиырма бір жыл бұрын тіліміз, он тоғыз жыл бұрын өзіміз егемендік алып бөркімізді аспанға атқан едік. «Тәуелсізбіз, азатпыз!» – деп әлі құр шөппен ауыз сүртіп келеміз. Мемлекетіміздің тілі өз елінде, өз жерінде жүріп жетім баланың күйін кешуде. Әрине, елімізде тіл саясатын жетілдіруде әртүрлі шаралардың жүзеге асырылып жатқандығы рас. Бірақ, одан не ұттық, нәтижесі жемсіті болды ма? Жиырма бір жыл бойы қазақ БАҚ-тарының тіл мәселесі төңірегіндегі жандауыстары жартасқа құр айқай салғанмен бірдей. Қазақ газеттерінің көпшілік оқырманы ауылда, ал орыс тілді қауым оған пысқырып та қарамайды. Бәлкім, мәселенің мәнісін осы жерден іздеу керек шығар. Неде болса, басынан бағы таймаған, өрісі кең орыс тілі қоғамымызда әлі үстемдік етіп тұр. Қайда барсаң да, алдыңнан кесе көлденең шығады. Ал қазақ тіліміз ауылдық жерде, от басы ошақ қасының айналасынан аса алмай отыр. Телеарналар мен радиоларымыз 50\50 шеңберінен шыға алмай жүр.

Тіл туралы заңнын 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздарын жүргізу тілі» – деп айқын жазылған. Солай бола тұра, көптеген мемлекетік мекемелерде іс-қағаздары күні бүгінге дейін орыс тілінде жүргізіліп келеді. Содан да шығар, шала сауатты, іс-қағаздары, жарнамалар, түсініксіз, мағынасы бұлдыр сөздер мен сөйлемдерден көз аша алмай келеміз. Кейбір ұлт жанашырлары: «Бізге мемлекеттік істі ана тілінде жүргізе алатын, ана тілін жете меңгерген ұрпақ керек. Қазақ тілді балабақшаларды көптеп салмай, біздің тіліміз өз дәрежесіне көтеріле алмайды. Қазақ мектептерінде білім алатын балалардың өзі орысша сөйлейді. Өйткені, олардың басым бөлігінің тілі орыс тілінде шыққан, орыс балабақшасына барған», – дейді. Және осы тұста отбасындағы ата-ана тәрбиесінің де маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Өйткені орыс тілді отбасылар үйде болсын түзде болсын баласына «қазақша сөйде» деп шектеу жасамайтыны айдан анық.

Бәлкім, біздің заңымызға «Қазақ

стан мектебін бітірген кез-келген

бала, мемлекеттік тілде сөйлей алуға тиіс!», «Мемлекеттік қызметке алынған кез-келген азамат мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тиіс!» – дегендей өзгерістер керек шығар.

Қысқасы, біздің тәуелсіз мемлекетімізде осы, елдің тілін білмей-ақ, білім алуға, мемлекеттік қызметке тұруға, бір сөзбен айтқанда, өз қалауы бойынша өмір сүруге болатындай. Осыны білген кемел еліміздің келешегі деп жүрген жастарымыз бен өспірімдеріміз өз тілдерін жатсынып, өз ұлтына мұрын шүйіре қарамай қайтсін? Қата олар әлемдегі бәсекеге қабілетті, заман талап етіп отырған, жаһанданудың тілдеріне айналған – ағылшын, қытай тілдерін меңгергісі келеді.

«Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы өзінің «Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым» атты мақаласында «...Осы күнге дейін біз орыссыз өмір сүруді көзге елестетпейтін секілдіміз. Орыссыз күніміз қараң болатын секілді. Мұндай психологиядан бас тартумымыз керек. Әлемде қаншама ел орыс тілін білмей-ақ, өсіп-өркендеп, дамып отырғанын ескеруіміз керек. Өзі батыстың жаңғырығына айналып, кері кетіп бара жатқан елдің етегіне жармасуды қоятын кез жетті.» – деп жақсы айтқан.

Елдігіміздің берік тұтқасы тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін біз қаншалықты түсінеміз?! Сайып келгенде, қазақ мәселесінің сарқып құяр сағасы тілге келіп тіреле беретіні белгілі. Тіл мәселесі жалқыны емес, жалпыны қамтитын, бар салаға бірдей қатысты болғандықтан, мәселені шешу үшін ауқымды, жан-жақты, жүйелі шараларды қолға алауға тиіспіз.

«Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деп алаш азаматы, Ахмет Байтұрсынұлының кезінде кесіп айтқаны бар еді. Өз ұлтымыздың тілін керексінбесек, біз тәуелсіздіктің құнынын қаншалықты екенін қалай бағалаймыз. Тәуелсіздіктің ең басты туы тіл емес пе?!

Автор:
Әйгерім ИЕБЕК.