Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АҚЫЛ ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ АҚЫЛДЫ АДАМДАРДЫҢ ДӘРЕЖЕСІ


10 декабря 2010, 08:49 | 3 680 просмотров



І Құран Кәрімде («Һижір» сүресі 28-29 аяттар) Аллаһ тағала: «Бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан адам жаратамын. Оған жаратылысын тәмамдап Рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде етіңдер» және «Ағраф» сүресінің 172- аятында: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп, – Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе? – (дегенде), олар, – Әрине, куәміз, – деген». Ислам ғылымында бұл куәлікті дүниеге келетін бүкіл адам баласы рухтарының бір-біріне берген «әлмисақ» уәдесі деген түсінік бар.

Қаншама заман өткеннен кейін Адам (ғ.с.) ұрпағының денесінен рухын шығарып сұрағанда рух Раббысын танып, «Әрине, куәміз» - деп жауап берген. Егер рухта ақыл-ес болмаса, онда Раббысын қалай танымақ? Яғни ақыл жаратылысынан рухпен бірге. Сондай-ақ, - «...Рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте...» - кәләм шәріпі ақыл табиғатының да рухани және бастауын Раббының Өзінен алған асыл қазына екендігін дәлелдейді.

Негізі атеизмге құрылған бүгінгі медицина ақылды ми жұмысының жемісі ретінде көрсетіп, физеологиялық тұрғыда түсіндіруде. «Ақылың қайда»? – деп сұрасаң, адамдардың көпшілігі басын көрсетеді.

Рас, ми адам ағзасы ішіндегі ерекше мүше. Алайда анатомия ғылымы ми құрамының 75 пайызы судан тұратынын айтады. Олай болса, шылқылдаған судан ақыл сияқты баға жетпес байлықтың шығуы мүмкін бе?

Кім болса да, ақылды танып-білу құралы ретінде пайдаланады. Сондықтан ақылдың негізгі міндеті не нәпсінің, не иманның талабын орындау болмақ. Егер нәпсі ғылым жетістігіне негізделген байлықты қалап тұрса, онда ақыл нәпсі талабын қанағаттандыратын түрлі жолдарды көрсетіп береді. Бұған мысал ретінде бүгінгі жаһандану дәуіріндегі дүние ғылымының қарқынды әрі үдемелі түрдегі дамуын айтсақ та жетеді.

Егер пәнде Аллаһ тағаланы сүйе отырып жасаған амалдарының нәтижесінде қуатты иманға қол жеткізіп, рухани әлемнің илләһи бұлағынан сусындай алса, онда ақыл иман талаптарын ғана мойындайтын иман тәрбиесіндегі шәкіртке айналады.

«Алғашқыда ақыл ұстаз болғанмен,

Кейінірек шәкірттерге болды тең», – дейді Жәләләддин Руми.

Ислам ғылымы ақылды беске бөлген:

1.Ақл-и ғаризий (табиғи тума ақыл, инстинкт, ырықсыз түйсік). Барша жануарлар осы ақылмен тіршілік етеді.

2.Ақл-и такәллуфий (тәжірибеден, оқу-білімнен алынып, жинақталып, кеңейген ақыл).

3.Ақл-и атоий (берілген ақыл, бұл тек мұсылмандарда ғана бар).

4.Ақл-и мин жихатин-нубува (нәбилерге тән ақыл).

5.Ақл-и мин жихатин-шараф (бұл ақыл тек хаз.Мұхаммедке (с.ғ.с.)тән).

Егер ақыл мол ақша табудың, саясатшыл үстем болудың ғана жолын көрсететін болса, немесе зұлымдық жасауға бейімділік танытып тұрса, онда бұл – кәсіби ақыл.

Кәсіби ақылмен олар, дін ілімін де, басқа ғылымдарды да жетік меңгереді. Бірақ адам мұсылман болмаса, мұндай ақылды ислам ғұламалары кемшін ақыл қатарына жатқызған. Ертедегі ислам ғұламалары көрсетілген ақылдардың алғашқы екеуін «хаиуани», соңғы үш ақылды «рахмани» деп атаған. «Хаиуани ақыл» қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайларға белсене араласа отырып, әр саладағы ғылымның дамуына да зор үлес қосады. Бірақ бұл ақылда Аллаһты тану қабілеті болмағандықтан, оның қуаты, барлық табыстары мен жетістіктері нәпсінің дүниауи талаптарын ғана қанағаттандырып, денеге қатысты тіршілік қызметшісі болып қала бермек.

«Рахмани ақылдың» қуаты болса, Аллаһ тағалаға арналған жүректегі (ділдегі) махаббат түрінде көрінеді. Адамзат рухы «Әлмисақ» уәдесі кезінде Раббысымен кездесіп, одан қуат, нәр алған. Осы қуат әр адам баласының рухында бар. Сондықтан біздің рухани әлемімізде, қашаннан бері, Аллаһ тағалаға деген бір ынта сезіліп тұрады. Амалдарымызда күнәлі әрекет қаншалықты көбейе түссе, адам баласының рухындағы ынта да соншалықты әлсірей бермек. Егер Аллаһ тағала разы болатын амалдарды арттыра беріп, жүрегімізді пәктей білсек, жүректегі махаббат күшейе келе, Раббыға деген ынта арта бермек. Демек, «хаиуани» ақыл қуатымен тіршілікке алданып, дүние қызығына, ләззатына деген құмарлық арта түссе, «рахмани ақыл» қуаты кезінде жүрек, Аллаһ тағала жамалының рухани кәусарына, ләззатына ынтыға түседі. Мұндай айрықша күйді данышпан Абай 38-қара сөзінде: «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ақылы» екенін айтады.

***

ІІ Аллаһ тағала ақылды жаратып, оған: «Жақында» деді. Ол жақындады. «Кері шегін» деді. Ол шегінді. Сонда Раббы: «Өзімнің Құдыретіммен әрі Ұлылығыммен ант етейін, Мен сенен ұлық ештеңе жаратқан емеспін. Мен – сенің көмегіңмен аламын, сенің көмегіңмен беремін, сенің көмегіңмен қазылық етемін, сенің көме-гіңмен жазалаймын», – деген. Жаратушы Ие осы айтылғандарға дәлел ретінде түсірген аят шәріпінде: – (Мұхаммед с.ғ.с.): «Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, ей, ақыл иелері! Аллаһтан қорқыңдар, әрине, құтыларсыңдар» деп ақыл-есі түзу адамдарға тиісті болған: жақсылықты қолдауға әмір етіп (әмір бил-мағруф), жамандықты тыюға (нәһи ғәйнал-мунһар) бұйырды («Мәида» сүресі, 100-аят).

Бір парсы кемеңгерінен: «Адамның ақылдығы неден?» - деп сұрайды. Кемеңгер: «Ақылды адамда, оны ақылды етіп көрсететін жеті белгі бар: Ол – өзіне зәбір берген адамның күнәсін кешіре біледі. Өзінен жағдайы төмен адамға жақсылық жасап, өзінен жоғары адамға кішіпейілдік білдіріп, әр кезде Раббысын еске алып (зікір етіп) жүреді. Ол – анық біліп тұрса ғана айтады және сөзі пайдалы болуы үшін ол сөзді қай уақытта айтуы керек екенін жақсы біледі. Егер бір қиындыққа тап болса, көмекті Аллаһ тағаладан сұрайды.

Сондай-ақ, надан адамның да жеті белгісі бар: Адамдарға тұрпайылық (қатігездік) танытып, оларды ренжітіп жүреді. Өзінен жағдайы төмендерге қысым көрсетіп, билік иелері мен әмірлердің алдында менмендік танытады. Сөйлегенде білмей сөйлеп, айтуға тиісті кезде үнсіз қалады. Қиындыққа тап келсе шыдай алмай өзін құртуға дейін барады. Қайырымдылық істерден теріс айналады»,- деп түсіндірген.

Саид ибн Жабир айтыпты: «Адамдар үшін ақылдан пайдалы ештеңе көрмедім. Егер адам жүнжіп, морт кетсе – ақыл қайрат беріп, еңсесін көтереді, егер ол құласа – ақыл оны аяғынан тік тұрғызады, егер адам жәбір көрсе – ақыл оның дәрежесін арттырады, егер ол шыңырауға құласа – ақыл одан шығарып, құтқарады; егер ол кедейленген болса – ақыл оны байлыққа жеткізеді». Саид ибн Жабирдің бұл сөзі тек мүмін-мұсылмандарға арналғанын ескерген жөн, яғни, пенде қандай жағдайға тап болмасын ақылын жоғалтып алмай бір Аллаһқа тәуекел етіп әрекет ету керектігі айтылады.

Аббастықтардан шыққан халиф әл-Мәмун кезінде білімді адамдарды қолдап, ғылым иелеріне құрмет көрсетіп жүруші еді. Бір кедей жігіттің білімі мен парасатына разы болып, оны сарайына қонаққа шақырды. Қонаққа халифтың сол кездегі атақты адамдары жиналғандықтан, ғалым жігіт дастарханның аяқ жағына жайғасты. Өткен тарихтан бізге жеткен деректерге қарағанда, сол заманның кейбір билік иелері дастархан басында шарап (хамур) ішімдігін де ішетін болса керек. Шарап құйылған ыдысты жігітке алып келгенде, ол сөз сұрады. Халиф: «Қалағаныңды айт», - деді. Жігіт сөзін бастап: «Жоғары мәртебелім, менің шамалы ақылыма қарамай осынша құрметке лайық көріп, сіздің дастарханыңыздың басында отыруыма мүмкіндік берген Аллаһ тағала сіздің дәрежеңізді арттырсын. Бұл шарап, бұрынғы жүнжіген, бейшара қалпымнан шығарып абырой берген, елеусіз адамды танымал еткен аз ғана ақылымнан айыра ма деп қорқамын. Өйткені мен сияқты бір әлсіз құл осы шараптан ішсе, онда ақыл оны тастап қашады. Олай болса маған надандық жақындап, барлық әдептен айырылып, мына отырған атақты адамдардың алдында түкке тұрмайтын әрі еш жақсылыққа лайық болмаған бұрынғы бейшара халіме қайта келмеймін бе? Сондықтан, Жоғары мәртебелім, өзіңізге тән дәрежеңізбен, жомарттығыңызбен, биік басшылығыңызбен, жайдары мінезіңізбен мендегі осы шамалы қазынаның өзімде қалуына мейірімділік жасасаңыз етті!» - деді. Әл-Мәмун мұны естіп, жігітті жанына отырғызып, разы пейіл көрсетіп, соңынан сый-сияпат жасап, марапатқа бөлеп қайтарыпты. Иә, ақылмен айтылған орынды сөз иесін игіліктерге жеткізбек.

Бірде уәзір Юнан, әмір Ануширван Әділге хат жолдап, онда ақылдың билеушілерге тигізер пайдасы туралы талдап жазыпты. Ануширван хатты оқып шығып өте разы болды да жауап хат дайындады. Хатшысы әмірдің айтуымен мына төмендегі мазмұндағы жауапты қағазға түсірді: «Уа, данышпаным! Ақыл туралы өте жақсы жазып, пайдалы кеңестер айтыпсың, көркі мен ажары ақылдан құралған біз сияқты билеушілер оны неге тыңдамасқа? Өйткені ақылды адам – Аллаһқа ең жақын адам. Әрі ақыл – дүниедегі күн сияқты және ол әрқандай жақсы істердің негізі. Барлық адамның ақылы көркем, ал ұлы тұлғалар мен басшыларда одан да нұрлы. Адам денесіндегі ақыл – ағаш ішіндегі нәр (ылғал) сияқты. Ағаш діңі бойындағы ылғалын сақтап тұрғанда қош исімен, бүршік жарған гүлімен, тіл үйірген жемісімен, саялы көлеңкесімен адамдарды қуанышқа бөлейді. Көңілді бас қосуларда саябақта қыдырған олардың шаттанған жүзін көрсең. Ал, ағаш балауса өңінен айырылып қураса ше? Онда, әрине, кесіп алып отқа жаққаннан басқа ештеңеге жарамас еді.

Адам да ақылы қуатты кезде, бойын күш кернеп, дені сау жүрмек. Үнінен береке тараған оның келешегі бақытты әрі пайдалы болмақ. Егер ақылын қараңғылық басса, надандық күш алып, оны бұл дүниеде өлімнен басқа ештеңе құтқара алмайды. Сондықтан, мен қалай ақылға қарсы шығып, оның бұйрықтарын тыңдамайын. Билеуші үшін де, оған бағыныштылар үшін де ақылдан артық ештеңе жоқ, себебі, ақыл нұры – сымбат пен сиықсыздықты, жақсы мен жаманды, ақиқат пен жалғанды, шындық пен өтірікті айырып береді емес пе?»

Ғылым иелерінің сөзіне қарағанда, адамдардағы екі нәрсе – ақыл мен құдіреттілік аса әлсіз, шектеулі. Кемелді ақыл мен құдіреттілік тек Аллаһ тағалаға ғана тән сипат.

Лұқман дана: «Адам қанша ғалым болса да, білімі ақылымен сәйкес келмесе, алған білімнен пайда таппайды», - дейтін.

Бір данышпан кісіден сұрады:

–Адамға ең қажетті не деп ойлайсыз?

–Ақыл.

–Ақылдың қаншалықты болғаны дұрыс?

–Ешқашан толық мөлшерде кездеспейтін нәрсені қалай өлшерсің? - деді данышпан.

Бір білікті адам: «Ақылға барлығы да мұқтаж. Және ақылдың да тәжірибеге мұқтаждығы бар. Ақылдан қымбат байлық жоқ, надандықтан жаман кедейлік болмас. Адам неғұрлым білімді болса, оған соншалықты ақыл қажет. Ақылы шамалы ғалым, бір табын малды жаяу баққан әлсіз малшы сияқты»,- депті.

Әрине, сиыр малы пайдалы түлік. Алайда әлсіз малшы күш-қуаты кемдігінен табынды игере алмаса, онда бетімен кеткен мал шабындыққа, егістікке, бақшаға түсіп, зиянды хаиуанға айналмай ма?..

Әбд-Аллаһ ибн Мүбәрактан сұрапты:

–Қайсысы артық: ақыл ма, әлде тәрбие ме?

–Ақыл.

–Ақыл деген не?

–Ақыл, бұл – білім меңгеру, біліміңе сәйкес әрекет ету және істеуге тиісті болғандарыңның негізі. Әрі ақыл деген сол – егер біліп тұрсаң, сонда ғана әрекет етесің.

Ибн Аббастан сұрады:

–Қайсысы артық: ақыл ма, әлде өнегелілік пе?

–Ақыл. Себебі – ақыл Аллаһтан берілген сый, ал өнегелілік – пенде әрекетінің жемісі.

Имам Ғазали: «Адамға тән абырой – оның ақылынан, оның білімділігі мен әрекеті ақылға негізделеді», - дейтін.

Бірде, Сүлеймен (ғ.с.) желге әмір етті. Жел пайғамбарды тағымен бірге көтеріп, зулаған күйде бір қаланың алдына алып келді. Қала қақпасында мынадай жазу бар еді: «Бір күнгі әрекеттің құны – бір дирхам, сұлулық пен көріктілік үшін күніне жүз динар, ал, тіпті бір сағаттың ішінде алынған білім болса да, бағасы – шексіз».

Жәләләддин Руми:

«Тоған суын құмыраға құйғанда,

Ризықтан артық, сірә, сиған ба?» – деп, оқырманға ой тастайды. Өйткені адам да топырақтан жаратылып, Раббының рухы құйыл-

ған бір құмыра. Әр адамның табиғатындағы айырмашылық, болмысындағы «құмыраның сиымдылығына» байланысты. Бұл дүниедегі дәрежесі мен орындары әрқалай. Біреу көп, біреу аз біледі. Пайғамбарлардың білім алу мүмкіншілігі шексіз болған. Оларға ілесіп, Аллаһ тағалаға жақын болған уәлилер (әулие) де білім мұхитынан өздеріне лайық болғанын ғана құмырасына құя алды.

Бірде Мұса (ғ.с.): «Мен пайғамбармын, Аллаһ тағалаға басқаға лайық көрмеген атақ-дәрежесін маған беріп, сырларын ашты. Бұл дүниеде менен білімді ешкім болмас», - деп масаттаныпты. Сонда Жаратқан үн қатып: «Пәлен мұхиттың жағасында отырған қарт-

қа барып осы сөзіңді айт», - деді. Мұса (ғ.с.) бірнеше күндер жүріп, айтылған мұхит жағасында отырған қартқа жетіп, іздеп келгенін айтты. Қарт оған мұхиттың жағасына қонған торғайды көрсетті. Торғай мұхиттан бір-екі шоқып су ішті де ұшып кетті. Қарт Мұсадан (ғ.с.):

–Торғай қанша су ішті? – деп сұрады.

– Торғай қанша су іше алатын еді, өзіне лайығын ғана ішті ғой, - деді Мұса (ғ.с.). Сонда қарт:

–Аллаһ тағаланың ілімі де осы мұхит сияқты шексіз. Сенің алған ілімің де осы торғайдың ішкен суынан артық емес, - десе керек.

Біз – адам баласы, өз құмырамыздың сыйымдылығы қанша екенін және ондағы ақыл деп аталатын баға жетпес қазынаның мөлшерін шамалай аламыз ба?

Автор:
Қуанышбек ӘЛІШЕРҰЛЫ