Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауған соғысы ардагерлерімен «Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді


23 февраля 2021, 07:51 | 275 просмотров



Талдықорған қаласында орналасқан №14 мектеп - гимназиясының  7-8 кадет сыныбы оқушыларымен Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлері жауынгер-интернационалистер арнайы шақырылып онлайн режимінде ерлік сабағын өткізді.

Іс-шараға Алматы облысы әуе десанттық әскері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Асқарұлы Ерғожанов сонымен қатар Қайрат Темірғалиұлы Жанабаев, Нұрғалым Сейтнұрұлы Сейтжанов және Тумаев Андрей Ильич қатысты.

Ерлік сабағын гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шалқар Елісұлы Оразбаев Ауған соғысы ардагерлеріне, бүгінгі күннің батырларына үлкен құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдіріп іс-шараны ашса, кадет сыныбының кураторы запастағы майор Дидарбек Нағашбекұлы Сабитов осы іс-шараны жүргізіп отырды.

Ең алдымен сөз алған Алматы облысы әуе - десанттық әскері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ауған соғысының ардагері Еркін Асқарұлы оқушылардың қазіргі таңда қашықтықтан білімдерін қалай алып жатқандықтарын және қал жағдайларын білді. Содан кейін ардагер олармен жат жерде өзінің бастан кешкен оқиғаларымен бөлісіп жастарды елін сүйетін патриот болуға шақырды. Шараға қатысып отырған ардагерлерде сөз алып оқушыларға өздерінің бастарынан өткізген оқиғаларын еске түсіріп оқушыларға әңгімелеп берді.

Оқушылар өз кезегінде ардагерлерге арнайы дайындаған тақпақтарын айтып берді: Сақтады олар елін, жерін, қонысын

Ақтады олар азаматтық борышын

Сол үшін де қолтығынан сүйейік,

Ардагерге - майдангерге,

Иейік біз барлық жерде

Басымызды сол үшін - деп жырлады кадет сыныбының оқушысы Мұрат Бинұр.

Шара соңынан оқушылар өздерінің ойларындағы сұрақтарын қойып тиісті жауаптарын алды. Бұл шарадан оқушылар ешқашан ұмытпастай өздеріне тамаша әсер қалдырды.

Өткізілген іс-шараның басты мақсаты Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, елжандылыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке баули отырып тәрбие беру.

Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, Ауған соғысында көрсеткен ерен ерліктері әрқашан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек!

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі