Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысында асыл тұқымды құс репродукторы мен бройлер етін өндіретін құс фабрикасы салынады


23 февраля 2021, 05:59 | 90 просмотров



Алматы облысында жалпы инвестиция көлемі 160 млрд. теңгеден асатын, 5 мыңдай жұмыс орны құрылатын асыл тұқымды құс репродукторы мен бройлер етін өндіретін құс фабрикасы салынады. Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов «Aitas KZ» АҚ-мен осы жөніндегі меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Меморандумға сәйкес Іле ауданының аумағында 43 млрд теңге инвестиция салу арқылы жылына 160 млн жұмыртқа инкубациялайтын асыл тұқымды түрлендіргіш кәсіпорнын салу жоспарланған. Бұл жобаның 1 және 2-кезеңін 2021 жылдың қазанына дейін іске қосу көзделген. Сол сияқты жалпы инвестиция көлемі 117 млрд теңге болатын, жылына 120 мың тонна бройлер етін өндіретін құс фабрикасын салу межеленіп отыр. Жоба өзінің толық қуатына 2027 жылы шығады деп жоспарланған.

Қонақтарды жылы қарсы алған Амандық Баталов Алматы облысында инвестициялық қолайлы климат қалыптасқанын, инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті.

«Aitas KZ» АҚ-ның атқаратын қызметіне тоқталып өткен акционерлік қоғамның бас директоры Серік Толықпаевың айтуынша, компания елдің тұрақты дамуына негіз болатын бизнес саласын ілгерілету үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы да ұмытпайтындарын айтты. Індет кезінде қажетті көмек көрсетіп, білім беру саласының дамуына үлес қосқан.

«Біздің күнделікті жұмысымыз тұтынушыларымыздың, серіктестеріміздің, қызметкерлеріміздің мүддесіне бағытталған. Құс фабрикасы мен асыл тұқымды репродуктор құрылысын жүзеге асыру қосымша 4700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді С.Толықпаев.

 «Aitas KZ» АҚ-ның жұмысы туралы компанияның стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті Абай Беккереев пен компанияның бағыты мен миссиясы жөніндегі директоры Ксения Верба кеңірек баяндады.

Кездесуді қорытындылаған Амандық Баталов:

- Алматы облысына тек өткен жылдың өзінде шамамен 700 млрд. теңгенің көлемінде инвестиция тартылған. Бүгінгі күні Алматы облысының инвестициялық портфелінде құны 5,4 трлн. теңге болатын, 44 мың жұмыс орны құрылатын 546 жоба бар. Осы орайда облыс құс еті мен жұмыртқа өндіруде елімізде көшбасшы саналатынын айта кету керек. Ал құс етін экспортқа шығару соңғы үш жылда 2 есеге көбейді. Бүгінгі жоба құс өсіруді одан әрі дамытып, құс шаруашылығы өнімдерінің эскпорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын. "Aitas KZ" компаниясы бизнесті дамытып қана қоймай, әлеуметтік маңызды жобаларға да атсалысқаны бізді қуантады, - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Мұнан соң Меморандумға қол қойылды.

Атап өтсек, «Аitas KZ» АҚ-ның құрамында «Кус&Вкус» брендімен құс етін өндіретін танымал Өскемен құс фабрикасы мен Макинск құс фабрикасы да бар. «Aitas KZ» АҚ - құс еті нарығындағы  үлесі 30%-ға жететін жергілікті өндірушілер арасында көшбасшы кәсіпорындардың бірі.

Өткен жылы Алматы облысында Іле ауданында «Наурыз Агро» құс фабрикасы іске қосылып, жылына 32 млн. дана инкубациялық жұмыртқа шығарса, Ұйғыр ауданындағы «OTAN GreenFood» құс фабрикасы жылына 30 мың тонна құс етін өндіреді. Етті бағыттағы «Прима құс» ЖШС қуаты 37 мың тонна болатын құс фабрикасының құрылысын бастамақ.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі