Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қышыма, дерматомикоз ауруларын алдын алу


18 февраля 2021, 08:13 | 244 просмотра



Тері жұқпалы ауруларының бірі қышыма қотыр (чесотка). Оны қышыма қотыр кенесі таратады. Қоздырғыш адамның терісіне жұққан сәттен- ақ өзіне жайлы орын жасай бастайды. Ұрғашысы адамның терісіне енгеннен кейін жылдам көбейеді, яғни теріге жұмыртқа салады.Бірер күннен кейін онысы құртқа айналып, бір аптадан соң ересек қотыр кенелері пайда болады. Демек қышыма кене адам үшін өте қауіпті жәндік. Оның мөлшері 0,2 -0,5 миллиметрден аспайды, сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма қотыр адамнан адамға жылдам жұғады. Әсіресе отбасы мүшелеріне тез тарайды. Яғни қышымамен ауырған адаммен тікелей қарым – қатынаста болғанда, сондай – ақ олардың пайдаланған төсек орындарын, іш киімдерін, киім – кешектерін, сүртінетінорамалдарын, жөкелерін басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады. Сондықтан тиісті тазалық талаптарын сақтау қажет.

     Қышыма адамға үй жануарларынан жұғуы да мүмкін. Қышыма кене мал денесіне де жайылып, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әрекетінен денеде қотыр пайда болады. Сондай – ақ тазалық індет тәртібін сақтамаған жағдайда қышыманы моншадан, душтан, жатақханадан, пойыздан, қонақүйлерден яғни кез келген жерлерден жұқтырып алуыңыз мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 10 күнге дейін кейде 1,5 айға дейін созылуы мүмкін.

    Эпидемиологиялық тексеру нәтижелеріне қарағанда қышымамен әлеуметтік жайсыз және тұрмысы нашар отбасындағы адамдар жиі ауыратын көрінеді. Қышыма жұқтырған адамдардың ең көп саны мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жаңа ұжымдар құрылғанда, яғни күзгі – қысқы уақыттарда тіркеледі. Соңғы кездері қышыма қотырдың қатты дуылдап, қышып адамның мазасын алмайтын, бөрткеннің де онша қаптан шықпайтын жеңіл түрі жиі кездеседі. Қышыманың бұл түріне  беті қапталып, қабыршықтанып бірлі – жарамды ғана бөрткендер кездеседі.

   Белгілері:

   Қол саусақтар арасында, кеуде мен іштің, санның, аяқтың терісінде бөртпелер және қышыма пайда болады.

  Қышыма қотыр жұқтырған адамның денесінің үсті бой бермей дуылдап қышиды, әсіресе түнде қатты қышиды.

    Теріні үнемі қасығанда, оған микробтар түсіп, қышымаға терінің іріңді жұқпасы қосылып, ауру әрі қарай асқынып кетеді.

   Денесіне түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршықтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ – қолдың, буын бүгілістерінен саусақ аралықтарын тіпті тұлабойдан да байқалады.

   Адам денесінде қотырдың ізі қалып, ұсақ бөртпелердің көбейіп кетуі, қышыманың орны ақшыл – сұрғылт жолақтанып ине ұшының ізіндей болады, ізі тура сызықтай болмай ирелеңкіреп бір біріне қатарласа түскен үтір сияқтанып жатады.

   Қышыманың бөрткені балалардың алақаны мен саусақтарының расында, қарнына, шынтақтың бүгілетін тері қатпарына, балтырына өкшесіне табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына, беті және басына шығады. Емшек жасындағы сәбилердің көбінесе алақаны мен құйрығының ұшына беттеріне шығуы мүмкін.

   Тері ауруларының белгісі байқала салсымен дер кезінде көрініп нәтижелі ем қабылдау керек. Қышымаға қарсы арнаулы емді тері ауруының дәрігері ғана жүргізеді. Ауырған адам өзін емдеуге болмайды, ең бастысы науқас тұтынған заттардағы паразиттердің көзін жою керек. Қотыры бар адам дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе, ол созылмалы ауруға айналады. Қотыр әсіресе кешке қарай жылы киінген кезде қатты қышиды. Қышынған жері асқынып іріңдейді.

   Дерматомикоздар – теріде саңырау құлақтық қоздырғыш тудыратын жұқпа кеселі. Бұл кесел негізінен тері және оның қосымшаларының яғни шашты, тырнақты сирегірек басқа ағзалармен тіндерді зақымдайды. Тері саңырауқұлақтарының негізгі қоректену ортасы – адам және жануар. Олар өмірге қажетті қоректену заттарны эпидермиттен, шаштан тарнақтан және тері майдан табады. Саңырауқұлақтар адамның немесе жануарлардың ағзасынан тыс жерде өмір сүруге қабілетті. Оған қоса өзінің жұғымтал қасиетін бірнеше жылдар бойы сақтай алады. Сол себепті жұғу тек ауру адамнан ғана емес, сонымен қатар тікелей емес жолмен құрамында саңырауқұлақ элементі бар қабыршақ, тырнақ қалдықтары немесе шаш сынықтары арқылы да тұрмыстық жағдайда жұғуы мүмкін.

   Дерматомикоздың жасырын кезеңі аурудың алғашқы сатысынан бірінші симптомының пайда болуына дейінгі кезең, орта есеппен 8 – 14 күнді, кейде бір айды құрайды.

  Қышыма, дерматомикоз сырқатын жұқтырмау үшін манадай қарапайым жалпы гигиеналық ережелерді орындау қажет:

  • әрбір 5-6 күн аралығында моншаға түсіп жуыну;
  • іш киімдерді және төсек жаймаларын жиі – жиі ауыстырып, оларды жуып, үтіктеу;
  • әр адамның жеке сүлгісі және басқа да тұтыну заттарының болуы;
  • үйге келеген соң міндетті түрде қолды сабынмен жуу;
  • жаңадан сатып алынған киім – кешекті, іш киімді және төсек жаймаларын міндетті түрде үтіктеу;
  • жан – жануарлармен қарым – қатынаста болғаннан соң қолды мұқият жуу;
  • сау адамдарды, аурудан оқшалау;
  • қышыма, дерматомикоз аурыуына сәл күдіктенгенде дереу ШЖҚ «Талдықорған тері – венерологиялық диспансері» МКК көріну қажет. Дәрігерге ерте қаралу айналасындағы адамдарға қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етеді.

Өз денсаулығыңызға және балаңыздың денсаулығына мұқият болыңыздар!

Автор:
Ж.Б.Толкинбеков ШЖҚ «Талдықорған тері – венерологиялық диспансері» МКК емхана бөлімінің меңгерушісі