Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ТҰРУҒА БОЛАДЫ


3 декабря 2010, 07:57 | 2 243 просмотра



Өкінішке қарай, елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің саны жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі орынды бермей келеді. Ауруы жанына батқанда ғана емханаға келетін біздің халық дәрігерлердің ерте қаралып, ауруды асқындырмау қажеттілігі туралы жанайқайына құлақ аспай келеді. Осының кесірінен әйелдер арасында сүт безі ісігі таралып барады. Бәрі айналып келгенде, жаман ауруына дауа іздеп, онкологтардың есігін қағады.

Биыл онкологиялық ауруларды емдейтін мекемелердің қарашаңырағы - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына 50 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, Алматыда әлемнің 45 елінің жетекші мамандарының басын қос-

қан ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Онкологияның қазіргі заманғы жетістіктері мен болжамды келешегі» аталатын бұл жиында дәрігерлер осы саланың келелі мәселелерін талқылайды. - Мерейтойға орай, бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Соның бірі - онкологияның келелі мәселелерін талқылайтын халықаралық ғылыми конференция. Қазіргі кезде бізді қатты алаңдатып отырған - әйелдердің көптен кездесетін сүт безі қатерлі ісігі. Бір жылда 3200-3300 науқас бірінші рет есепке алынады. Екінші мәселе - жатыр мойны қатерлі ісігі. Бұл ауру бойынша да жыл сайын тіркеуге алынатындардың қатары азайып отырған жоқ. Асқазанның қатерлі ісігі, тоқ ішек ісігі, қуықасты безінің қатерлі ісігі бойынша да науқастардың саны көп. Сонымен қатар, қазіргі кезде нау-

қастарды химиялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы қалай, қандай жетістіктеріміз бар, болашағы қандай деген мәселені көтереміз. Сәулемен емдейтін құралдармен қамтамасыз ету, зерттеу орталықтарын олардың заманауи түрлерімен толықтыру да сөз болады. Ісік ауруына шалдыққандардың қатары өсіп бара жатқанына байланысты әлем елдерінде скрининг бағдарламасы кең таралған. Скрининг дегеніміз - қатерлі ісікті белгілері байқалмай тұрып анықтау деген сөз. Жоғары аталған бес ісіктің түрлері бойында скрининг бағдарламасы бар.

Уақытында қаралса, құлан-таза айығып та кетеді. Егер сырқат 4 сатысында анықталса, бір жылдың ішінде-ақ өмірден қайтады. Простата безі қатерлі ісігінің нақты себептерін әлі ешкім тапқан жоқ. Осы ауруға әкеліп соғатын факторлар ғана белгілі. Дұрыс тамақтанбау, ұрпақтан-ұрпаққа берілу факторлары әсер етеді. Егер әкесі осы аурумен ауырса, онда баласының да қатерлі ісікке шалдығуы жиі кездеседі. Басқа қатерлі ісік ауруларымен салыстырғанда, қуықасты безі ауруына шалдыққандардың қатары аз болғанымен, олардың өмір сүру ұзақтығы төмен. Ең соңғы кезеңде келетіндіктен, дәрігерге қаралғандардың тек 28-30 пайызы ғана 5 жыл өмір сүреді, - деп тұжырымдайды онкоурология бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Нұрғалиев. Қазақстанда жыл сайын 30 мыңдай қатерлі ісікпен ауыратындар анықталады екен. Қазірдің өзінде есепте 130 мың онкоауру тұр. «Солардың 60 пайызы химиялық емдеуді қажет етеді» дейді мамандар. - Химиялық емдеу - онкологиядағы қарқынды дамып келе жатқан әдісі. Осы орайда жыл сайын клиникалық тәжірибеге жаңа дәрілер енгізіліп, жаңа емдеу тәсілдері сынақтан өтетінін айта кету ләзім. Бұл процесс науқастарды емдеу нәтижелерін жақсартады. Қазақстандағы қатерлі ісікті емдеу тәсілдері халықаралық талаптарға сай келетініне баса назар аударғым келеді. Елімізде онкоауруларды емдеу толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Химиялық емдеуге қажетті барлық дәрі-дәрмектерді мемлекеттік бағдарлама аясында сатып аламыз. Ісіктің өршу деңгейіне байланысты бір аурудың бір реттік еміне 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржы кетеді.

Ал әлемде онкоауруларды емдеу-

ді түгел мойнына алып отырған Қазақстаннан басқа мемлекет жоқ. Сондықтан азаматтар ерте келіп қаралса, бір жағынан өз денсаулықтарын сақтайды, екінші жағынан, қазына қаржысына да үнем болады,- деді медицина ғылымдарының кандидаты Әлия Төрешова.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР