Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қамкөңіл жанға қол ұшын созды


28 января 2021, 09:52 | 212 просмотров



Кей уақытта қарапайым адам түйіткілді мәселесін кімге айтарын білмей дал болып жүреді. Әрине, қай орынға барса да, «жоқ» немесе «мәселе шешілмейді» деген жауап еститіндей үрей болады бойында. Осы уақытқа дейін құзырлы орындар тарапынан жиі осы тектес жауап алып үйренгендіктен шешімді солай қабылдайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халыққа құлақ асатын мемлекет» қалыптастыруды қай сөзінде де атқарушы билікке тапсырып жүр. Әрине, мұндай саяси жүйені қалыптастыруға «Nur Otan» партиясы әуелден-ақ кіріскен. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, өзекті мәселесінің құзырлы орындар тарапынан оңтайлы шешілуіне де атсалысып келеді.
Жуырда «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалына Айгүл Заводхан есімді өңір тұрғыны келеді. Көп балалы ананы мазалаған шаруа болмаса, беймаза күйге түзіп, партия филиалына атбасын бұрмас еді. Алтын құрсақты ананың жайына құлақ түрер болмағасын, осындай қадамға барып отыр. Әрине, ананы мазалаған шаруа – тұрғын үй кезегіне тұру. Шарасыз жанның жанайқайын естіген партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ы.Амалбек аудандық тұрғын үй шаруашылығы мамандарын шақыртып, А.Заводханға заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті шараларды жүзеге асыруға жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Аудандық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Жұртшиев мәселе бойынша тиісті шаруаларды атқарып, алтын құрсақты ананың құжаттарын қабылдап алып, үй кезегіне тұрғызылғанын жеткізді.
Мәселесінің оңтайлы шешім тауып, жағдайына болысқан нақты істер партиясына көп балалы ана алғыс білдіріп, тілеулестігін жеткізді.