Қоғам болғасын талай жайттар орын алып жатады. Дегенмен, қазақ қандай қиындық болмасын бірлікпен тірлік етіп, ауызбіршілік арқасында сол қиындықтарды бірге еңсеріп отырған. Бәлки бұл қазақы жомарттық болар, бәлки ұлттық таным кеңістігі соған итермелейтін шығар. Дегенмен, сол қарекеті әлі күнге жойылмай келеді.
Биылғы қыстың жайы тым бөлек. Қам қылғандарды да қапы қалдырып жатыр. Жаз шанасын қамдағандардың өзі кейде ауыртпалықты сезініп қалуда. Ал, бір отбасын жалғыз асырап жүрген аналардың жайы айтпаса да түсінікті болар. Жуырда «Nur Otan» партиясы Ақсу аудандық филиалынан І.Жансүгіров ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Сандуғаш Жұматаева көмек сұрап барған. Тіршілік иініне түскен соң, амалсыздан филиал есігін қаққан ана қыстың көзі қырауда сәтте көмірсіз қалғанын жеткізген. Мұндайда қамсыз отырмайтын партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Дәулетбекова ауданның атпал азаматтарын жиып, жарым отбасыға жәрдемдесуге үгіттейді.
Мәселе түйінсіз емес. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Дәулетбекова бастап, партия мүшесі Б.Шалабаев қостап, жалғыз басты ананың ауласына көмір түсірілді. Атқамінерлердің мұндай қамқорлығына разы болған отбасы мүшелері азаматтық қылғандарға алғаусыз алғысын білдірді.