Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕШКІМ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТЕН МҰҚТАЖДЫҚ КӨРМЕЙДІ


1 декабря 2010, 12:19 | 1 676 просмотров



Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммитіне бір аптадан сәл астам уақыт қалды. Саммитке қатысатын ресми тұлғалармен арнайы шақырылған қонақтардың қатары аса ауқымды болғалы отыр. Ал оларды медициналық жағынан қамтамасыз етудегі дайындықтың барысы қалай? Осыған байланысты газет тілшісі Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан ЕСІМОВПЕН әңгімелескен еді.

– ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында алдын ала әзірленген және бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Астана Саммитіне қатысушылар мен қонақтарды медициналық қамтамасыз ету бойынша кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды, – деді Дәулетхан Серғазыұлы.– Бұл іс-шаралар 25 қараша мен 5 желтоқсан аралығын қамтиды. Ұйым Саммитінің өтуі барысында бізге қатысты сала бойынша жалпы саны 714 адам тартылып отыр. Олардың 659-ы медицина қызметкерлері. Таратып айтар болсақ, Астана қаласының медициналық мекемелерінен 566 адам, республикалық медициналық ұйымдардан 93 адам бар. Бұл мамандар жедел жәрдем және медициналық пункттерде қызмет атқарады. Сонымен қатар, «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамынан ағылшын тілін меңгерген 55 студентпен магистрантты аудармашы ретінде қосып отырмыз. Жалпылай алғанда, ЕҚЫҰ Саммиті кезінде 44 медициналық ұйым жұмыс істейтін болады. Олардың 29-ы қалалық, 8-і республикалық, 6-уы жекеменшік, 1-уі Ақмола облысының медициналық ұйымы

– Саммит өтетін ғимараттарда және жиынға қатысушылар орналасатын қонақ үйлерде медициналық қамтамасыз ету мәселесі қалай болады?

– Саммит өтетін орындарда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығымен бірлескен түрде 6 медициналық пункт ұйымдастырылды. Ал Саммитке қатысушылар мен қонақтар орналасатын қонақ үйлерде жалпы саны 24 медициналық пункт жасақталып, қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталды. Бұл медициналық пункттердің 11-і ресми делегациялар орналасатын қонақ үйлерде, 13-і бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүрушілер тоқтайтын қонақ үйлерде орналасқан. Жиын өтетін ғимараттар мен қонақ үйлердегі медициналық пункттердің барлығы тәулік бойы жұмыс істейді.

– Медициналық көлік түрлерімен қамту жайы шешілді ме?

– Саммит кезінде жалпы саны 83 медициналық-санитарлық автокөлік жұмыс істейді. Оның ішінде жаңадан сатып алынған 23 реанимобиль бар. Сонымен қатар, төтенше жағдай бола қалған жағдайда, қаланың медициналық ұйымдарынан 13 санитарлық көлікті резервке қою да қарастырылған. Бүгінде көліктердің барлығы дайын тұр. Бұл мәселе толықтай шешілген

– Жамандықтың бетін аулақ қылсын, дегенмен де төтенше жағдайлар орын ала қалса, ауруханалар адамдарды қабылдауға дайын ба?

– Дайын. Бұған елорданың ауруханалары мен клиникаларында 51 палата қарастырылып отыр. Оның 31-і республикалық клиникаларда, 16-сы қалалық, 4-уі Целиноград аймақтық клиникалық ауруханасында. Бұлардан бөлек Президент Іс басқармасының медициналық орталығы ауруханасында бір төсектен тұратын 12 палата жабдықталды. Сонымен бірге, төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда, шұғыл түрде қосымша 169 орын ұйымдастырылады және адамдарды стационарларда шұғыл жатқызу үшін шамамен 1,5 мың орын дайындалады. Егер жұқпалы аурулар тараған жағдайда қаладағы №2 ауруханадан жедел түрде 60 орын қосымша ұйымдастырылады. Бұған жұқпалы аурулар ауруханасы дайын. Ал «Қан орталығы» мемлекеттік кәсіпорнында 300 литр мұздатылған плазма, 160 литр эритроцит, 100 литр альбумин қан және қан алмастырғыштар қоры жинақталды.

– Дәулетхан Серғазыұлы, барлық медициналық күш Саммит меймандарына жұмылдырылып, жедел жәрдемнен, медициналық басқа да көмектерден елорда тұрғындары мұқтаждық көріп жүрмей ме?

– Ешқандай мұқтаждық көрмейді. Күнделікті шығып жүрген жедел жәрдем мәшинелерінің саны қанша болса, Саммит күндері де соншалықты көлік жедел жәрдем қызметін атқарады. Бұған 37 жедел жәрдем мәшинесі бөлініп отыр. Ал саммит кезінде қаланың сол жағалауына жүретін көлік қатынасы уақытша шектелетіндіктен, онда алты жедел жәрдем мәшинесі сондағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Осы тұста айта кетейін, елордадағы клиникалар мен ауруханаларға еліміздің өзге аймақтарынан жоспарлы түрде жатып, емделуге келетіндерді ауруханаларға қабылдау 20 қарашадан бастап уақытша доғарылады. Өйткені, олардың жататын орны Саммит жұмысын аяқтағанша бос ұсталынады. Егер қала тұрғындарын шұғыл түрде ауруханаға жатқызу қажет болса, олар сол бос орындарға жатқызылады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ