Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ернияз Нұрғабылов: Өмірдің өзі математикалық есептен тұрады


15 января 2021, 09:17 | 745 просмотров



Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу - әрбір оқушының арманы. Дегенмен, бұл білім ордасының шәкірті атану кез келгенге бұйыра бермесі анық. Талмай еңбек етіп, ғылымға ұмтылған адамға қай оқу ордасы болмасын есігін айқара ашады. Сондай жандардың бірі - Ернияз Нұрғабылов. Қарапайым ауыл баласының жеткен жетістіктері - көпке үлгі. Осы орайда, математикадан әлемдік жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүрген жас ғалыммен сұхбат құрған едік.

Назарбаев Зияткерлік мектебі білімнің фундаментін қалап берді.

— Талдықорған қаласының маңында Бақтыбай деген кішігірім ауыл бар. 6-сыныпқа дейін осы ауылда оқыдым. Кейін білімімді тереңдету керек екендігін түсініп, қаладағы лицейге бардым. Осылайша, 7-сыныптан бастап күнделікті ауылдан қалаға келіп оқып жүрдім. Ол үшін әрине таңертең сағат 6-да тұрып, жолға шығып такси ұстап, қалаға жеткен соң ары қарай автобусқа отырып баратынмын. Лицейде оқып жүргенде өзімнің болашақ жаттықтырушым - Сергей Полянскиймен таныстым. 7-сыныптан бастап сол кісінің жетекшілігімен түрлі олимпиадаларға қатыса бастадық. 9-сыныпқа көшерде қаламызда Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылатыны жайлы естідім. Математика мен физикадан емтихан тапсырып, нәтижесінде сол мектепке түстім. Бір қызығы, менімен бірге осы мектепке жаттықтырушы ұстазым да ауысты. Сол кісінің көмегімен көптеген республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болдым.

Математика сол мектептегі косинус, синуспен, болмаса теңдеулерді шешумен аяқталып қалмайды. Оның аясы өте кең. Мен математиканы олимпиадалар арқылы терең білдім.

— Әлемдік деңгейде International Mathimatical Olympiad деген олимпиада өткізіледі. Оған бүкіл әлемнен 150 мемлекет қатысады. Бұл олимпиада математика саласы бойынша ең жоғары дәрежелі сайыс болып есептеледі. Осы олимпиадаға мен екі рет қатыстым. 10-шы және 11-сыныпта. Аргентинада өткен алғашқы жарысымда күміс медаль алдым. Ал 11- сынып оқыған тұста бұл жарыс Колумбия қаласында өтті. Бұл кезде жүлдем қоладан болды.

Назарбаев Зияткерлік мектептері – мемлекетіміздегі орта білім беру жүйесінің эталонына айналды.

— Зияткерлік мектептері шәкірттеріне тек білім берумен ғана шектелмейді. Бізге мұнда еркін ойлауды, орынды пікір айта білуді үйретті. Бұл жерде оқушылар мен оқытушылардың арасында ешқандай кедергі жоқ. Сабақ барысында әр-түрлі көзқарастардың көрініс дүниесін бақылауға болады. Оқушының бойында зерттеушілік, шығармашлық дағдыларын дамытуға зор үлес қосады.

Жаңалық ашудамын

— 2013 жылы Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін сәтті аяқтап Назарбаев Университетінің түлегі атандым. 4-курста оқып жүрген кезімде мені computer vision technologies деген IT компания жұмысқа шақырды. Сол компанияда мен көлік қозғалысының қауіпсіздігімен айналысып келемін. Бұл салада жұмыс істеу маған өте қызық. Мұнда біз түрлі алгоритмдерді ойлап тауып, өзіміз үшін түрлі жаңалықтар ашамыз. Кейде тым қызығып кетіп кешкі сағат 10-11- ге дейін тапжылмай отыратын кездерім болады.

«Еліміздің болашағы - жастардың қолында»

— Қазіргі жастарды new generation деп атайды ғой. Жаңа буынның көзқарасы, танымы басқаша. Заманның ағымына сай, мына ақпараттық технологиялар дамыған тұста жастар тоқтап қалмай, үнемі өздерін жетілдіріп отыруы керек. Елбасымыз да үздіксіз білім жайлы жиі айтады және мен онымен толықтай келісемін. Ең бастысы, заманның ағымына ілесемін деп білім қуып, қанша ілгері ұмтылсақ та өткеннен қол үзбеуіміз керек. Яғни, өзіміздің төл тарихымыды, ұлттық мәдениетімізді, ата-бабаларымыз жасаған ерліктерді ұмытпауымыз керек. Сонда ғана біз мәңгілік ел боламыз.

Автор:
НЗМ баспасөз қызметі