Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕРЛЕР ДАБЫЛЫ: ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ


19 ноября 2010, 13:43 | 2 724 просмотра



Қайсыбір жылдары қазықты қоғадай жапырып, қызыл қырғынға ұшыратқан індеттер болды. Оба қазақты ортайтып жіберсе, шешек шаранасынан бастап, шетінен қырды. Кейін күні бүгінге дейін қазақтың тажалы болып келе жатқан туберкулез – «жіңішке ауру» талайдың тамырын үзді. Шоқандарды қырыққа жеткізбей қыршынынан қиып жіберген де осы-«жіңішке ауру» еді. Бүгін ше? Қарға тамырлы десек те, қазақтың басынан қасірет арылмапты. Кейінгі кезде «төрт жасар бала инфаркт алып», «жиырма жастағы жігіт инсульт болып құлапты» десе, ешкім таңқалмайтын болды. Күн сайын кардиолог-дәрігердің алдына 30-40 адам келсе, оның біразына инфакрт деген диагноз қойылады екен.

Дәрігерлер «демографияның басты дерті» деп бағалап отырған инфакртке елімізде 35-40 жастағы ер адамдар көптеп ілігуде. Ақ халаттылар «жүрек» деп жанұшырып жүргенде, енді «инсульт» деп жан дауысы шығатын болды. Оған себеп те жоқ емес. Кейінгі жылдары елімізді инсульт атты дерт жайлап барады. Ол аздай, соңғы кездері шенеуніктер де шетінен инсульт ала бастады. Ал дәрігерлердің дабыл қағатын себебі мынау: бір ғана Алматы қаласында жыл сайын 4 мың адам инсульт ауруынан ажал құшады. Күн сайын Алматыда 10-11 инсульт жағдайы тіркелсе, солардың екеуінің өмірі үзіледі екен. Оның арасында атының өзі үрей шақыратын «миға қан құйылу» жағдайы да жиі болып отыр. Алматылық ақ халаттылар қаладағы емделушілердің инсульт ауруынан ажал құшуы басқа сырқаттардың арасында бірінші орынға шыққанын айтып, дабыл қаққанына 2-3 жылдың жүзі болды. Олар үлкен қатерге айналып бара жатқан аурумен күресте арнайы бағдарлама керек дейді.

Бізде инсульт жасарып барады. Ал елімізде миға қан құйылуды емдеу және оның алдын алатын бөлімдер мен орталық мүлде жоқ. Тап осыны айтып, дабыл қаққан дәрігерлерге мүлде назар аударар түріміз көрінбейді. «Ау-руын жасырған өледі» деп шырылдап жүргендердің бірі – «Инсультпен күрес ұлттық ассоциациясы» орталығының төрайымы, невролог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Салтанат Каменова.

Оның айтуынша «Қазір дүниежүзі бойынша инфаркт тізімнің алдында тұр. Ресми деректер бойынша да елімізде инфаркт бірінші орынға шыққан. Алайда елімізде статистикалық зерттеу жүргізер кезде қателік кетіп, бұған дейін инсультті жүрек қан тамырлары ауруларына жатқызып келген. Сонда еліміздегі инсульт дерті қайда жоғалды? Айналып келгенде, инфаркт пен инсульт екеуі екі бөлек сырқат. Қазір Қазақстандағы өлім-жітімнің пайыздық жағынан алсақ та, тұрғындардың көбі бас-

қа сырқаттан емес, инфаркттен емес, инсульттен өлуде» дейді.

Сонымен инсульт қалай пайда болады? Оның негізгі себебі – жоғары артериялық қысым. Сондықтан әрбір адам өзінің қалыпты қан қысымын білуі керек, ал ол көтерілген жағдайда оны төмендетуге тырысуы қажет. Ал артериялық қысымға түрлі факторлар – бүйрек ауруы, қан тамырлары аурулары, ревматизм, жүрек аурулары, тағы басқа аурулар жол ашып беруі мүмкін. Біздің халық «жұмысшы» қан қысымының қанша екенін біле бермейді. Ауруы жанға батпайынша дәрігерге келмейді, құлағанда ақ халаттының алдын бір-ақ көреді. Бүгінде инсульттің екі түрін бөліп айтуға болады екен. Оның бірі – геморрагиялық түр бойынша инсульт (қантамырдың жарылуы мен қан құйылу) және ишемиялық түр бойынша инсульт (қантамырдың бітеліп қалуы). Аурудың даму фоны гипертония, жүрек аурулары, ми атероскелерозы және тағы басқалар болып табылады.

Сөз соңында невролог-дәрігер Салтанат Каменова «Инсультпен күресте арнайы бағдарлама керек деп қанша айтсақ та бұған дейін өтінішімізге құлақ асқан жан жоқ». Жыл сайын дәстүрлі түрде дәрігерлер, денсаулық саласының білікті мамандары жиналып, ғылыми конференциялар, съездер өткіземіз. Бұл мәселеге қатысты резолюция қабылдап, Денсаулық сақтау министрлігіне жібереміз. Алайда дәл осы мәселеге қатысты жауап ала алмай келеміз» деп жанұшырады.

Қалай десек те дерт дендеп бара жатқаны жасырын емес. Біздегі үміт жаңа министрдің бұл түйткілді мәселеге назар аударып, батыл қадамдарға баруында, бағдарлама жасап, оны бақылауға алуында болып отыр.

Автор:
Динара ІЗТІЛЕУ.