Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕРДІҢ ЖҮЗІНДЕ РИЗАШЫЛЫҚ БОЛСА – НАУҚАСТЫҢ САУЫҒА БАСТАҒАНЫ


19 ноября 2010, 13:40 | 2 909 просмотров



МАНДАТ ЕСЕНҒАРАҰЛЫ:

ДӘРІГЕР БОЛАМЫН ДЕП АРМАНДАҒАН ЕМЕСПІН

Алматы шахарындағы мемлекеттік медицина институты. Мандат Есенғараұлы аталған жоғары оқу орнының үшінші курс студенті. 1972 жылы Бөрлітөбе ауданы Үлгілі ауылындағы ВЛКСМ – нің 30 жылдығы атындағы орта мектепті үздік бітірген ол сыныптастары сияқты жоғары білім алуды армандағын-ды. Онысы орындалды да. Романтикаға толы студенттік екі жыл зымырап өте шықты. Лекциялар мен практикалық сабақтардан қалған жоқ. Бір қызығы жас жігітті күні ертең дәрігер болып шыға келемін деген ой көп мазалаған жоқ. Қызығушылық та осы екі жылда білінбегендей. Бүгінде Мандат Есенғараұлы дәрігерлік мамандықты шын мәнінде қалағанына өкінбейді. Оның себебі де бар.

Біріншіден, өзі білім алған мектеп кезінде облыс қана емес, тіпті елімізге танымал оқу орны санатында болған-ды. Бұл білім шаңырағынан ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен халық шаруашылығының білікті мамандары қатарында Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев сынды азаматтар дәріс алған. Бұл Мандатқа серпіліс бергендей. Намыс деген өз алдына. Ағалары мен апалары салған сара жолдан ауытқу Мандат үшін жат құбылыс.

- Екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты,-деп еске алады бүгін Мандат Есенғараұлы. – Үшінші курста мамандық бойынша дәріс беріле бастады. Мен хирург боламын деп шештім. Рас, бала кезімде, тіпті мектепті бітіргенде де адам жанының арашашысы атанамын ғой деген ойға берілмеппін. Бәрі үшінші курста басталды. Алғашқы лекция. Хирургия сабағы. Бұл пәнді бізге Республикамызға танымал хирург, атақты профессор Тұрар Ғарайұлы Күкеев деген медицина ғылымдарының докторы жүргізетін. Өз ісінің білгірі, білікті де, білімді жан. Әу бастан-ақ, қиын да, құрметті мамандықтың қыры мен сырын болашақ жас мамандарға қарапайым тілмен түсіндіре білді. Баурап алды. Тіпті, әлемде маған осыдан басқа мамандық жоқтай сезім алдым. Әр лекция, әрбір тәжірибелік сабақ жаңалыққа айналды. Тұрар аға күні ертең хирург болып шығар студенттің бойына бар білгенін сіңірді. Бүгінде мен ол кісіні құрметпен еске аламын.

Шын. Мандаттың білімге деген екінші тынысы институтта ашылды. Ал алтын ұя мектеп ше? Мандат Есенғараұлы өзіне кезінде саналы білім, сапалы тәрбие берген ұстазы Кәкім Байғамытов ағасын, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Таиса Сергеевна, сынып жетекшісі Тыныштық Мағзұмов ағасын ұмытпақ емес. Сағынышпен еске алып, олардың есімдерін мақтанышпен айтып отырады.

1978 жыл. Мандат Долаев Алматы мемлекеттік медицина институтын үздік бітіріп шықты. Қолында « табақтай» диплом. Талдықорған қаласындағы медицина мекемелеріне жіберілгендігі жөніндегі жолдама.

- Жас маманмын. Дәрігер-хирург деген дипломым мен жолдаманы алып, облыстық денсаулық басқармасы бастығына кірдім, - деп әңгімесін жалғастырды Мандат Есенғараұлы. – Мені бірден облыстық аурухананың хирургия бөліміне дәрігер-хирург етіп тағайындады. Бардым. Шағын ғана ұжым, жақсы қарсы алды. Несін жасырайын. Кезінде халық шаруашылығының кез-келген саласы басшылығында орыс халқы азаматтары қызмет атқаратын. Бірақ, мен ештеңеден жасыған жоқпын. Қайта, күн демей, түн демей, ізденісте болым. Оқыдым, үйрендім. Жалыққан емеспін. Қазір де маған сол кезде тәлімгер-ұстаз бола білген Полле Гельмут Християнович, Ходыкин Генадий Григорьевич, Корнеев Владимир Иванович, Пьянов Юрий Васильевич сынды майталман хирургтармен бірге жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Бұл ретте Асанов Тәжі Исабекұлы, Спатаев Сейтбатқал, Шәймерден Сыдықұлы тағы басқалар менің өсіп, аяғымнан тік тұрып, маман болып шығуыма атсалысқан басқа да ағаларым қанша ма! «Ұстаздарым мақтанышым, тірегім, тіреуішім» деген - осы шығар. Мен олардың алдында бас иемін,-дейді Мандат Долаев.

БІР ОҚИҒА

Мәкең, бұл оқиғаны кейде еске алып қоямын дейді. Бір күні жақын танысы қарындасын әкеліп, Мандатқа көрсетеді. Оны қарап шыққан жас хирург дереу операция жасау керек деген шешімге келеді. Оған бөлім меңгерушісі ассистент ретінде қатысады. Операция жүріп жатады. Меңгеруші «мынаны былай жаса» деп ескертеді. Оның айтқаны дұрыс болмаса да Мандат соның айтқанын істейді. Тағы бірде тәжірибелі дәрігер екінші ескерту айтады. Бұл жолы оның ақылына көнгісі келмесе де, соның айтқанын жасайды. Өкінішке орай, осы екі ескерту де- қате болады. Соңы науқастың қазасымен аяқталады. Операция бөлмесінен шыққан Мандатты танысы қарсы алады. Ол жамандықтың болғанын бірден түсінеді. Деседе ол Мандатқа «Бәрі бір Жаратушының қолында. Қателік бізден. Баланы ерте әкелуіміз керек еді» деп досын жұбатумен болады. Кейінге дейін бүгінде танымал хирург «әттең, сонда неге ғана басшымды тыңдаған екемін. Өз білгенімді жасасам, науқасты аман алып қалар едім ғой» деп еске алады.

Жалпы, әлем хирургтары арасында «У каждого хирурга есть свое кладбище» деген сөз бар көрінеді. Бұл сақтандыру сөзі болса керек. Мандат Есенғараұлы хирург болғалы бергі 33 жылда 30 мыңнан астам операция жасаған екен. Қазір де ол Алматы облыстық аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі. Жоғары санаттағы хирург-дәрігер.

- Жас кезімде, толыса бастаған шағымда білікті де, білімді, іскер адамдармен бірге жұмыс жасағаныма қуаныштымын,- дейді Мандат Долаев. - Солардан үйренгендерімді өзімнің іс-тәжірибемде шыңдадым. Жетілдірдім. Көп іздендім, оқыдым. Бұл өмірлік қажеттік. Менің жетекшілігімдегі хирургия бөлімі облысымызға танымал емдеу мекемесі. Науқастарға жедел жәрдем және басқа да хирургиялық көмектер көрсетеміз. Бөлімде 40-қа жуық адам еңбек етеді. Оның тоғызы сала қызметкерлері. Бір қуаныштысы, солардың көпшілігі кешегі ағаларымның балалары. Яғни, дәрігер династиясының жалғасы дер едім. Бүгін мен Марат Шәріпов, Абай Сәрсенбаев, Еркін Исаев, Ақылбек Көнтеков сияқты жас хирургтардың есімдерін мақтан тұтамын. Атам қазақ айтпақшы, «шопанның құтты таяғын қолдарына алып» әкелерінің кәсібін жалғастырушылар. Құптаймын.

Бөлімде «әскери тәртіп» қалыптасқан десе де болады,-деп әңгімесін жалғастырды Мандат Есенғараұлы. - Әдетте мен дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері палаталарды аралап, науқастарды қараймын. Бұл қарамағымдағы оташылардың жұмысына араласпаудың бір тәсілі. Оларға сенім артудың негізі. Кейде жас маманға «мына науқасты былай емде, мұндай дәрі-дәрмек тағайында, операция жасағанда осындай тәсілді қолдан», деп ескертемін. Сонда олар «Мандат аға, сіз науқасқа бір қарағанда оның қандай аурумен келгенін, не істеу керектігін берден дәл айтасыз» дейтіндері де бар. Бұл тәжірибе, 33 жылғы еңбектің арқасы деп қана жауап беремін,- дейді Мәкең.

ТАҒЫ БІР ОҚИҒА

Жұмысқа араласқан алғашқы жылдар болатын. Бір күні Құрақсу деген ауылдан санавиациямен науқас жеткізіледі. Оны бөлім меңгерушісі мен облысымыздың бас хирургі қарап шығады. Науқасқа «хирургиялық ауруы жоқ» деген диагноз қояды.

- «Қаңғалақтап жүріп» мен ауылдан жеткізілген қызбен әңгімелестім,- деп еске алады Мәкең.- Ол оқыс қимылдап қалсам керек, оң жақ бүйірім шаншып қалды. Арада біраз ауқыт өткен соң денеме бөртпе шықты. Екі-үш сағаттан соң қайтып кетті деді.

Мен меңгерушіге келдім де, «науқасқа дереу операция жасау керек» дедім. Олар «Сен не айтып тұрсың, оған операция жасаудың қажеттілігі жоқ!» деп кесіп айтты. Мен айтқанымнан қайтпадым. Ақыры келісті. Операция сәтті аяқталды. Айтқаным келді. Науқастың бауыры тұсындағы беріш жарылған болып шықты. Араға он күн салғанда әлгі қыз нау-қасынан айығып, ауылына дін аман оралды.

Операциядан соң бас хирург «Сен нау-қастың диагнозын қалай дәл таптың?» - деп сұрады. Мен науқаспен әңгілескенде оның айтқандары сол диагнозға сай келетіндігін жеткіздім. Әрине, ауылдан келген науқас орыс тілінде өзінің қалай ауырғанын дұрыс жеткізе алмағандығы шығар. Әйтпесе, орыс хирургтар да мен қойған дигнозбен әрекет ететіні анық еді деймін, кейінде.

Мандат Есенғараұлын хирургия бөлімінде «компьютер» деп атаған екен кезінде. Бұл «лақап ат» оның білгірлігі мен біліктілігіне, диагнозды дәл қоя білетіндігіне қарай қойылса керек. Ауылдан шыққан дәрігердің есімі бүгінде Жетісу өңіріне кеңінен танымал. «Біздің Мандат» деген атқа да ие. Ауыл демекші, оның бір бүйрегі ауылға тартады да тұрады, жүрегі «ауыл» деп соғады, бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігі тол-ғандырады.

- Мемлекетіміз ауыл медицинасына баса назар аудара бастағанына қуанамын,-дейді Мандат Долаев. – Мемлекеттік тілге үлкен мән беріле бастады. Басшы қызметте отырған аға-інілер, апа-қарындастарымыз қазақ тілінде жетік сөйлесе, мақтан. Мен институтты орысша бітірдім. Сол ұлт өкілдерімен жұмыс жасадым. Барлық қағаз жұмыстары орыс тілінде жүргізілді. Еріксіз сол тілде сөйлеп, сол тілде жазу керек болды. Шүкір, бүгін де бәрі басқаша. Жоғары жаққа берілетін барлық ақпаратты мемлекеттік тілде жазамын. Жұмыс барысындағы лездеме де мемлекеттік тілде өткізіледі.

Күні кеше дейміз ғой, ауыл ақсақалдары балаларды жинап алып, ақыл айт-қанды жақсы көретін-ді. Сонда біз, «осылардың басқа бітірер ештеңесі жоқ па?» деп ренжуші едік. Бүгін ойласам, бұл балалық ұғым екен. Солардың ақылы мен кеңесі өмірлік қағидама айналды. Қазір өзім де, ақыл айтып қаламын. Балалық және жастық шағымды еске алып, кейде осым артық кеткендік емес пе деп те ойлаймын. Бірақ, бүгінгі жастарға аға ұрпақ білгенін айтып, дұрыс жолға қойса, бұл да тәрбиенің бір жолы ғой, - дейді Мандат Долаев.

Макең 55-ті алқымдап қалды, осы жылдардың 33-і медицина саласына арналды. Әңгіме барысында «Зейнеткерлікке шыққанша қай заман. Білгенімнен білмейтінім көп. Ізденеміз, оқимыз, тәжірибе алмасамыз. Осыны жастардың бойына сіңірсек, кеш емес» деп еді. Отбасының берекесі, үш баланың ардақты әкесі. Жұбайы Роза Кәрімқызы Жанғозина дәрігер- провизор, қыздары Елмира, Индира және Дана жоғары білім алып, мамандықтары бойынша еңбек етуде. Әкесі Есенғара Долайұлы кезінде колхоз басқарған, анасы Несіпелді Сабырбайқызы сауда саласында еңбек етті. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған қариялар.

СӨЗ СОҢЫНДА

Мандат Есенғараұлы Долаев гитара шертіп, өзіне ғана тән дауысымен қазақ әндерін орындағанды ұнатады. Әлем және қазақ классиктерінің әдеби шығармаларын анда-санда болса да қолына алып, қайталап оқып қояды. Жас кезінде жеңіл атлетикалық спорт түрлерімен шұғылданған. Жұмыстан қолы босай қалса, серуен құрғанды ұнатады. Бұл да - денсаулықтың бір кепілі. Тағам жасаудың шебері. Көпшіл...

Мандат Есенғараұлы Долаев: Бұрынғы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданы Үлгі ауылында 1955 жылы дүние-

ге келген. Орта мектепті 1972 жылы бітіріп, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түседі. Аталған оқу ордасын 1978 тәмәмдаған. Жолдамамен Талдықорған қаласына келеді. Алғашында облыстық ауруханада дәрігер - хирург, соңғы 20 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Жоғары санатты дәрігер-хирург. Мемлекетіміздің бірнеше медальдарының иегері, Қазақстан Республикасы «Денсаулық саласының үздігі». Отбасылы, үш баланың әкесі.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.