Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘЛСІЗ ТОБЫ –ОЛАР КІМДЕР?


12 ноября 2010, 18:24 | 2 485 просмотров


Бізде «әлеуметтік әлсіз топ» дейтін сөз тіркесі бар. Бұл топқа есту, сөйлеу, көру, жүру қабілетінен айырылған мүмкіндігі шектеулі жандар жатса керек. Бірақ әлсіз деп айдар таққан осы топ өкілдерінің рухы, өмір сүруге деген құлшынысы қол-аяғы балғадай бізден де жоғары ма деген ойға қаласыз. Бір ғана мысал, олардың арасында өмір мен өнерде де, спортта да биікті бағындырғандар көп-ақ. Біз бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың арасындағы есту, сөйлеу қабілетінен айырылғандар туралы айтып көрмекпіз. Жасыратыны жоқ, қоғамдық орындарда саусақ қимылдарымен «сөйлесіп» тұрғандарға үрке, кейде есіркей қараймыз. Ал олардың бізде шаруасы жоқ. Екі ортада шошып жүрген де, шоршып түсетін де - біздер. Біз оларды қарабайыр тілмен «мыл-қаулар» дейміз. Естімейтінін, тіл қата алмайтынын білген соң солай дейміз де... Ғайыптан тайып, есту қабілетіне қайта ие болса, әлгі сөзімізді қайталай алар ма едік?..

Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандармен араласып көрдіңіз бе, «әңгіме-дүкен» құрып па едіңіз? Тырысып көріңіз, сонда олардың кіршіксіз әлеміне куә боласыз. Олардың әдемі әлемiнің тұнығын лайламауға бекінесіз. Олар сөйлеу қабілетіне қылау түспеген, есту қабілетінен айырылмаған бізбен үнемі байланыста болғысы келеді. Екі ортада дәнекер орнағанын қалайды. Олар бұған дайын. Ал біз дайынбыз ба?

«Мемлекетке масыл болғымыз келмейді»

Есту, сөйлеу қабілетін жоғалтқандардың мұңын жоқтайтын ұйым - саңыраулар қоғамының қай-қайсысы да кеңес кезеңін сағына еске алады. Өйткені ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрақты жұмысы болды, жалақылары дені-қарны сау адамдардыкімен тең еді. Саңырау аты болмаса, олардың қолынан келмейтін іс жоқ. Шебердің нақ өзі. Олардың осынау мамыражай тірлігін нарық келіп бұзған сыңайлы. Нарық заңы олардың өмір сүру қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұрынырақта саңырауларды жұмысқа қабылдаған кәсіпорын коммуналдық төлемдерге жеңілдік алатын. Мүгедектер ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс берілетін. Ал қазір тапсырыс үшін тендерге қатысу керек. Тендердің мүгедектер ұйымы түгілі үлкен компаниялардың өзін тентіретіп жіберетінін ел жырғып айтады. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ешқайсысы мемлекетке масыл болғысы келмейді. Ел қатарлы еңбек етсек дейді. Бірақ мына «тендер» деген нәрсе жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұр.

Бізде мемлекеттік тапсырыстың 30 пайызын қоғамдық ұйымдарға беру керек деген заңдық норма бар. Алайда ол талап орындалып жатқан жоқ. Орындалуын қадағалап жатқан тағы ешкім жоқ. Бұл мәселені айтып та, жазып та шаршадық, - дейді республикалық қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы Тезекбай Исай. - Ұлттық компаниялар «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына өткелі бері тапсырыстан қағылдық десек болады. Өйткені біз алатын тапсырыстың көп бөлігін ұлттық компаниялар беретін. «Самұрық-Қазына» өзіне қарасты компаниялардың тендер өткізуден жаңа ережесін жасаған соң, клиенттерімізден айырылып қалдық». Саңыраулар қоғамы бұл мәселені Зағиптар қоғамымен бірігіп шешу үшін біраз жүгіріп те көріпті, бірақ нәтиже жоқ. «Соның салдарынан кәсіпорындарымыз тоқтап қалмаса да, тоқырап тұр. Ондағы жұмысшылардың 60 пайыздан астамы мүгедектер. Жұмыс азайған соң жалақы да мардымсыз болып қалды. Сондықтан Үкіметтен сұрайтынымыз тапсырыс қана. Қазіргі таңда жұмыс орындарының 3 пайызы мүгедектерге квота ретінде бөлінеді. Мен бұған о баста қарсы болғанмын. Себебі есту және сөйлеу қабілетінен айырылған екі-үш адам үшін жұмыс беруші басы артық шығын шығарып сурдоаудармашы ұстамайды ғой.

Өзара сөйлесіп, түсінісе алмаған соң, жұмыс өне ме? Ал біздің кәсіпорындардағы жұмысты жандандырсақ, мүгедек жандар өз ортасында өздерін еркін сезінеді. Осы мәселені жоғары жаққа түсіндіре алмай-ақ қойдым», - дейді қоғам жетекшісі. Көптеген министрліктердің арнайы киімдерін тігуге тапсырыс алып келген қоғам, енді одан да қағылып жатыр Айта кетейік, бүгінгі таңда саңыраулар қоғамына қарасты 18 кәсіпорын бар, олар тігін тігеді, металдан, пластмассадан күнделікті тұтынатын заттар, сондай-ақ кеңсе, балабақша, үй жиһаздарын жасайды...

«Жиырмадағы жігіт қашанғы партада отырады?»

Тезекбай Ділдәбекұлының айтуынша, Астанада есту және сөйлеу қабілетінен айырыл-

ғандар үшін кәсіп меңгеретін оқу орны жоқ. Әйтеуір, облыстардағы мектеп жасындағы балаларға білім беретін 19 мектеп-интернат көңілге демеу. Айтқандай, жуырда елорданың іргесіндегі Көктал кентінде саңырау балалар-

ға арналған он жылдық мектеп ашылыпты. Десе де, кәсіп меңгеретін оқу орны жетіспей тұр. Біздіңше, бұл мәселені Астанадағы колледждердің көмегімен шешуге болады. Яғни колледждерде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін топтар ашылса... Мәселен, Алматыдағы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде білім алатын мыңнан астам баланың 86-сы есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар. Аталмыш колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айша Әшімованың айтуынша, колледждегі мүмкіндігі шектеулі балалардың арасынан мықты сәнгерлер мен дизайнерлер шығып жатыр. Ал екі жылдан бері Алматыдағы политехникалық колледжде де саңыраулар балаларды бухгалтер және ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша даярлау ісі қолға алынды. Енді осы үрдіс Астанада жалғасын тапса... Тағы бір мәселе, саңырау балалар оқу бағдарламасына сәйкес, мектепте 13 жыл оқуы керек екен. Бірақ олар есейе келе мектепті толық бітірмей кетіп қалатын көрінеді. 20 жас-

қа толған жігіт мектеп партасында қашанғы отырсын? Одан да кәсіп меңгеріп, еңбекке араласқанды жөн көреді ғой. Бәлкім, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу бағдарламасын қайта түзу керек шығар...

Санда бар, санатта ше?

Қоғамнан шет қалған саңыраулар мемлекеттік тапсырыстан ғана емес, ақпарат алудан да қағылып отыр. Өйткені сурдоаудармашылардың аздығынан олар елімізбен жер-жаһанда болып жатқан жаңалықтардан бейхабар. Әрине, Үкімет сурдоаудармашылардың жалақысын өз мойнына алып, бір мәрттік жасады. Алайда сол аудармашыларды саңыраулар қоғамдары дайындайды. Өйткені елімізде сурдоаудармашылар әзірлейтін бірде-бір оқу орны жоқ. Сурдоаудармашы есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандардың ақпараттық заманда ақпараттарға қанық болуы үшін ауадай қажет-ақ. Бұлай деуімізге бір себеп, ел арасында мүмкіндігі шектеулі жандардың түрлі секталардың құрбанына айнала бастағаны туралы қауесет бар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, жат діндер қоғам назарынан тыс қалған саңырауларға да үйір келеді екен. Себебі ақпараттық аштықта отырған олар жат діндердің ара жігін ажырата алмайды. Олар радио тыңдай алмайды, теледидарға қараса түк түсінбейді. Сансыз сериалдарды титрмен көретін шығар. Бірақ фильмдерді емес. Өйткені көркем фильмдердің көбінде титр берілмейді. Ал сурдоаудармамен шығатын жаңалықтар некен-саяқ. Оның өзінде де сурдоаудармашыны теледидардың шеткері тұсына орналастырғандықтан, оның саусақтары мен ерніндегі сөздерді ажырату қиын-ақ. Жұмыссыздықты қалай жоямыз деп жар басымыз жастыққа тимей жүр емеспіз бе? Ендеше, жұмыссыздардың арасынан сурдоаудармашылар дайындауға көшсек қайтеді? Осылайша сөйлеу және есту қабілетінен айырылғандарға тиісті қызмет көрсетудің жолын қарастырсақ. Олар да біз секілді фильм көрер еді. Айтпақшы, сурдоаудармашыларды халыққа қызмет көрсету орталықтарына отырғызса да артық етпейді.

Автор:
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ