Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тұтынушы ҚҰҚЫҒЫ қорғалуы тиіс!


12 ноября 2010, 18:22 | 2 321 просмотр



Қазақстанда тұңғыш «Тікелей сауда қауымдастығы» құрылды. Бұл қауымдастыққа мүше болып әлемдік брендке ие, бір-бірімен бәсекелес төрт компания кірді. Сондағы бұл жаңа қауымдастықтың қызметі қандай? Тұтынушылар мен саудагерлердің құқықтарын қалай қорғалмақ? – деген сауал әркімді толғандырады. Бұған кәсіпкер жауап берсін.

Расымен де, мүшелікке кірген ком

паниялар бір-бірімен бәсекеде

жұмыс істейді. Тауар өткізудегі нарықтың талабы да сол ғой, кімнің тауары сапалы болса, соның саудасы да жүрдек. Демек, бәсеке болу қажет, ол - заңдылық. Бірақ бәсекенің де екі түрі бар, адал және һарам десек те болады. Біз - адал бәсекелес компаниялармыз. Міне, осы адал бәсекелестікті заңдастырып алу үшін де қауымдастық құрып отырған жайымыз бар. Біздің басты мақсатымыз - тұтынушылар құқықтарын қорғау мен бизнес жүргізудің этикалық стандарттарының сақталуын бақылау болмақ. Біріншіден, біз тұтынушылармен және олардың құқығын қорғайтын ұйымдармен тікелей, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын боламыз. Олардың компания өнімдеріне берер бағасымен санасып отырамыз. Екіншіден, сіздер өкілі болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарымен, мемлекеттік органдармен және білім беру мекемелерімен жұмысты жаңғыртпақпыз.

Халық тікелей сауданың не екенін дұрыс түсінуі қажет. Оның принциптері халық арасында аңыз болып кеткен қаржылық не желілік маркетинг, болмаса, «пирамидалардан» мүлде бөлек. Үшіншіден, Қазақстандағы шағын кәсіпкерлікті дамытудың, оның ішінде тікелей сауда индустриясының құқықтық алаңын құруға жұмыс жасайтын боламыз. Бас-қаша айтқанда, біз тәуелсіз дистрибьюторларға адал кәсіп жүргізуге, тұтынушымен тез тіл табысуына көмектесіп, сондай-ақ, халықтың қай компания тікелей саудамен айналысатынын, ал қайсыларының желілік маркетинг секілді жолда жүргенін айырып беретін боламыз. Демек, халық кімнің адал сауда жүргізетінін, ал кімнің алаяқтықпен айналысатынын өздері-ақ аңғарып, біліп отырады. Ол қалай дейсіз ғой? Қауымдастыққа мүше компаниялардың өнімдерінде біздің ортақ логотип көрсетілетін болады. Логотипті көрсеңіз, бұл өнімнің сапалы екеніне көз жеткізе беруіңізге болады.

Өйткені біздің қауымдастық - бүгінгі күннің өзінде Қазақстан салық төлеушілер, Қазақстан мен Алматы кәсіпкерлер қауымдастықтарының мүшесі. Ең алдымен, біз Кәсіби этика кодексін бекіттік. Оның талаптарын қауымдастыққа мүше компаниялар бұлжытпай орындауға міндетті. Талапты сақтамайтын болса, ешкімге де жеңілдік жасалмайды, қатаң жазаға тартылады. Бұл қандай талаптар дейсіз ғой, мысал келтіре кетейін. Әрбір мүше-компания ең бастысы, адал кәсіпкерлік жүргізу принциптерін сақтап, сапалы қызмет көрсетуi керек. Біздің кодекс жалғыз тұтынушыларға ғана емес, сатушыларға да арналған. Демек, тұтынушы өнім жайлы, оның қалай өндіріліп, қалай сатылатыны жайлы білгісі келген кез келген мәліметті компаниядан ала алады. Әрине, компания құпиясы болып табылатын мәліметтерден өзгелерін. Бұл тұтынушыны не дистрибьюторды жалған ақпарат алып, адасуынан сақтайды. Ал қауымдастықтың жұмысын бақылау, яғни Кәсіби этика кодексінің сақталуын бақылау міндеті Артық Сейітқалиева басқаратын тәуелсіз сарапшы - «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестікке жүктеліп отыр. Олар мүше-компаниялар үстінен түскен кез келген арыз-шағымды қарастырып, шешім қабылдап отырады.

Әлемдік тәжірибеде мұндай қауымдастық тәжірибесі ұзақ уақыттан бері қолданыста бар. Оларда жүйе әбден қалыптасқандықтан, тұтынушылар осындай ұйымға мүше компаниялардың дистрибьюторлар ұсынған өнімді қорықпай ала береді. Өйткені олар этика талаптарын сақтауға дағдыланған.

Ал бізде бұл жағы қиындау. Бірақ

соған қадам жасап жатырмыз.

Қауымдастықты құрудың өзі - алғашқы қадам болып отыр. Ендігі уақытта тұтынушылар мүше-компаниялардың өнімдерін еш қауіптенбестен ала берсе болады. Өйткені олардың жұмысын бақылайтын тәуелсіз сарапшылар бар. Қауымдастыққа кіретін компаниялардың дистрибьюторлары тұтынушыға өзі, компаниясы, өнімі жайлы мол мағлұмат беруге тиіс. Сондай-ақ тұтынушыны түнгі мезгілдерде мазаламай, өзіне қолайлы уақытта ғана жолығуы қажет. Әдептілік танытуы керек, қарапайым тілмен айтқанда. Сондай-ақ тұтынушының телефоны, мекен-жайы секілді мәліметтерін басқа мақсаттарда қолданбауға тиіс. Сондай-ақ ол тұтынушысына қандай жағдайларда тауарды қайтып беруге болатынын да түсіндіріп беруі тиіс. Көп ретте тұтынушылардан осы мәселеге қатысты арыздар келіп жатады. Дәл қазір нақты баға беру қиын. Өйткені біздің қауымдастық жаңа құрылып жатыр, көп нәрсені зерттеп үлгерген жоқпыз. Оның үстіне әзірге қауымдастыққа 4-ақ компания кірді, демек, толық мәлімет қолда жоқ деген сөз.

Бірақ тікелей сауданың ең үлкен

бөлігін косметика саудасы құрай

ды десек, таяуда ғана жарық көрген «Еуро­монитордың» мәліметтерін назарға алуға болады. 2009 жылы косметика саудасының қазақстандық нарығы 91 миллиард 600 миллион теңгені құраған. Оның 28 пайызы тікелей саудаға шыққан. 2007 жылмен салыстырғанда, дағдарыс жағдайына қарамастан, тікелей сауда 4,32 пайызға өскен. Ал жалпы Қазақстанда қазір тікелей саудамен айналысатын 400 мыңдай жан бар. Қазақстанда тікелей сауда бизнесі әлі жас. Сондықтан оның алдында әлі көп мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Мәселен, АҚШ-та бұл бизнес түрі 75 жылдан бері дамып келеді, Жапониядағы тауардың 90 пайызы осы тікелей сауда арқылы өткізіледі. Осы жайттарды ескерсек, Қазақстанда да адал кәсіпкерлік жүргізудің мүмкіндігі мол. Бастысы, Кәсіби этика кодексінің талаптарын бұлжытпай орындайтын компаниялар ортасын қалыптастыра білсек болғаны...

Автор:
Константин КУЛИНИЧ, Тікелей сауда қауымдастығының президенті.