Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сауда және интеграция министрі Алматы облысына жұмыс сапарымен келді


29 декабря 2020, 04:44 | 363 просмотра



Бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Алматы облысына жұмыс сапары аясында бизнес қауымдастықпен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктермен және аккредиттеу субъектілерімен кездесу өткізді. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Алдымен облыстағы өнеркәсіп пен бизнестің дамуы туралы бейнефильм көрсетілді. Көрсетілімнен соң жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың облыстағы сапарының бағдарламасына сәйкес бірқатар мазмұнды да маңызды кездесулер өткізілетінін айтты.

- Биылғы жылдың қиын болғанына қарамастан облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асты. Ауыл шаруашылығында 900 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 34% жетеді деп отырмыз. Мұның бәрі кәсіпкерлермен бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Бүгін біз кездесуге Бақыт Тұрлыханұлымен пікірлесіп, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ой бөлісу үшін тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, бизнес қауымдастығы өкілдерін шақырдық, - деді А. Баталов өз сөзінде.  

Мұнан соң сөз алған министр Бақыт Сұлтанов баяндамасында еліміздің сауда саласындағы өзгерістер туралы хабардар етті. «Коронавирус індетіне байланысты біршама қиындықтар туындағанымен, сауда саласында бірқатар өзгерістер орын алды. Біз тауар өндіру және өндірілген тауарды халыққа жеткізуде туындаған проблемаларды шешудің мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Бар мүмкіндіктерді қалай қолданамыз, қалай оң нәтижеге қол жеткіземіз, бұл ретте қандай кедергілер бар деген мәселелерді жергілікті жерлерде өздеріңізбен бірге талқыласақ дейміз», - деді министр. Бұл тиімді шешім қабылдауға көп көмек болмақ. Сауда және интеграция министрлігінің құрылғанына 1,5 жылдай уақыт болған. Сол уақыттан бері ведомство бірқатар жұмыстар атқарды. Мәселен, биылғы жылдың жазында «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Жақын арада «Техникалық реттеу туралы» Заң Сенаттың қарауынан өтті. Министр өз сөзінде Алматы облысына осы заңнамаларды өңірлерде түсіндіру, кері байланыс орнатып, пікір алмасу ниетімен келгенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, кәсіпкерлер ең алдымен осы жұмыстардың барлығының түпкі негізінде бәсекеге қабілеттілікті дамыту жатқанын түсінуі керек. Техникалық реттеудегі реформалаудың басты мақсат та сол. Техникалық реттеу – барлық экономикалық процестердің негізі. Бақылау жүйесі – тұқыртушы емес, нарыққа сапасыз тауар шығаруға жол бермеудің басты тетігі болуы тиіс. Сол сияқты тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін де жетілдіру қолға алынуда. «Тұтынушылар тарапынан сын көп болса, жоғары талап қойылса, бұл тауар сапасын жақсартуға зор ықпал етеді. Сондықтан тұтынушылардың сауаттылығын арттыру да маңызды», - деп атап өтті министр.   

Мұнан соң кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері министр Б. Сұлтановқа өзекті мәселелерді және оларды шешу жөніндегі өз бастамаларын айтты.

Мысалы, темір бетон бұйымдары мен конструкцияларды дайындау және тауарлық бетон өндіру жөніндегі "Сарша" ЖШС сынақ зертханасының өкілі жеткізілетін цементтің сапасы туралы тақырыпты қозғады. «Біраз жылдан бері біз әкелінетін цементтің сапасы мәселесін көтердік, - деді министрге компания өкілі. – Техникалық реттеу және метрология комитетімен бірлесіп, біздің «QazCem» цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы цементтердің сәйкестігін растаудың ұлттық стандартын әзірлеу арқылы шешім қабылдау үшін ұзақ уақыт жұмыс істеді. Биыл ҚР СТ енгізудің арқасында сертификатталмаған өнім көлемі 95%-ға дейін төмендеді, ал импорт көлемі шамамен 3 есеге төмендеді». «QazCem» Цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы, «Сарша» компаниясы атынан министрден цемент нарығына назар аударуды және «Техникалық реттеу туралы» жаңа Заңды іске асыру шеңберінде жалғандықты анықтауды сұрады.

«Техникалық реттеу құралдарын тиімді пайдалану, атап айтқанда, жекелеген тауарларды міндетті сертификаттауды енгізу - Сауда және интеграция министрлігінің басымдық беретін мәселесі. Біз ОТӨ-ні қолдаймыз және контрафактілік цемент айналымын тоқтату міндеті қойылады», - деп хабарлады Бақыт Сұлтанов. Министр цемент нарығын мемлекеттік бақылауды күшейтуге уәде берді.

Республикалық ветеринариялық зертхананың Талдықорған филиалы (сынақ зертханасы) Қазақстанда ветеринарияда қолданылатын бірқатар әдістемелер стандарттарының болмауы мәселесін көтерді. Министр «Қазстандарт» РМК-ға қысқа мерзімде аталған әдістемелерді стандарттау бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Техникалық реттеуге байланысты тағы бір мәселені «Қайнар-АКБ» ЖШС аккумуляторлық батареяларды отандық өндірушінің өкілі көтерді. Кәсіпорында өз сынақ зертханасы бар, ондағы жұмыс барасында өзгерту құралдары пайдаланылады. «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамаға сәйкес өлшем құралдары міндетті түрде тексеруге немесе калибрлеуге жатады. Біздің зертхана ИСО 17025 халықаралық стандартына сәйкес калибрлеуді жүргізеді. Бірақ техникалық реттеу комитетінің департаменті әлі де тексеруді талап етеді. Калибрлеу - өлшеулердің бақылануы мен сенімділігін қамтамасыз ететін дәлірек процедура. Біз сізден, Бақыт Тұрлыханұлы, калибрлеу туралы сертификаты бар аккредиттелген зертханалар үшін тексеруді алып тастауды сұраймыз», - деді компания өкілі министрге.

«Шынында да, калибрлеу – бұл халықаралық танылған рәсім. Калибрлеу кезінде тексеру талабы бизнеске шамадан тыс жүктеме болатыны рас. Біздің міндетіміз – бизнестің заң аясында жайлы жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сондықтан мен Техникалық реттеу комитетіне осы мәселені пысықтауды және аккредиттелген зертханалардан салыстырып тексеру туралы сертификатты талап етпеуді тапсырамын».

Сауда және интеграция министрінің тұрғындармен кездесуінде көтерілген тағы бір тақырып – тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Осы салада жаңартылған Заңның қабылдануына байланысты қоғамдық бақылаудың және тұтынушылардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес сектордың рөлі едәуір күшейді.

«Ғасыр сапасы» тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі» қоғамдық бірлестігі Министр алдында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін қаржыландыру тақырыбын көтерді. «Соңғы жылдары көптеген OOP қаржыландырудың жоқтығынан жабылды, ал біз өз өңірімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды білетін мамандарды жоғалтпауымыз керек. Осы салаға мемлекеттік гранттар берілгенде, конкурстар өткізіледі және оларды басқа салалардағы ҮЕҰ жиі жеңіп алады. Соның салдарынан мемлекетке те, тұтынушыларға да сапасыз өнім ұсынылады. Кеше қалдықтарды басқаруға маманданған, ал бүгін тұтынушылардың құқықтарын қорғау конкурсында жеңіске жеткен ҮЕҰ-дан қандай пайда бар? Біз министрліктен ұйымдармен тікелей шарт жасасу арқылы OOP-ді бір көзден қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз».

«Өкінішке қарай мұндай мәселе бар. Гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды алу үшін конкурстық рәсімдерден өту керек. Бұл - заңмен белгіленген талап. Аталған тетік ҮЕҰ үшін тең мүмкіндіктер беруге бағытталған. Бірақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл ерекше сала, мұнда өзге тәсілдер қажет», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Ол биылғы жылдың қараша айында өткізілген IX Азаматтық форум аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бөлу тетіктерін қайта қарау арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау үкіметтік емес ұйымдарын тікелей қаржыландыру мәселесін пысықтау бойынша ұсынымдар берілгенін айтты.

Бақыт Сұлтанов Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Қайнар-АКБ» ЖШС аккумулятор зауытына және өңірдің ең ірі сауда желісі – «Магнум» супермаркетіне барды.

«Қайнар-АКБ» ЖШС батареялар және аккумуляторлар өндірумен айналысады. Кәсіпорынның өнімдері – аккумуляторлар мен аккумуляторлық батареялар ішкі нарықта сатылады, сонымен қатар Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан және Италияға экспортталады.

2020 жылдың 11 айында Экспорт 1407 мың дананы құрады.

«Маgnym Cash & Carry» - Қазақстанның ірі сауда-бөлшек сауда желісі. Талдықорған қаласында 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Желінің барлық тауарларының 50%-ке жуығы Қазақстанда өндірілген. Супермаркеттің жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды.